Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

Полицей қызмет бабында қаза тапты

ҚОСТАНАЙ. 20 қаңтар. Биылғы 19 қаңтар күні Қостанай облысындағы Тобыл қаласында отбасында бүлік шығарған мас ер кісіні ауыздықтау барысында полиция қызметкері алдыңғысының қолынан қаза тапты. Бұл туралы «Костанайские новости» хабарлады.

Қаңтардың 19-ы күні Тобыл қаласындағы 102 қашықтан басқару пультіне Комсомольская көшесінің бойындағы үйде отбасылық жанжал болып жатқаны туралы хабарлама келіп түседі. Патрульдік полиция бригадасы 6 минут ішінде оқиға орнына шұғыл жетеді.

Полиция сержанттары Дархан Базарбаев пен Амангелді Сыздықов құрамындағы патруль шағым берушілерден Тобыл қаласының бұрын сотты болған 28 жастағы тұрғынының бір отбасын түгіл қырып тастамақ болып қорқытып жатқанын біледі. Пышақ алып жүгіріп келе жатқан оның ниетінің бұзық екенін білген туыстары есікті ішінен жауып алады. Сол уақытта полиция шақырады.

Бүлікшіл бұзақыны ұстау кезінде Дархан Базарбаев пышақ жарақатын алып қалады. Сол жерде өлімші болып жараланған полиция қызметкері күдіктіні залалсыздандырып, отбасын қауіптен құтқарып үлгереді.

Полицей өзінің жарақат алып қалғанын соңынан біледі. Артынша шақыртылған «Жедел жәрдем» тек оның өліп кеткенін айғақтап береді. Өткен жылы наурыз айында ғана үйленген 24 жастағы Дархан Базарбаевтың артында жұбайы Мөлдір мен төрт айлық Айсұлтан атты ұлы қалды.

Қазіргі таңда күдікті қамауда жатыр. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі «Қызмет бабындағы адамды өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Қостанай облыстық полициясы департаментінің қызметкерлері бүгін баспасөз мәслихатын өткізді. Оған Тобыл қаласының тұрғыны Алексей Золотаренко да қатысты. Кеше түнде полиция жасағын шақыртқан сол болып шықты. Айтуынша, полицейді пышақ ұрып өлтірген оның әйелінің бауыры Михаил екен.

Золотаренко өз сөзінде өз отбасы мен әйелінің бауыры көрші тұратынын айтты. Сол күні түнде екі еркек бір-бірімен жанжалдасып қалған. Сосын төбелеспекші болып көшеге шыққан. Сол шайқаста Алексей бір қолын сындырып алған. Михаил қатты қызу болған. Сол кезде мас еркек үйінен пышақ алып келіп, бәрін қырып салмақшы болып кеткен. Ол кетісімен Алексей әйелі екеуі кішкентай балаларына залал келетінін ойлап, үйді ішінен бекітіп алған.

«Біз полицейдің отбасына қайғырып көңіл айтамыз», – деді сосын Золотаренко.

Жергілікті полиция қызметінің бастығы Құрмет Мәжікенов оқиға орнына сержант Дархан Базарбаев пен кіші сержант Амангелді Сыздықовтың барғанын жеткізді. Олар қатер қыспағындағы отбасына қауіпсіз қашықтыққа кетуді өтінген. Содан кейін Дархан бірінші болып тамбурға кірген. Ал есік ашылған бойда полицей пышақ соққысына тап келген. Дархан мұны басында біле қоймаған. Ол қолындағы дөңбекпен пышақты қағып жіберіп, бұзақыға ұмтылған. Сол кезде Амангелді бүлікшілдің бетіне аэрозоль бүркіп жібереді. Осыны пайдаланған жігіттер бұзақыны ұстайды. Базарбаев сол кезде барып, өзінің жараланып қалғанын аңғарып, дәрігер шақыруды өтінеді де, құлап түседі. Сыздықов оны көшеге алып шығып, «жедел жәрдем» шақырады. Бес минуттан кейін келген дәрігерлер сержанттың өліп кеткенін мәлімдейді.

Негізінде Базарбаевтың да, Сыздықовтың да машинада бронды жилеттері болған екен. Бірақ олар оны кие қоймапты. Ал шабуылдың тұтқиылдан болғаны сондай, бұзақыға қару қолданып үлгере алмаған.

Ертең облыстың Әулиекөл ауданындағы Лаврентьевка ауылында Дархан Базарбаевтың жаназасы болады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін марқұм Дархан Серікұлы Базарбаевты III дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button