Арыстанбек Мұхамедиұлының ісінде тағы бір эпизод пайда болды
АСТАНА. 16 шілде. Бұрынғы Мәдениет және спорт министрі, соңғы кезде Ұлттық музейдің директоры болған Арыстанбек Мұхамедиұлының ісіне үшінші эпизод қосылды. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.
Ендігі эпизод бұрынғы жоғары лауазымды шенеунікті 1,2 млрд теңгеге байланыстырып отыр.
«Астана қаласының жемқорлыққа қарсы қызметі 2017-2018 жылдары «Ақпараттық ресурстардағы нысандарды танымал етуге арналған жалпыұлттық тізімге енгізілген 3D-модельдері нысандарын жасау» жобасын жүзеге асыру кезінде айрықша ірі көлемде бюджет қаржысын талан-таражға салу фактілері бойынша Ұлттық музей басшылығы мен басқа да тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тексеру жұмыстарын жүргізді. Ұлттық музей аталған жобаның шеңберіндегі жұмыстарды орындағаны үшін мердігерлік ұйымға Т1,3 млрд ақша төлеген. Әйткенмен, кейін жүргізілген сараптамалық зерттеулер бұл жұмыстың шын мәніндегі құны Т83,4 млн-ды құрайтынын анықтаған. Осылайша, жұмыстың құны еш негізсіз Т1,2 млрд-қа бағаланып, мемлекетке айрықша ірі көлемде залал келтірілген», – делінген сенбі күні таратылған хабарламада.
Еске сала кетейік, биылғы 16 мамырда Мұхамедиұлының үйі мен Ұлттық музейде тінту жүргізілген болатын. Кейінірек экс-министрдің өзіне өзі қол жұмсамақ болғаны жайлы хабар тарады. Алайда, оның өкілдері бұл оқиғаны жоққа шығарды, ал Мұхамедиұлының өзі әлеуметтік желідегі парақшасы бетінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялап, онда жемқорлыққа қарсы тексерістің басталуы өзінің белгілі актер Тұңғышбай Жаманқұловпен арадағы келіспеушілікпен байланысты екенін атап өтті. Кейіндеу Жаманқұловтың өзі Мұхамедтұлының үстінен арыз жазғанын растап берді. Сол күні жемқорлыққа қарсы күрес қызметі ұлттық музей лаузазымды тұлғаларының Т146 млн-ды талан-таражға салғандарын жария етті.
Осыдан соң бірден Арыстанбек Мұхамедиұлы Астанада уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.
Шілденің 1-і күні экс-министр ісінде екінші эпизод пайда болды, ол бойынша мемлекетке тағы Т2,218 млрд зиян келтірілгені айғақталды. Мұнда іске Алматы қаласындағы «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорттық шеберлік мектебі» РМКК ведомстволық ғимаратын мемлекет мүддесін ауыр залалдарға ұшырататын заңды тұлғаларға төменгі бағаға сату фактісі тартылды.