Поляк футболшысы «Қайратқа» келді
АЛМАТЫ. 20 қаңтар. Польша құрамасының жартылай қорғаушысы Яцек Гуральски Алматының «Қайрат» командасының сапына келді. Бұл туралы Vesti.kz хабарлады.
Хавбек клубпен үш жылдық келісімшартқа отырды. Осыдан кейін ол әлеуметтік желіде команда жанкүйерлеріне арнап мәтін жазды.
«Мен «Қайрат» жанкүйерлеріне сәлем жолдаймын. Сіздердің клубтың бір бөлшегі болғаныма қуанамын. Алда мен команда сапында өтетін қызықты ойындар күтіп тұр. Өзіміздің көптеген жеңістерге жететінімізге сенемін. Алаңда жүздесейік!», – депті ол.
Яцек Гуральски бұдан бұрын Болгарияның «Лудогорец» командасында ойнап, екі рет чемпион атанған. Хавбек өз елі құрамасы сапында алғаш рет 2016 жылғы қараша айында алаңға шықты. Ол осы кезге дейін ұлттық командада 13 ойынға қатысып, 1 гол соққан. Ал 2018 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатында екі ойын ойнады.
Айта кетейік, Гуральски «Қайрат» маусым аралық үзіліс кезеңінде өз сапына қабылдаған екінші шетелдік футболшы болып отыр. Бұған дейін команда Армения құрамасының жартылай қорғаушысы Камо Оганесянмен де шартқа отырған болатын. Ол соңғы екі маусымда «Жетісуда» өнер көрсеткен.
Алматылықтар қазіргі күндері Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жүр.