Бұрынғы Премьер-министр Әлихан Смайылов жаңа қызметтің тізгінін ұстады
АСТАНА. 1 сәуір. Бұрынғы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының Жарлығымен жаңа қызметке тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Әлихан Асханұлы Смайылов Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы лауазымына тағайындалды», – делінген хабарламада.
Осыған орай бұл қызметті бұрыннан атқарып келе жатқан Наталья Годунова орнынан кетті. Ол 2018 жылдың 20 ақпанынан 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы болды. Содан кейін атауы «Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы» болып өзгерген осы мемлекеттік мекемені 2024 жылдың 1 сәуіріне дейін басқарып келді.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Наталья Николаевна Годунова Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы лауазымынан босатылды», – делінген келесі хабарламада.
Тағы бір айта кетерлік нәрсе, Наталья Годунова ханым белгілі шенеунік Қырымбек Көшербаев қайда жоғары лауазымды қызмет атқарып жүрсе, сонда оның шылауына еріп жүріп келгенімен ерекшеленеді. Ол тап сондай миссиямен Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Қазақстанның Мәскеу қаласында орналасқан РФ-дағы елшілігінде бірге қызметте болды.