Ислам әлемінің инабатты істері
«Үш халифтің ұрпағы» атты кітап жарыққа шықты
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, «Дидарғайып» журналының баспаға дайындауымен Алматыдағы «Атамұра» корпорациясының полиграфиялық комбинатынан белгілі қоғам қайраткері Ибрагим Әбибуллаев пен журналист Серік Пірназардың «Үш халифтің ұрпағы» атты кітабы жарыққа шыққан еді. Фолиантта ислам дінінің бастау алар тұсы мен оның жер бетінде берік орнығуына зор еңбек сіңірген Мұхаммед ғалай-с-салам Пайғамбар мен оның ең жақын жақтас серіктестері болған алғашқы тура жолды төрт халиф қатарындағы Әбу Бәкір Сыддық, Омар ибн-Хаттаб, Осман ибн Аффан, Әли ибн Әбу Тәліб туралы және бұлардың үшеуінен өніп, қазақ жерінде ислам дінінің кең тарауына үлес қосқан тікелей ұрпақтары – Шәмші Бүзірік, Қырық Садақ, Шаһ Бүзірік тайпаларының жұрағаттары жайлы әңгімеленеді.
Біз бүгін Серік Пірназардың осы кітаптың кіріспесі орнында берілген мақаласын оқырман назарына ұсынамыз.
Кіріспе орнына
1984 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен Олимпиялық ойындардың дзюдо турнирінің финалына абсолютті салмақта жапон Яхусиро Ямасита мен египеттік Мохаммед Али Равшан шықты. Соның алдында ГФР-лік Артур Шнабельмен тайталаста қатты жарақат алып қалған Күншығыс елінің атлеті іс жүзінде оң аяғын еркін қозғалта алмайтын еді. Егер мысырлық атлет шайқас кезінде оның осы сіңірі созылып кеткен аяғынан үздіксіз тепкілей берсе, жеңіске жететініне күмән жоқ-тын. Мұны білген жаттықтырушысы да белдесу кезінде Равшанға бәсекелесінің жаралы аяғы жағына шабуылдай беруді қайта-қайта айқайлап тапсырумен болды. Бірақ Мохаммед осы жерде бірінші рет ұстазының айтқанын орындамай қойды, керісінше айқас біткенге шейін визавиінің ауыратын осал, жанды жеріне тиіп кетпеуге тырысып бақты. Қорытындыда бір ұпайды артық алған қарсыласы жеңіске жетті. Осылайша уысына өзі келіп тұрған алтын медальдан, төрт жылда бір рет қана айналып келетін Олимпиялық ойындардың чемпионы атану құрметінен саналы түрде қағылды…
Белдесуден кейін іле-шала жүргізілген баспасөз мәслихатында журналистердің қалың тобының Мохаммед Али Равшанға қойған жалғыз сұрағы осы оқиғаның төңірегінен өрбіді. Олардың бәрі бір кісідей мұның неге әлгіндей мейірбан шешімге барғанын білмекке құштарлық танытты. «Менің дінім жаралыларды ұрып-соғуға, әсіресе, оның жанды жеріне қатты тиюге тыйым салады, – деді мысырлық спортшы сонда. – Егер мен онсыз да берекесі кетіп тұрған қарсыласыма қосымша күш жүктеп, жаралы аяғынан тепкілей беретін болсам, оның мүгедек болып қалуы әбден кәдік еді. Бірақ мен тіпті жалғыз мәрте мүмкіндігі келіп тұрған алтын медаль алу үшін де бәсекелесіме мұндай лас әрекет жасай алмайды екенмін. Онда асыл дініміздің қағидаттарын сатқан болып шығамын. Мұсылманның адал антынан айнып кеткен боламын. Сондықтан мен бұдан бас тарттым».
Бұл жауапты зал толы жиналған журналистер жұртшылығы орындарынан тік тұрып, ұзақ қол шапалақтап қарсы алды. Себебі, мұндай тектілікке жарасатын ізгілікті ниетке тек мұсылман баласы ғана бара алатын еді. Спортшының осы әрекетінің өзі ислам дінінің ізгіліктің ұстынды негізі, қайнар көзі, жетекші желісі екенін айдай әлемге тағы бір мәрте көрнекі кейіпте көрсетіп берді.
Бұдан кейін Египет атлетінің тектілікке телінген теңдессіз тірлігіне тәнті тұрған Халықаралық Олимпиялық комитет жылдың соңында оны ешбір талас-тартыссыз, бәсеке белесінсіз «Жыл спортшысы» деп жариялады, осыған лайықты арнайы сыйлығын табыс етті. Мұның соңынан Жапония үкіметі шақырту жіберді. Сол ықылас ынтасымен Окинава еліне барып қайтқан дзюдошыға корольдік қабылдау жасалды. Ең бастысы, Мохаммедтің Олимпиада татамиі үстінде көрсеткен бұл елеулі ерлігін естігеннен кейін күллі әлемде ол ұстанған асыл діннің бәсі мен беделі күрт өсіп шыға келді. Соның нәтижесінде Жер шарын мекен ететін алуан тілді, алуан нәсілді, алуан конфессиялы халықтар арасынан мыңдаған адам кезекке тұрып, ислам дініне қабылдап жатты.
Айтқандай, осы Олимпиададан кейін аса ауыр ашық салмақ дәрежесі барлық турнирлер бағдарламасынан алынып тасталды. Мұның өзі бұдан кейін саңлақ спортшы күш сынасқан салмақтың үздігі атағын бұдан былай ешкім жеңіп алмасын деген ниеттен де туған шығар. Ал жат жұрттардың жиылысқан ортасында осылайша ислам дінінің жасыл туын желбіретіп жіберген мысырлық спортшының аты мен атағы әлі күнге дейін ел аузында аңызға бергісіз әңгіме болып айтылып келеді.
* * *
Өмірінің соңғы жылдарында америкалық ESPN телекомпаниясына берген кезекті сұхбатында АҚШ-тың аты аңызға айналған боксшысы, 1960 жылғы Рүм Олимпиадасының чемпионы, кәсіпқойлар арасында әлемнің жеті дүркін абсолютті чемпионы Мұхаммед Әлиге журналист: «Өмірде өкінетін нәрсеңіз бар ма? Бар болса, ол не?» деген сауал қойды. Бұған ол іркілместен бірден: «Әрине, бар. Бар өкінішім мынау: мен исламға кештеу келдім. Егер өмірімді қайта бастаудың мүмкіндігі туса, мұсылмандықты он жасымнан қабылдаған болар едім», – деді.
