Ербол Мырзабосынов Туризм және спорт министрі болып тағайындалды
АСТАНА. 2 қыркүйек. Мемлекет басшысының Жарлығымен Ербол Мырзабосынов Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі болып тағайындалды. Бұл туралы Kazinform.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ербол Қуантайұлы Мырзабосынов 1984 жылы 30 тамызда Семей қаласында туған.
Семей мемлекеттік педагогикалық институтын, Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін, Қазақ спорт және туризм академиясын бітірген.
Еңбек жолын 2005 жылы Семей мемлекеттік педагогика институты дене шынықтыру және спорт теориясы мен әдістемесі кафедрасының ассистенті, жаттықтырушы-оқытушысы болып бастады.
2009-2014 жылдары – Семей қаласындағы мемлекеттік педагогикалық институт дене тәрбиесі кафедрасының оқытушысы, меңгерушісі.
2006-2018 жылдары – Шығыс Қазақстан облыстық бұқаралық спорттағы жоғары спорт шеберлігі мектебі жаттықтырушы-оқытушысы.
2018-2020 жылдары «Қызылжар арландары» спорт клубының директоры болып жұмыс істеді.
2020-2021 жылдары – «Qazaq kuresi» қауымдастығының басқарушы директоры.
2021-2023 жылдары Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының ректоры болды.
2023 жылы ақпанда Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы болып тағайындалды.
Отбасылы. Жұбайы – Айжан Мырзабосынова. Бір ұл (Әлихан, 2009), бір қыз (Әмина, 2011) өсіріп отыр.
Еске сала кетейік, 2023 жылғы 2 қыркүйектен бері Туризм және спорт министрі болып қызмет атқарып келген Ермек Боранбайұлы Маржықпаев 31 тамыз күні орнынан босатылған еді.