Экс-министр А.Мұхамедиұлы Т146 млн ұрлады деген күдік бар
АСТАНА. 16 мамыр. Бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына 146 млн теңгені қолды етті деген айып тағылып жатыр. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.
Қазір Қазақстан ұлттық музейінің директоры болып қызмет атқаратын оның үйіне осыған байланысты тінту жүргізілуде.
Астана қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі Арыстанбек Мұхамедиұлына (бұрынғы фамилиясы – Әлиев) «Алтын адамның» әлем музейлері бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізу жөніндегі мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт шеңберінде бюджеттің 146 млн теңге қаржысын қымқырды деген күдік келтіріп отыр. Келісімшарттың жалпы сомасы 1,2 млрд теңгені құраған.
Ведомство дүйсенбі күні хабарлағандай, «қазіргі күндері соттың санкциясымен күдіктінің үйінде тінту жүруде, сондай-ақ куәгерлерден жауап алу мен басқа да тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
Еске сала кетейік, 16 мамыр күні Мұхамедиұлының үйі мен Ұлттық музейде тінту жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Кейінінек экс-министрдің суицид жасамақ болғаны жайында қауесет тарап кетті. Алайда, оның өкілдері мұндай ақпаратты жоққа шығарды. Ал Арыстанбек Мұхамедиұлының әлеуметтік желідегі өз парақшасында оның Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жазған үндеуі пайда болды. Онда экс-министр өзімен дүрдараз болып жүрген белгілі театр қайраткері Тұңғышбай Жаманқұловтың ықпалымен өзінің антикоррупциялық тексеріске түсіп жатқанын сөз етеді. Кейінірек Тұңғышбай Жаманқұловтың өзі Мұхамедтұлының үстінен шағым жазғанын растады.
«Біздің қалай дүрдараз болып жүргенімізді білесіздер. Мұның жайын бүкіл Қазақстан біледі. Мені өз студент қыздарымды қорғағаным үшін қаралады. Ол (Мұхамедиұлы – ҚазТАГ) маған жала жауып, батпаққа батырды. Ол мұнысын қою талап етілген кезде де тоқтамады. Ол қасына жинап алған адамдарын кейін өзі сатып кетеді… Иә, мен оның үстінен арыз жаздым. Мұны жасырмаймын. Оған берілген адамдар маған тиісті құжаттарды әкеп берді. Нақты дәлелдер бар. Бұл құжаттар менде, оларды жинап алып, арыз бердім. Бұл құжаттарды маған оның мені қайтіп қорлағанын білетін адамдар әкеп берді. Алайда, олар мұны ашық айтуға қорқады», – деді Жаманқұлов дүйсенбі күні.
Белгілі актер бұрын бұл құжаттарды жария етудің мүмкін болмағанын атап өтті.
«Бұрын ол (Мұхамедиұлы – ҚазТАГ) жоғарыда отырған адамдардың айрықша қолдауында болды. Ол қол жетпестей еді. Сол уақытта мен не айтсам да, бәрі босқа кеткен болар еді. Біз бірнеше рет айтып та көрдік. Сотта менің кінәсіз екенімді дәлелдедік. Алайда, оны (Мұхамедиұлы – ҚазТАГ) қорғап отырған адамнан бәрі қорқатын еді. Сондықтан тергеу әділетсіз жүрді, сот әділетсіз шешім шығарды. Енді дүние өзгеріп жатыр», – деді актер.
Тағы еске салайық, 2017 жылы маусым айында сол кезде министр болып отырған Мұхамедиұлымен шәлкем-шалыс қатынасқа түсіп қалған Жаманқұлов 69 млн теңгеге жуық ақшаны талан-таражға салды деген айыппен шартты түрде 3,5 жылға сотталған болатын. Тергеу барысы анықтағанындай, «Қазақфильм» киностудиясы «Феникс» фильмін алдын ала дайындау және дайындау кезеңдері үшін «Т.К.Turan Universal Business» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 79 млн теңге ақша аударады. Айыптау версиясы бойынша, сол қаржының 69 миллионын Жаманқұлов қолды етіпті-міс. Бірақ, Мұхамедиұлының мәлімдеуінше,белгілі өнер шебері бұған қатысты айыптаулардың бірде-бірін мойындаған емес.