Боксшының спортқа келу тарихы да қызық. Ол кезде аты-жөні Кассиус Клей болып аталатын 12 жасар баланың әке-шешесі жақында ғана сатып әперген су жаңа велосипедін көшеге қойған жерінен біреулер ұрлап кетеді. Бұған қатты ыза болған ол жақын маңдағы полиция учаскесіне келіп шағымданады. Сөзінің арасында ұрыны ұстап жатса, көкесін көзіне көрсететінін айтып қалады. Сол кезде сылыңғыр арық баланың сөзіне таңданған Джо Мартин есімді полицей: «Сен өзі төбелесе білесің бе?» деп сұрайды бұған көзінің астымен сынай қарап.
Сөйтсе, Джо жұмысынан тыс кездерде жақын маңдағы клубтардың бірінде бокс бапкері де болып істейді екен. Содан қағылез қара бала ертеңіне кешке секцияға жұтынып барып тұрады. Арада 4 жыл өткеннен кейін, 1958 жылдың бір күнінде бұған дейін талай жасөспірімдер турнирінде топ жарған жас былғары қолғап шебері даңқты жаттықтырушы Анжело Дандидің үйіндегі телефонына қоңырау шалып, оның өзімен сөйлеседі. «Мистер Данди, – дейді желінің арғы жағындағы балаң дауыс. – Менің аты-жөнім – Кассиус Клей. Боксшымын. Мен сіздің қол астыңызда жаттыққым келеді. Екі жылдан кейін Олимпиада чемпионы болатыныма ант беремін».
Бейтаныс бозбаланың мынадай өте батыл мәлімдемесіне не дерін білмеген ұстаз сасқанынан: «Солай ма?» деп күледі. «Иә, солай. Сосын кәсіпқойлар арасындағы ең мықты боксшы атанамын», – дейді жасөспірім үдемелетіп, тұтқа ұстап тұрған бокс корифейін одан бетер таңғалдырып. Сосын оған: «Жарайды, кел, көрейік» дегенді айтқаннан басқа ештеңе қалмайды.
Бірақ шынында да 1960 жылы «Мәңгі қала» – Рүмде өткен Олимпиялық ойындарда 81 килоға дейінгі салмақта сынға түскен 18 жасар Кассиус Клей қарсыластарының бәрін бет қаратпай жеңіп, талассыз чемпион атанады. Турнирдегі жекпе-жектерін 1/8 финалдан бастап, алдымен бельгиялық Ювон Бекаусты 2-раундта нокаутқа жіберсе, ширек финалда КСРО-ның 1956 жылғы Олимпиада чемпионы Геннадий Шатковты, жартылай финалда австралиялық Энтони Мадиганды, ал финалда поляк Збигнев Петришевскиді 5:0 деген бір есеппен айқын ұтып шығады.
Кейінірек жаттықтырушы Анжело Данди оның өзінің қарауына келгесін көп ұзамай таңғажайып жетістіктерге жете бастағанын атап өтті. Бірнеше халықаралық турнирде ұтқан ол келесі жылы 17 жасында АҚШ-тың чемпиондығына қол жеткізіп, ел құрама командасы сапына қабылданады. Сол жылы Ойындардың жолдамасын да жеңіп алады.
Алайда, Аппенин түбегінен Америкаға аптығып оралған жас жігіттің арыны еліне келгесін көп ұзамай бірден қайтып, қуанышы су сепкендей басылады. Бір жолы күндіз-түні мойнынан тастамай жүрген алтын медалімен туған қаласы – Луисвиллдегі ресторандардың біріне кіреді. Бірақ мұндағыларға сенің чемпион болғаныңның көк тиындық құны жоқ екен, даяшылар бірден қара нәсілділерге қызмет көрсетілмейтінін айтады. Бұл өзінің Олимпиада чемпионы екенін, елінің атын шығарғанын, кедей еместігін қалай айтса да, ана меңіреу топ селт етпейді. Ақырында мекеменің қожайыны келіп, боксшыны қуып шығады. Бұған жүдә қапа болған чемпион жанындағы Огайо өзеніне барып, ресторанда жай тамақ ішудің өзіне көмектесе алмаған Олимпиаданың алтын медалін суға лақтырып жібереді…
Міне, осы оқиғадан кейін-ақ Кассиус Клейдің апертеидпен бітіспес шайқасы басталып кетеді. Оның өзі бір сұхбатында: «Мен ешқашан тек жеңіс үшін ғана жұдырықтасқан емен. Менің бар мақсатым – үлкен жетістікке жетіп алып, сол арқылы адамдарға сөзімді тыңдату болды» деген екен. Ол енді Американы жан-жақты қырынан зерттей келіп, мұнда христиан дінін ұстанатын ақ нәсілділердің өздерімен рухтас қара нәсілділерге жирене қарайтынын байқап, олардың тіпті шіркеулеріне дейін бөліп алғандарына назар аударады. Содан кейін оны ислам әлемі мықтап ойландыра бастайды.
Кассиус Клей мұсылмандық туралы алғаш 1959 жылы «Ислам ұлты» қозғалысының лидері Элайдж Мұхаммедтің Чикаго халқы алдындағы сөзінен естіпті. Сол кездері бұл ұйым ақ нәсілділер арасында қара нәсілділердің құқығын қорғау, экономикалық және діни бостандыққа жету мәселелерін көтеретін еді. Ол арада жыл өткенде, Майамидегі жаттығуы кезінде ұйымның тағы бір басшысы Абдул Рахманмен танысып, мешітте уағыз тыңдайды. Чемпион мешітке кірген соң жүрегіне тыныштық ұялағанын, қара нәсілді болып туғаны еш кемшілік емес екенін түсінгенін кейін сан мәрте айтады. Бірақ мұсылмандыққа 1964 жылы кәсіпқойлар арасындағы әлем чемпиондығы үшін Сонни Листонмен өткізген шайқасынан кейін ғана келеді. Сол кезде, 22 жасында күрескер боксшы аты-жөнін «Мұхаммед Әли» деп біржола өзгертіп алады.
Рас, әдепкі кездері боксшының өзі де бұл жаңа ныспысына онша үйрене алмай жүреді. Айналасында жүрген адамдар да, журналистер де оны бұрынғысынша «Кассиус» деулерін қоя қоймайды. Сондайда теңсіздіктің теліміндей болған бұл есімнен өзінің табанды түрде бас тартқаны есіне түсіп, оларға: «Мен Мұхаммед Әлимін» деп айғайлаудан жалықпайды. Ақыры күллі әлем оны осы жаңа аты-жөнімен танитын болды. Бұған оның әділетсіздікпен күрес жолдары да әсер етсе керек. «Мен исламға әділет іздеп келдім, оны және осы діннен таптым» дегенді соңыра сан мәрте қайталап айтатын Мұхаммедтің мұсылмандықтағы ілкі соқпақтары тіреске толы болып өтті. Бұл тайталаста ол өзінің мұсылман бауырларынан кең қолдау тапты. Бокста да осы рух оны үнемі жеңістерге жетелеп отырды. Сондықтан да ол: «Егер мұсылман болмағанымда, қазіргі жетістігімнің ешқайсысына жетпеген болар едім. Онда есімімді де өзгертпес едім, әлемге жақсылық та, мейірім де таратпас едім. Мұсылман болмағанымда, ешкім де бола алмас едім. Мына әлем бұл өмірде Мұхаммед Әли деген адамның болғанын білмей өтер еді», – деді боксшы ғұмырының ақырғы жылдарында.
