«Атышулы» Арыстанбек тағы бір заңсыз алған мүлкінен қағылды
АЛМАТЫ. 19 шілде. Алматы қаласы Жетісу ауданы прокуратурасының талап-арызы бойынша экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлынан құны 1,2 млрд теңге тұратын мүкәмал мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы Dalanews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бұрынғы Мәдениет министрінің сол лауазым тізгінін ұстап отырған кезінде заңсыз егеленіп кеткен дүниелерінің біразы осы кезге дейін кері қайтарылып үлгерді.
17 шілдеде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебін сату жөніндегі мәмілені жарамсыз деп тану туралы шешімі заңды күшіне енді.
Cотта нысанның нарықтық құнын 551 млн теңгеге төмендету көрініс тапқан заң бұзушылықтар расталды.
«Қолынан келіп тұрғанда қонышынан басқан» Арыстанбек Мұхамедиұлы (әу бастағы тегі – Әлиев) өзінің ведомоствосына қарасты әкімшілік ғимараттардың, спорт залдарының және басқа да құрылыстардың 7,6 мың шаршы метрін жекешелендіріп алған, сондай-ақ 4,9 га жерді құрайтын мектептің мүлкіне қол салған, аффилиирленген тұлғаларға тиесілі «Nomad’s Land» ЖШС-ына иелік еткен.