Украинада «атышулы» бурят-мергеннің жаны жаһаннамға жіберілді
КИЕВ. 6 маусым. Украинада «Вагнер» құрылымындағы буряттың «атышулы» жендет-мергені Владимир Андановтың көзі жойылды. Бұл туралы УНИАН хабарлады.
Ресейде құралайды көзден ататын мерген ретінде «аты аңызға айналған» әскери қызметкер украин жерінде оққа ұшырылды. Оккупант Владимир Анданов жер жағдайына барлау жасап жүрген кезінде «Кобзонның концертін» көруге шұғыл жөнелтілді. Алдын ала мәліметке сәйкес, рашисті украин мергені атып өлтірген.
Шақыру дабылы «Ваха» болған Андановтың ажал құшқаны жайлы Бурятиядағы жергілікті Telegram-каналдар мен пабликтер де жазып жатыр.
«Ваханың» аты-жөні жұртшылыққа 2014 жылдан бері белгілі. Басқыншы сол жылы Донбасс жеріне ресейлік ерікті ретінде ақшаға жалданып барып, Дебальцево үшін болған шайқасқа қатысқан. Оның қолға түскен тұтқын украин әскерилерін Логвинода атып тастау оқиғасына да қатысы бар. Осыдан кейін оккупанттың аты-жөні рашистердің барлық қылмыстары тізіп жазылатын «Миротворец» мәліметттер базасына енгізілген.
Анданов Донбаста бейбіт тұрғындарды аямай атты, содан соң Сирияға кетті. Жендет сол жақтан «Вагнер» жекеменшік әскери компаниясының жалдамалы содыры болып қайтты. Ал РФ Украина аумағына кең ауқыммен басып кіргеннен кейін тағы да қандықол диктатор үшін бейбіт жұртты қырмақ болып сол жаққа аттанды.
Ресей ақпарат құралдарының мәліметінше, «Ваханың» соңғы демі Харьковтің түбінде көкке ұшқан. «Атышулы» оккупанттың өлгенін Ресейдің «Боевое братство» ұйымы да растап отыр. Бөлімше бастығы жендеттің мүрдесі туған жеріне енді жеткізілетінін айтты.
Владимир Анданов Бурятияда 1978 жылы туған.