Мұхаммед Әлидің исламға келуін қаламаған қарсыластар да жетіп-артылды. Тіпті WBA-ның сол кездегі президенті Эд Лассман: «Клей бокс әлеміне қатты зардабын тигізіп, жасөспірімдерге жаман үлгі көрсетуде», – деп, оның сол кезге дейінгі атақ-дәрежелерін тартып алуға әрекет жасады. Бірақ чемпион алған бетінен қайтпады. Бұрын дүниеге «өзінің қандай мықты, ұлы, асқақ» екенін дәлелдеу мақсаты болса, ал кейінгі мүддесі «Алланың разылығын табуға» ұласты. «Өмірден өткеннен кейін менің кезінде қанша ақша тапқаным, қаншалықты білім алғаным маңызды болмайды. Ең маңызды нәрсе – құлшылық ету және жұртқа жақсылық жасау, өйткені, біз бұл өмірге сынақ үшін ғана жіберілгенбіз»,– деді ол.
Мұхаммед Әлидің жаулары 1967 жылы оны сындыру үшін Пентагон әскері қатарына алып, Вьетнамдағы соғысқа да жібермекші болды. Алайда, саңлақ сайыпқыран бұдан ешбір қыңған жоқ, өзінің бұл әділетсіз соғысқа барып, жазықсыз жандардың нақақ қанын төгуге қатыса алмайтынын бар даусымен ашық айтты. Сөйтіп, шақыруға бармай қойды. АҚШ Жоғарғы соты оны осы үшін жауапты деп тауып, чемпиондық атағын тартып алатын шешім шығарды. Мұнымен қоймай, алдағы 3,5 жыл бойы рингке шығуына тыйым салды, тіпті 5 жылға түрмеге отырғызуға әрекет етіп те бақты. Сонда жаһандағы миллиондаған мұсылмандар армиясының қолдауына сүйенген Мұхаммед алған жолынан жығылмады. Ақырында жеңіп шықты. Спорт сардары ретінде де, адам ретінде де мерейі асқақтай түсті.
Мұхаммед Әли қанша жерден чемпион болса да, тәкаппарлықтан бойын аулақ ұстады. Сондықтан ол жас кезінде білместікпен ренжітіп қойған қарсыластарынан кейін халық алдында кешірім сұрауды ар көрмеді. «Жекпе-жегіміздің алдында Джо Фрезерді келекелеп: «Сен секілді көріксіздер чемпион бола алмайды, чемпион мен сияқты әдемі болуы керек» деген едім. Сол сөздерім үшін қатты өкінемін. Арада 30 жыл өткеннен кейін Фрезерден сол қылығым үшін кешірім сұрадым, ол мені кешірді», – деген еді чемпион тағы бір сөзінде.
Иә, Мұхаммед Әли өз өміріндегі барлық жетістігіне исламның арқасында жеткенін, ал ең үлкен жетістігі – исламды қабылдау болғанын қайталап айтудан жалықпаған күйінде өмірден өтті. Тіршілігінде бар жан-тәнімен асыл дініміздің шарттарын түгел орындауға күш салды. Қажылыққа барған сапарын ол: «Менің өмірімде небір керемет сәттер болды. Бірақ солардың ешқайсысы қажылықта болған сапарымда Арафатта тұрған кезімдегі бастан өткерген сезіміме жетпейді. Айналамда миллионнан астам адам бір сәтте Аллаға жалбарынып, кешірім тілеп тұрғанда, қалай өзгеше күйде болмайсың? Түр-түсіне, байлық, билігіне қарамай, адамдардың небәрі екі-ақ метр ақ матаға оранып, Жаратқан Аллаға азан айтып, жалбарынып тұрғанын көргенде қалай әсерленбейсің? Бұл исламның пенделерінің ешқайсысын бөлмей, тең көруі еді, бұл исламдағы теңдік еді», – деп ерекше бір ықыласпен еске алды.
Атақты боксшы әлемде мұсылман атын жамылып, террор жасап жүрген содырлар шынайы мұсылман емес дегенді еселеп айтумен болды. Ол 2011 жылы 11 қыркүйекте Нью-Йоркте орын алған терактіні зілмен айыптай отырып, мұны істегендердің Алланың дініне ешқандай қатыстары жоқ екенін мәлімдеді. «Менің дінім – террордың діні емес» деп жаны ышқынған спортшы халық алдына шығып: «Мен 40 жылдан бері мұсылманмын. Сендер мені білесіңдер. Мен боксшымын. Адамдар мені ұлы санайды. Сендер боксшы әрі шыншыл адам ретінде танисыңдар. Ендеше, «өтірік айтып тұр», деп ойламаңдар. Егер шын ислам лаңкестікке шақырса, мен мұсылмандық туралы аузымды да ашпас едім. Мен барлық адам шындықты білуі тиіс деп ойлаймын. Ислам – бейбітшілік, тыныштық. Ол лаңкестік пен өлімді ешқашан қолдамайды. Мұсылмандар күш көрсетуді қаламайды», – деді. Келесі бір даңқты спортшы, америкалық атақты баскетболшылардың бірі Карим Абдул-Жаббар – өзі көптен бері ұстанып келе жатқан ислам дінінің артықшылықтары мен шарапатын бір кісідей білетін азамат. Сол атақты адам бір сөзінде: «Ислам – бейбітшілік пен татулықтың діні, оған қандай да бір зорлық-зомбылық жат. Біз өзімізді қоршаған адамдармен үнемі бейбіт қатар және үйлесімділікпен өмір сүруге ұмтыламыз», – деді. Әлбетте, сөздерінде қателіктің бір түйір дәнегі де жоқ. Бұған шындық сүйетін, ақиқатқа мойын бұратын адам баласының кез келгені келісер еді.
Кейін күллі әлемде Мұхаммед Әлидің үлгісімен ислам дінін қабылдаған атақты спортшылар аз болған жоқ. Мысалы, оның өзі сияқты атақты боксшы Майк Тайсон жала негізінде түрмеге отырған кезінде ислам дінін қабылдады. Американың ең атақты да табысты баскетболшыларының бірі Шакил О`Нил де исламға әділдік пен жан тыныштығын іздеп келді. Соңғы жылдары тек франциялық футболшылар арасынан ғана Тьер Анри, Эрик Абидаль, Франк Рибери, Николя Анелька, Фредерик Кануте, Поль Погба секілді тарландар хақтың дініне бет бұрды. Бұлардың қатарын нидерландтық Робин ван Перси, бельгиялық берен Эдер Азар сынды әріптестері толықтырды.
