Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев өз қызын өзіне көмекші етіп қойды
ТАШКЕНТ. 26 тамыз. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев өзінің үлкен қызы Саиданы өзіне көмекші етіп тағайындады. Бұл туралы «Газета.uz» дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев өзінің әкімшілігіндегі жаңа тағайындаулар туралы жарлыққа қол қойды», – деп баяндады жұма күні мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Шерзод Асадов.
Әкімшілік құрамындағы жаңартулар барысында өзбек лидерінің тұңғыш қызы Саида Шавкатқызы Мирзиёева президенттің көмекшісі болып күрсі ауыстырды. Ол өткен жылғы қарашадан күні бүгінге дейін президент атқару аппараты коммуникация және ақпарат саясаты секторының меңгерушісі болып келген еді. Бұл сектор қоғамдық пікір мен ақпарат саясатын зерттеуге жауап беретін әкімшілік басшысының орынбасары Комил Алламжоновтың жүйесі құрылымына қарады.
Саида Мирзиёева 1984 жылы 4 қарашада Қоқанд қаласында туған. Ол – Әлем экономикасы және дипломатиясы университетінің түлегі, Ташкент мемлекеттік заң университетінің және М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің (МГУ) магистрі, экономика ғылымдарының кандидаты. 2019-2020 жылдары президент әкімшілігі жанындағы ақпарат және бұқаралық коммуникация агенттігі директорының орынбасары (агенттікті Комил Алламжонов басқарды), сосын ұлттық масс-медианы қолдау және дамыту қоры қамқоршылық кеңесі райысының орынбасары (кеңес басшысы тағы да Комил Алламжонов болды) қызметтерін атқарды.
Саида күйеуі Ойбек Турсунов екеуі үш бала тәрбиелеп өсіріп отыр.
Мирзиёева Өзбекстандағы ең танымал зайырлы тұлғалар қатарында аталады. Ол туралы бұқаралық ақпарат құралдары жиі жазып тұрады.
Осы күні әкімшілік құрамын жаңалаған президент жарлығымен сондай-ақ Комил Исмоилұлы Алламжонов – ақпарат саясаты басқармасының басшысы, бұрынғы энергертика министрі Алишер Сайдаббасұлы Султанов президенттің энергетикалық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі болып тағайындалды.
Бұлардан бөлек Азиз Юлдашұлы Магрупов – президент көмекшісі, Равшан Аюбұлы Гулямов – президенттің экономикалық даму мәселелері бойынша кеңесшісі, Шухрат Мадаминұлы Ганиев – президенттің аграрлық даму мәселелері бойынша кеңесшісі, Музаффар Муротұлы Камилов – президенттің дін және ұлт аралық қатынастар жөніндегі кеңесшісі, Дониёр Бахтиёрұлы Қадиров президенттің құқық қорғау және бақылау органдары іс-қимылын үйлестіру мәселелері жөніндегі кеңесшісі болып тағайындалды.