Жаңалықтар жаңғырығыОқиға

Шымкент полициясының бастығы қызметінен босатылды

ШЫМКЕНТ. 21 қаңтар. Шымкент қаласының полиция бастығы Нұрлан Алмасбеков студент Нұрай Серікбайдың кісі қолынан қаза табуына қатысты қызметінен кетті. Бұл туралы Malim.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеше Қызылордада өткен Құрылтайда сөйлеген сөзінде бұл өлім фактісіне айрықша назар аударғаны да әсер етті.

«Шымкентте Нұрай есімді бойжеткеннің кісі қолынан қаза болуы бүкіл елді дүрліктірді, – деді Президент. – Ұлттық құрылтайға осы оқиға бойынша 130-дан астам өтініш келіп түсті. Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей, қоқан-лоқы көрсеткені анықталып отыр. Ақыры, мұның арты адам өліміне әкеп соқтырды. Осыған байланысты Ішкі істер министріне Шымкент қалалық департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор да бұл мәселені мұқият тексереді. Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз, бұл – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс. Ондай қатігездікке ешқашан жол беруге болмайды».

Осыдан кейін Шымкент қаласының полиция бастығы Нұрлан Алмасбеков қызметінен алынды. Себебі, қыздың тарапынан бірнеше рет шағым болғанына қарамастан, ішкі істер департаменті қайғылы жағдайдың алдын алу мақсатында ешқандай тірлік істемеген.

Еске сала кетейік, 11 қаңтар күні Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбай пышақ жарақатынан көз жұмды. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада қыздың қашуға тырысқаны, кейін қарсылық көрсеткені, ал жас жігіттің оны ұрып-соғып, пышақпен соққы жасағаны көрінеді. Одан кейін ол оқиға орнынан бой тасалаған.

Полицейлер 13 қаңтарда қала сыртында, шамамен 10 шақырым қашықтықта ұстады. Ол қызға сөз айтып, тілегіне жете алмай жүрген Шерхан Аймахан атты 28 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Бойжеткен көнбегеннен кейін осындай зұлымдыққа барған сияқты.

Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button