АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Марат Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімі болып тағайындалды

АСТАНА. 11 маусым. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Мемлекет басшысы өз өкімімен алдымен Алматы облысының осы кезге дейін әкімі болып келген Қанат Алдабергенұлы Бозымбаевты басқа қызметке ауысуына байланысты орнынан босатты.

Президент Алматы облысының жаңа әкімін тағайындау туралы Жарлыққа қол қоймас бұрын жергілікті мәслихаттар депутаттары осы лауазымға ұсынылған екі мүдуарға дауыс берді. Нәтижесінде Марат Сұлтанғазиев – 129, Батыржан Байжұманов 59 дауыс алды.

Жаңа тағайындауға дейін Марат Сұлтанғазиев Қаржы министрінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарды.

Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев 1976 жылы Алматы облысында туған.

Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік заң академиясын, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін бітірген. Мамандығы бойынша – экономист-қаржыгер, заңгер, іскерлік әкімшілендіру магистрі.

Еңбек жолын 1997 жылы салық бөлімінің заңды тұлғаларды тексеру бөлімінің бірінші санатты маманы болып бастаған.

1998-2001 жылдары – Алматы қаласы бойынша салық комитетінің салық инспекторы, аға салық инспекторы, жетекші салық инспекторы, бас маман – бас салық инспекторының міндетін атқарушы.

2001-2010 жылдары – Алматы қаласы бойынша салық департаменті басшысының орынбасары.

2010-2012 жылдары Қаржы министрлігінде басшылық қызметтерді атқарған.

2012-2014 жылдары – ҚР Президенті Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің сектор меңгерушісі.

2014-2017 жылдары – Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы.

2017 жылғы маусымнан 2018 жылғы қазанға дейін ҚР Президенті әкімшілігінің әлеуметтік–экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды.

2018 жылғы қазаннан бастап қазірге дейін Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді.

2021 жылғы 12 мамырда Қазақстан Республикасының қаржы вице-министрі лауазымына тағайындалды.

2022 жылғы 15 қаңтардан бері ҚР Қаржы министрінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарды.

Бұрынғы Алматы облысы екіге бөлініп, оның бірі Алматы облысы, екіншісі Жетісу (ертеректегі атауы – Талдықорған) болып аталды.

Алматы облысының орталығы болып Қонаев (Қапшағай) қаласы белгіленді. Облыс құрамына Балқаш (орталығы – Бақанас кенті), Еңбекші қазақ (орталығы – Есік қаласы), Жамбыл (орталығы – Ұзынағаш кенті), Іле (орталығы – Өтеген батыр кенті), Қарасай (орталығы – Қаскелең қаласы), Кеген (орталығы – Кеген кенті), Райымбек (орталығы – Нарынқол кенті), Талғар (орталығы – Талғар қаласы), Ұйғыр (орталығы – Шонжы кенті) аудандары, Қонаев қаласы кірді.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button