Бұл үдерістің алдағы уақытта да жалғаса беретіні шүбәсіз.
***
2022 жыл. Францияда өткен президент сайлауы екінщі турының қорытындысы бойынша билік басына «Мұсылман бауырлар» партиясы келеді. Бұған дейін ғасырлар бойы зайырлар қоғамы атанып келген ел осыдан кейін бірден ислам ілімін жалаулататын жаңа дәулетке айнала бастайды. Осыған орай атақты Сорбанна университетінің қасбетінде тысы алтынмен жалатылған Жарты Ай орнайды. Ал оқу орнының профессорлары Пайғамбардың дініне адал екендері жөнінде ант беріп, студент қыздар сабаққа пәренже жамылып келетін болады, мұсылман кісілердің көп әйел алушылығы заң жүзінде бекітіліп беріледі.
Әлбетте, бұл әзірге өмірде болған оқиға емес. Францияда тап мұндай сайлау өте қойған жоқ. Мұның бәрі француздың қазіргі заманғы аса танымал жазушысы Мишель Уэльбектің «Бағынушылық» (орыс. «Покорность», фр. Soumission») деген соңғы романынан алынып отыр. Бесінші республиканы жақын болашақта осындай тағдыр күтіп тұрғанын бейнелеген қаламгер өз қиялынан туған осы желі арқылы бұл кезеңнің тым қашықта емес екенін анық аңғартады. Шынында ерте ме, кеш пе, қазір ел халқынының басым бөлігі мұсылмандар болып шығатыны еш күмән тудырмайды. Жалғыз Франция ғана емес, негізінен христиан дінді Еуропаның көптеген мемлекеттерінде түбінде ислам жұрты басым көпшілікке ие болатыны алақанда көрініп тұрғандай ақиқат.
Бір ғажабы, бұл үшін ешқандай да «Әзіреті Әлінің қылышы» керек емес, жылдардың жылдарында кәрі құрлық сол зұлпыхарсыз-ақ, ешбір қантөгіссіз мұсылман дүниесіне айналады. Мұны қай-қайсымыз да басымыздағы бөркіміздей шындық деп қарауымыз керек. Француз жазушысы фантастикалық мазмұндағы романында осының жайына терең барлау жасап, өзінің пайымын білдіреді. Қалай дегенде де, өз туындыларында бүгінгі күннің ең өзекті әлеуметтік мәселелерін көтеріп жүрген заманауи талантты жазушылардың бірі Уэльбек бұл аса маңызды тақырыпты айналып өтпейді. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл ендігі жерде тек Францияның ғана проблемасы болып қалмайды, оны Еуропаның мейлінше ақсүйек қоғамы, дүнияуи мемлекеті саналған елдерінің барлығы бастан кешетін болады. Осындай жағдайда француздың, жалпы бүкіл континенттің ғасырлар бойы тізбектеліп жасалып, қалыптасып қалған салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының, мәдениеті мен өнерінің, құндылықтары мен қасиеттерінің барша озық үлгілерін қалай сақтап қалуға болады? Құрлық мұсылман әлемінің құшағына, әспетіне, әрі мен әулесіне қалай ендеп енеді, оның ерекшеліктерін қалай қабылдайды? Міне, осы мәселе меселіне келгенде, автор біршама пессимизмге ұрынып, ептеп түңіліп кеткендей көңілсіз әсер қалдырады. Бірақ түбегейлі салы суға кетпейді. Ақыр соңында ол 2022 жылы үлкен таңдаудың алдында тұратын дәулет дәргейі үшін қалыпты ислам жүйесіне қарай өту соншалықты бір нашар, үрейбасты нұсқа емес деген тұжырымға қазық байлайды. Тек сол өтпелі кезеңде қоғамды исламдандыру мен азаматтық соғыс арасындағы теңселісте бұлардың соңғысы күш алып кетпеуін қалайтын сыңай танытады.
Кітаптың басты кейіпкері Сорбонна университетінің белгілі профессоры тарихи оқиғалардың ен ортасына түсіп кетіп, Францияның соғыссыз және шұғыл жағдайда ислам еліне айналып кетуінің куәгері болады. 2017 жылы кезекті сайлаудан соң «Мұсылман бауырлар» партиясы құрылады. Оның лидері – «Франсуа Миттеран кезінен бергі «ешбір күмәнсіз, аса шебер» өте талантты саясаткер. Оған бес жылдың ішінде өз партиясын билік басына жеткізудің орайы келеді. Екінші турда ең солшыл және бірсыдырғы оңшыл әріптес партиялармен коалиция құрып алған Марин Ли Пен жеңіске жетеді. Ал осы Марин Ли Пеннің 2017 жылғы сайлауда жеңіске жетуге шақ қалғанын бәріміз де білеміз.
Уэльбектің романында «Мұсылман бауырлар» партиясы мұсылмандар арасында ғана емес, сонымен қатар жергілікті француздар қауымы ортасында да жылдам үлкен бедел мен танымалдылыққа ие бола бастайды. Электораттың басым бөлігін ислам дінінің өкілдері құрап отырған ортада бұлай болуы әбден кәдік еді және оның заңдылық екенін ешкім жоққа шығара алмайды. «Мұсылман лидерінің ақылдылығы сонда, ол бір ғана экономикалық бағдарламаның көмегімен сайлауда ұтысқа жетудің мүмкін еместігін, жеңістің кепілі адами құндылықтарда екенін жақсы түсінді». Тап осылай жазып отырған жазушы соңғы әлденеше ондаған жылдардан бері батыс әлемінің, соның ішінде ежелден зайыр дүниесі болып саналатын ақсүйектер, жоғары әлеуметтік топ отаны болып келген Франция секілді елде, сол құндылықтардың басым бөлігінің жоғалып кеткенін, ендігі жерде Еуропа өркениетінің жалпы адамзаттық көзқарас идеалдары тұрғысынан тартымдылығын күрт азайтып алып келе жатқанын қапысыз атап көрсетті. Сондықтан бұдан әбден жалыққан саналы ойлы адам баласы, соның ішінде француздар да амалсыздан мұсылмандар қауымына қосылуға мәжбүр болар еді. Бұл келешекте елде ислам дінін ұстанатындар саны тұрғылықты халық есебінен де көбейе түспек. Еуропа өркениеті өзін әлдекім тұншықтырып жатқандықтан құрымайды, «олар… өздерін өздері өлтіріп тынады… Еуропа өзін өзі өлтіру жолына бағыт алды». Роман осылай толғайды.
