Білім және ғылым министрлігі екі жаңа министрлік болып құрылды
АСТАНА. 11 маусым. Білім және ғылым министрлігі екіге бөлініп, олар Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі болып құрылды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған байланысты Жарлыққа қол қойды.
Жарлықта мұның «мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және тиімділігін арттыру мақсатында» жасалып отырғаны атап көрсетіледі.
Қаулыға сәйкес, Оқу-ағарту министрлігіне бұған дейінгі Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, қосымша білім беру, балалардың құқықтарын қорғау, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді цифрландыру саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріледі.
Білім және ғылым министрлігіне бұрынғы Білім және ғылым министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру, тіл саясаты, ғылым, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мен ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді цифрландыру саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріледі.
Осылармен бірге министрлерді тағайындау да болды.
Мемлекет басшысының Жарлықтарына сәйкес, Асхат Қанатұлы Аймағамбетов Оқу-ағарту министрі, Саясат Нұрбек Ғылым және жоғары білім министрі болып тағайындалды.