Былайша айтқанда, Франция осының нәтижесінде бір өркениеттен екінші өркениет әлеміне табиғи түрде өтеді. Бұған ешкім де қарсы тұра алмайды, бүлік шығара қоймайды, ешкім де байырғы француз революциясының құндылықтары үшін ақтық айқасқа ұрынып, басын бәйгеге тікпейді. Енді қазіргі батыс қоғамының іргелі құндылығы – әйелдердің азат өмірі мен тең құқықтылығы біртіндеп ерлер үстемдік құратын патриархат заманына, көп әйел алушықты айшықтайтын полигамиялық некелі әлемге көше бастайды. Бір жағы өз оқырмандарын осылай үрейлендіріп алған романшы бұдан әрі әйелдердің бай зайыптарға тұрмысқа шығу үшін өздерін мәңгі бала секілді ұстайтындарын, сосын жұмыс істемейтін, күйеуінің табысымен күн көретін жанға айналатындарын сөз етеді. Ал еврейлер бірден көп ырғалып жатпай, жаппай Израильге көшуге бет алады. Дегенмен, мұндай үдеріс басталып кеткеніне де біраз болды. 2014 жылдың қорытындысында Франциядан кеткендердің басым бөлігін осы яхуди жұрты құраған екен.
Әлбетте, либералдығы басым Францияда Мишель Уэльбектің арандатушылық лебі аңқып тұрған бұл романын жақтырмай қарсы алғандар аз болған жоқ. Онда айтылған ойлар мен болжамдардың бәрі шындыққа жақын көрінгенімен, оның ащы да өткір тілмен, бейне құралдарымен жеткізілуі талай адамның шымбайына қатты батқандай сипат көрсетті. Дәл қазіргі таңда француздар өздері үшін ислам лаңкестерінің қаншалықты қауіп-қатерге кіре тартқызатындарын жақсы білгендерімен, өздерімен күнбе-күн қатар бейбіт қатар тіршілік етіп жүрген жергілікті мұсылман қауымынан күндердің күнінде қандай тығырық келетінін сезіне бермейді. Негізі, жазушының түбегейлі айтпағы да, ескертпек болған емеуріні де осы еді.
Романда «Мұсылман бауырлар» партиясының экстремистерге ешқандай қатыстары жоқ екені ашып айтылады. Партия мүшелері – «ырықтаулы мұсылмандар». Бұған қоса, олар лаңкестерге жиіркене қарайды, оларды «содырлар» деп есептейді. Мұсылман бауырлар» – алдына Франция билігінің басына келуді, содан кейін Еуропада үстемдік құруды, сондай-ақ Түркия, Тунис, Мысыр сияқты мұсылман елдерін қосу арқылы Еуропа одағының шеңберін кеңейтуді мақсат етіп қойып жүрген нақты саяси күш. Автордың пікірінше, тап осы Еуропа ортасынан шыққан саяси тәжірибелері мол мұсылмандар болашақта батыс өркениетінің көп ғасырлық құрылымына қатер төндіретін болады.
Осыған орай Уэльбекті арандатушылығы мен исламофобиясы үшін оңай жазғыруға тұрар еді. Бірақ автордың нақты жағдайды айна-қатесіз дәл суреттеп беріп отырғанына әсте келіспеске лаж жоқ. Қазір француз жерінде кім көп, мигранттар көп. Азия мен Африканың дені мұсылман елдерінен келген олар ондаған жылдар бойы Францияда тұрып, өмір сүріп, жұмыс істеп, білім алып жатқандарына қарамастан, ешбірі бұл елдің құндылықтары мен мәдениетін қабылдай қойған жоқ. Бәрі де өз мұсылман әлеміне тән әдет-ғұрыптарымен, өз мәдениетімен тіршілік етіп жатыр. Бұдан былай да солай болып кете беретіндеріне ешбір шүбә шімірікпейді. Мұны сол кезде француздың «Charlie Hebdo» сатиралық журналының редакциясында орын алған трагедиялық жағдайлар да анық көрсетті. Мұсылман қауымын керісінше Пайғамбарды келемеж етіп, әжуалы рәсімге салған басылым қызметкерлеріне бұдан да гөрі қатаң жаза жасау разы еткен болар еді. Осы тұста француз мұсылмандары әдеттегідей өздерінің біртұтас қауым екендерін дәлелдеп берді. Мұның өте үлкен күш екені осы тұста тағы байқалды. Ал бұл күш жылдан жылға артып, көбейіп, бетер алды қуаттана бермесе, әмісе кемімек, қайтпақ, пәске түспек емес.
Француз жазушысы Мишель Уэльбек өзінің аталмыш романы арқылы бүгінде елде жұрттың бәріне мәлім болып отырған, бірақ көп адамның мойындауға әдді жетпей келе жатқан, алдағы уақытта бұдан да күрделеніп кеткелі тұрған өте өзекті проблеманы халыққа бейнелі, образды тілмен айшықтап жеткізіп шықты.
***
Жер бетінде христиандықтан кейін кеңінен тараған ислам діні кем дегенде, соңғы мың жылдық көлемінде өзінің бастапқы ақиқи қалпын жоғалтпай сақтап келеді. Бұған оның басым бөлігін еуропалықтар құрайтын жақтастарының өздері жаулап алған жерлерде жүргізген белсенді миссионерлік іс-әрекеттерінің ықпалы көп болды. Кейіннен бұл территориялардың бәрі тәуелсіз мемлекеттер атанды. Бірақ олардың тұрғындары өз жерлеріне айналасын отқа орап, қылыштың жүзімен жеткен дінді ұстануды жалғастыра берді. Осы тұста тек өзінен 600 жыл бұрын пайда болған христиандықпен иық тірестіре алатын жағдайда тұрды.
Қазіргі таңда планетада шамамен 2,2 миллиард христиан, 1,5 миллиард мұсылман және 500 миллионға жуық буддист бар. Ал индуизмді жақтаушылар саны мұсылмандар санына теңесіп қалатын шығар. Келешекте бұл ара-қатынастың бәрі өзгеруі әбден мүмкін. Мұның алғы шарттары қазірдің өзінде анық аңғарылуда. Осы ретте Pew Research Center атты ұйым зерттеушілерінің деректеріне көз жүгіртіп өткеннің артықтығы жоқ. Аталмыш аналитиктер XXI ғасыр ауқымында Жер шарындағы әртүрлі діндерді ұстанушылардың ара-қатынастары қалай өзгергелі тұрғанын арнайы есептеп шығарыпты. Олар мұны Еуропаның бірнеше іргелі мемлекетінде қалыптасып келе жатқан ахуалға қарай жүргізген. Зерттеушілер келтірген талдаулар Британияда 2014 жылы жаңа туған балалар арасында Мұхаммед деген есімнің бәрінен көп екенін көрсетті. Олар мұның өздері үшін оншалықты қуанарлық жаңалық емес екенін де ашып айтады. Себебі, бұл ежелгі Альбион жерінде дүниеге келіп жатқан сәбилердің арасында мұсылман балаларының басым екенін байқатады. Әлемнің түкпір-түкпірінде орын алып жатқан демографиялық сипаттар, түптеп келгенде, планетадағы христиандар мен мұсылмандардың саны теңесетін уақыттың тым алыста емес екенін білдіреді. Енді зерттеушілер таразы басының теңгерілетін мерзімі 2070 жылға қарай келетінін қадап айтып отыр. Содан кейінгі тренд толығымен жылдан жылға исламның пайдасына қарай өзгере беретін болады. Бұл процесті ешкім де тоқтата алмайды.
Бұдан ары жалғастырсақ, ғалымдардың пікірінше, 2100 жылға таман мұсылмандар саны христиандардан біршама асып түседі, осы тұста әлем халқының 35 пайызын ислам дінінің өкілдері қамтыса, 34 пайызын христиандар құрайды. Тағы бір дерек, 2050 жылы-ақ Еуропа тұрғындарының 10 пайызы мұсылмандардан тұрады. Болашақта ара-салмақ ислам дінін ұстанатындардың еншілеріне қарай өзгере береді. Осындай ахуал АҚШ-та да орын алады, мұхиттың арғы бетіндегі еңселі елде христиандар қарасы жалпы халықтың төрттен үш бөлігінен үштен екі бөлігіне, яки бұрынғы 75 пайыздық мөлшерден 66 пайыз шегіне дейін төмендейді. Ал 2050 жылға тақау Құрама Штаттардағы мұсылмандар иудейлерден едәуір асып түседі. Десек те, 2010 жылғы мәліметтер бойынша, олар елде христиандардан кейінгі екінші орында тұрған екен.
Зерттеушілер атеистер мен агностиктерге қатысты негативті деректер де келтіреді – XXI ғасырдың беделінде олардың саны тек АҚШ пен Францияда ғана өсуін жалғастырады. Басқа елдерде өздерін қандай да бір дінге жатқызбайтын адамдар саны төмендей береді.
Тұтастай алғанда, христиан мен ислам ғана белсенді өсудің жолынан ауытқымайды. Христиандар онда да, негізінен Африка елдерінің есебінен толығып отырады. Осы тұста әрбір он христиан адамының төрттен бірі «қара құрлықтан» шығады, яғни Сахараның оңтүстігінде жатқан елдердің бірінің халқына тең болады. ХХІ ғасырда буддистер саны іс жүзінде өзгермейді. Ал иудаизм мен индуизмнің жақтаушылары көбірек болады.
Соңғы кездері жарыққа шыққан «XXI ғасырдағы әлем халқы және адам капиталы» (World Population & Human Capital in the Twenty-First Century) атты кітапта жарияланған деректер де Pew Research Center өкілдері келтірген болжамдардың туралығын айғақтай түседі. Бұл болжамдар әлемнің әртүрлі аймақтарындағы 500-ден астам сарапшылардың демографиялық ахуалдың қазіргі және келешектегі ерекшеліктері жөніндегі ойлары мен пікірлерін ескеру негізінде жасалды.
Осылайша Мысырда, тіпті орташа деңгейде болжам жасағанның өзінде, алдағы 50 жылда 80 миллион емес, 132 миллион адам тұратыны белгілі болып отыр. Ал осы шамада Германиядағы тұрғындар саны 82 миллионнан 77 миллион адамға азайып жататыны құпия болмай қалды. Бірақ бұл елдегі демографиялық деңгейдің бұдан да күрт түсіп кетуіне неміс жеріндегі мұсылман тұрғындар арасында туу көрсеткіші жоғары болуы жол бермейтінін де айтуымыз керек. Алдағы 60 жылда халқы тағы 500 миллионға артатын Үндістанда да мұсылмандар басым көпшілікке жетеді. Бұл жағынан осы аралықта 40 миллион адамға ұлғаятын Индонезиядан мұсылмандары саны бойынша асып түседі.
Нигерияның мысалынан да біз мұсылман халқының өсетінін көреміз. Межелі 2060 жылға дейін бұл елде 158 миллион емес, 425 миллион адам тұратын болады. Тек Орталық Африка Республикасында ғана ислам діні өкілдерінің өрістерін кеңейтудің еуропалықтар мен азиялықтарға тән тенденциясы сақталмайды. Мұнда екі конфессия мүшелері арасында көптен бері селбесіп келе жатқан итжығыс текетіресте христиан қауымының осы кезеңде басымдық танытатыны айтылып жатыр.
***
«Британияның беделді шығыстанушысы және исламтанушысы Бернард Льюис Еуропадағы қазіргі заманғы ислам қозғалысының ахуалына барлау жасай келіп, оны мұсылмандардың бұған дейінгі арабтар мен түріктерден кейінгі үшінші мәрте лықсып келуі және континентке алдыңғы екеуінен де қуатты толқынмен басып кіруі деп есептейді, – деп жазды ресейлік исламтанушы Игорь Добаев. – Бұған осы тұрғыдан қарасақ, маврлар мен түріктердің армиясы сәтсіздікке ұшыраған ен майданды елді капитал мен жұмыс күштерінің өзіне қаратып алып жатқанын пайымдауға болады. Осылайша 1492 жылы Гибралтар бұғазынан кері шегінген кезден бері бірінші рет мұсылмандар Еуропадағы қуатты да тұрақты күшке айнала бастады. Льюистің пікірінше, бұл жағдай құрлық үшін де, исламның өзі үшін де болжап болмайтындай, кең ауқымды зардап әкелуі мүмкін».
Оның жазуынша, Бельгия, Грекия, Дания, Люксембург, Италия, Франция сияқты бірқатар елдерде халық санағы кезінде азаматтардың діни наным-сенімдері есепке алынбайтыны себепті, қазіргі заманғы Еуропадағы мұсылмандар санын анықтау қиын. Көп жағдайда осыған байланысты Еуропадағы мұсылмандар саны, – тұтастай алғанда, жекелеген мемлекеттерде де, – әр мәнбеде әртүрлі болып шығып жатады. Сол кездері жарияланған мәліметтер бойынша, 2003 жылы Еуропадағы мұсылмандар мөлшері әлденеше ондаған миллион адамды құраған. Олар төмендегі елдерге былайша бөлінді: Франция – 5, 98 млн, Ұлыбритания – 1,48 млн, Нидерланд – 870 мың, Бельгия – 370 мың, Австрия – 180 мың, Грекия – 170 мың, Дания – 160 мың, Португалия мен Норвегия – 50 мыңнан, Польша – 40 мың, Словения – 30 мың, Чехия – 20 мың, Латвия, Финляндия және Эстонияның әрбірінде – 10 мың адамнан. Ал «Федералды ведомствоның конституцияны қорғау жөніндегі баяндамасына» сәйкес, 2003 жылы Германия тұрғындарын 82 млн адам құраса, 7 миллионнан астам шетелдік, соның ішінде 3,2 миллион мұсылман (олардың 2 миллионы – түрік мұғажырлары) тұрды.
Еуропада тек онжылдықта (1989-дан 1999-ға дейін) мұсылмандар 142,34 пайызға дейін өсті. Әсіресе, Австрияда, Нидерландта, Данияда, Норвегия мен Швецияда мұсылман тұрғындардың қарқынды өсімі байқалады. Бұл дәулеттер ең жоғары төзімді, әлеуметтік құрылымдары дамыған және азшылыққа либерал қарым-қатынастағы елдер болып есептеледі. Туу көрсеткіші едәуір жоғары Таяу және Орта Шығыс, Солтүстік Африка аймақтарынан көші-қон легінің толастамауы Еуропаның жыл санап бұрынғыдан бетер мұсылмандық кейіпке айналып бара жатқанын білдіреді. Мұсылмандардың туу деңгейі мұсылман емес жұртқа қарағанда, үш есе жоғары, қазірдің өзінде Еуропадағы балалар мен жастардың 20 пайызын мұсылман отбасынан шыққан өрендер құрайды. Сол себептен Францияда тұратын мұсылмандардың үштен бірі 20-ға дейінгі жастар болса, бұл жас мөлшеріндегі француздар – тек 21 пайыз; Германияда 18-ге жетпеген мұсылмандар саны үштен бір бөлікке жетсе, сол жастағы неміс ұландары 18 пайыздан аспайды; Ұлыбритания мен Бельгияның әрбірінде 15-ге келмеген мұсылман балалары барлық халықтың үштен біріне теңессе, британиялықтар мен бельгиялықтар тиісінше 20 және 18 пайыз болып отыр. Ал уақыт өте келе, 80 миллион халқы бар Түркия Еуропалық одаққа мүше болып жатса, құрлықтағы этноконфессиялық баланс, сонымен бірге еуропалық біркелкілік айтарлықтай өзгеріске ұшырайды. Бұл жағдайда күллі континент тұрғындарының кемінде 20 пайызы мұсылмандар болады.
***
Осы ретте дағыстандық белгілі теолог Михаил Вагабовтың: «VII ғ. басындағы бұрынғы діндердегідей мифтік образдарға емес, жер бетіндегі дүниеауи адам келбетінде көрінетін сондай ұлы әрі әулие тұлғаға зәру араб қоғамы сол дәуірдегі өзінің әлеуметтік-экономикалық және рухани шындығымен бірге Мұхаммедті, өзінің де пайда болуы аңыз болып өрілгеніне қарамастан, түсіністікпен қарсы алды», – деп атап көрсетуінде тарихи шындық бар еді.
Сондықтан да Мұхаммед адамзат тарихында өзіне дейінгі бірде-бір ірі тарихи тұлға қол жеткізе алмаған биік тұғырдан орын алды. Оның ілімі сол дәуірдің барлық тарихи оқиғаларына ықпал етіп қоя салған жоқ, сонымен бірге дәл қазіргі таңда да жер шарындағы миллиардтан астам мүшесі бар мұсылман қауымдастығының сана, психология және тұрмыс салты жағынан бір-біріне сәйкес әлеуметтік-саяси рухани әлеуетінің тұрақты сақталуын қамтамасыз етіп келеді. Автордың пікірінше, ол мұсылмандардың бастапқы идеялардан бастап, түпкілікті наным-сенімі жүйесін қалыптастырудағы көзқарастарына да өзінің әсерін таңбай қалған жоқ.
«Пайғамбар әулеті жайлы әлемнің алуан тілдерінде жазылған сан түрлі зерттеулер жетіп артылады, – деп жазды Мұхтар Құл-Мұхаммед. – Бүгінгі таңда Мұхаммед пайғамбардың өміріне ғана қатысты мыңдаған жинақтар жарық көрсе, Иран Ислам Республикасында Әзірет Әлидің ғұмыры, қызметі мен ұрпақтарына арналған 12 томдық арнайы есімнамалық энциклопедияға дейін басылып шықты. Араб, парсы, түркі тілдерін айтпағанда, ағылшын, неміс, француз және испан шығыстанушылары жазған пайғамбар әулеті туралы еңбектерден тұтас кітапхана құрастыруға болады»..
Біз философиялық ой-пікір тарихында сонау ертедегі антикалық дәуірден қазіргі заманға дейінгі аралықта политеистік, яғни көп құдайлы қоғамнан біртұтас абстрактілі бір құдайға табыну көзқарасына көшуге шақырған адамзат тарихындағы көптеген аса көрнекті тұлғалардың болғанын білеміз. Ал іс жүзінде араб әлеміндегі көп құдайлықтың тамырына балта шауып, қандастарын бір ілімнің жетегіне ергізіп кеткен, ислам дінінің әлемнің төрттен бір бөлігін жаулап алуына негіз қалап берген Мұхаммед Пайғамбар болды. Осының нәтижесінде ол адамзат тарихындағы ең көрнекті, ең беделді, ең алдыңғы қатарлы тұлғаға айналды. Ол күллі адамзат баласына дүние тұрғанша өшпес, өлмес, өте зор, тәлімі мол рухани мұра қалдырып кетті. Оның кемеңгерлігі өзіне дейінгі пайғамбарлар сияқты атқарған тірліктері кейінгі жұртқа қиял-ертегілердің сарынына толы аңыз әңгімелер арқылы ғана мәлім болған жоқ, сол заманғы араб әлемі жұрты куә болған өзінің нақты тарихи-табиғи іс-әрекеттерімен кеңінен танылды.
Зерттеуші ғалымдар Мұхаммед Пайғамбардың тұлғалық құбылысы оның қоғамға үш қырымен – өлімге қайыл өзекті жан, Алланың елшісі және адамзат тарихындағы ең соңғы пайғамбар ретінде келіп кіргенімен айшықталады деп есептейді. Пайғамбардың бұл және бұдан да басқа функционалды міндеттерінің бәрі Құранның көптеген аяттарында мәңгілік ақиқаттар тұрқында атап көрсетілген.
Мұхаммед пайғамбардың пайда болуы мен оның планетарлық миссиясы бүгінгі таңда жай риторикалық акциденцияның, яғни құр қыздырма қызыл сөздің арқауы болып табылмайды, ол керісінше жаһандағы екі өркениеттің – ислам мен батыс дүниесі арасында ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан текетіреске байланысты болып жататын кең ауқымды оқиғалардан туындайтын терең объективті себептер мен субъективті факторлардың әлі де бар екенін аңғартады. Бұл тайталаста мұсылман ойшылдары айрықша маңызды орынды Ақиреттің соңғы Пайғамбарының Алладан алған планетарлық миссиясынан іздейді. Солар сапындағы ямайкалық мұсылман автор, ғалым-уағызшы Билал Филипс осыған байланысты «Исламның басты мақсаты мен мәні бүкіл адамзатты игілікке жеткізу болғандығына қарай, Мұхаммед барша адам баласына жіберілген әмбебап пайғамбар еді. Алла Құранда бір мәндес терминдердің көмегімен «Біз сені адамдардың бәріне тек хабаршы және жеткізуші етіп жібердік, бірақ адамдардың көп бөлігі білмейді», «Сен: «О, адамдар! Мен – сендердің барлығыңа Алланың жіберген елшісімін» деп айт», деп мәлімдеді», – деп жазды.
Америкалық ғалым Майкл Харт өзінің «Тарихтағы өз рет-реттерімен қойылған ең ықпалды жүз тұлға» атты іргелі еңбегінде алдын ала жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің танымалдылық рейтингісі бойынша Мұхамед пайғамбардың талассыз, айқын басымдылық ұпайымен бірінші орыннан табылғанын ерекше сүйсініспен атап өтеді. Оның осы кестесін бұдан әрі екінші орындағы Исаак Ньютон, үшінші лектегі Иса пайғамбар, төртінші басқыштағы Будда, он бірінші белестегі Карл Маркс, он бесінші сатыдағы Владимир Ленин бастайды. Ал Майкл Харттың осы зерттеуінің нәтижесіне сілтеме жасаған америкалық белгілі неофит, психология докторы Роберт Фрэйджер «Батыстың осы заманғы жетекші тарихшыларының бірі Мұхаммед пайғамбарды адамзат жылнамасындағы ең ықпалды адамдар тізімін бастату үшін таңдап алды. Ол әлемдегі ұлы діндердің бірінің негізін қалаушы ғана болып қойған жоқ, сонымен қатар діни және қоғамдық-саяси көзқарас тұрғысында орасан зор табысқа жете алған тарихтағы жалғыз тұлға еді. Мұхаммед философ, шешен, уағызшы, заң шығарушы, жауынгер, қолбасшы және саяси қайраткер болды. Ол – әлемнің барлық мұсылмандары еліктеуге тиіс нағыз үлгі», – деп атап көрсетті.
Ислам дәстүріне сай, Мұхаммедтің есіміне міндетті түрде «Алла оған разы болсын» деген тәріздес эвлогияның қоса айтылуының өзі Пайғамбарды жақтаушылардың пікірлері мен әрекеттерінде оның айрықша рөл атқаратынын айғақтайды. Бұл сипаттамалық тілек Алланың Елшісі бақилық болып кеткеннен кейін тура жолды төрт халифтің тұсында пайда болып, қалыптаса бастады.
Мұхаммедтің трансценденталды миссиясын ғұлама ғалым, теңдессіз теолог, «дінге жан беруші» Әбу Хамид Әл-Ғазали өз жазбасында: «Осы дүрбелеңнен кейін Алла Өзінің Қайырымдылығы, Қуаттылығы, Мейірімділігі мен Ізгілігі арқасында қанатты періштелерді жаратты. Содан соң Ол өзі кімге белгілі болса, соларды бақытты етуге шешім шығарды, бұлар пайғамбарлар еді, – оларға Алланың нұры жаусын, – адамдар соңыра өзіне шағым айтып жүрмеулерін көздеп, бұларға бақыттылық пен бақытсыздық жолдарын түсіндіріп берулері үшін пайғамбарларды жұмсады. Ол ең соңынан біздің Елшіміз Мұхаммедті, – оған Алланың рахматы болсын, – жіберіп, оны өзінің хабаршысы әрі ескертушісі етіп белгіледі. Ол пайғамбарлықты өзінің шегіне дейін жетілдіре жеткізіп, бұдан артық жақсартуға орын да, мүмкіндік те қалдырмады. Сондықтан Ол оны ғалам пайғамбарлары кезегін жабушы жасады», – деп баяндады.
Арада қаншама ғасырлар өткенімен, Мұхамед Пайғамбардың ілімі өзінің орасан зор күші мен әлеуетін жай сақтап қоя салған жоқ, ол сонымен бірге ықпал ету аясын кеңейте келіп, қазіргі заманғы геосаяси өмірдің ең басты факторларының біріне айналды. Бұған батыстың да, шығыстың да ислам әлемін зерттеушілері ешбір күмән келтіріп отырған жоқ, оның айқын екені соншалықты, ол халықаралық қатынастарда да әрдайым ескеріліп отырады. Соңғы жылдары Мұхаммед пайғамбардың тұлғасына назар аудару артып келеді, бұл бір жағынан қазіргі заманғы ғаламда болып жатқан әлеуметтік-саяси оқиғалармен тығыз байланысты болса, екінші жағынан мұсылманның жаңғыру дәстүрі жағдайындағы ой-пікірде ислам позициясының нығая түсуі және конфессиялық өмір аясындағы Батыс пен Шығыс мүдделерінің текетіресінде басымдық ала бастауынан көрінеді.
Мұхаммедтің мұсылман ой-қиялы мен өмір салтындағы жеке тұлға ретіндегі құбылысы ешқашан ислам теологтары мен философтарының санасынан тыс қалған емес. Қазіргі заманғы авторлар оның харизматикалық образына ұдайы назар аударумен келеді. Осы ретте белгілі үнді дінтанушысы Сафи ар-Рахман әл-Мүбәракфури өзінің «Мухаммад» деген кітабында: «Әлемнің Әміршісіне, Аллаға мадақ! Оның өте лайықты елшілері мен ислам туын көтеріп әкеткен ақ пен қараға, өз отбасының мүшелері мен жақтастарына, өздерін ислам шақыруына арнаған имамдарға, билеушілерге, адамдарға, оның соңынан шын жүрекпен ерген Құдайдан қорқатындар мен тақуаларға, сондай-ақ оның жолымен жүріп кеткендердің барлығына жіберілген Оның соңғы пайғамбары, шыншыл да сенімді Мұхаммед Ақирет күнінің өзіне дейін рахманға және бейбітшілікке бөленсін», – деген тілекті бекерден-бекер айтып отырмағанын пайымдауға болады. Қазіргі заманғы ислам авторларының бірі Мұхаммад бин Жамил өзінің «Пайғамбардың қадыр-қасиеті» деп аталатын еңбегінде осындай ойлардың орманын шайқайды.
Ғалымдардың пікірінше, Мұхаммедтің пайғамбарлық қызметінің бас жағындағы принципті жаңа идеялары кейін Құран мен Суннаның негізін қалайды, олар мұсылманның рухы біртектілігі мен басқа идеялар алдындағы басымдығын әлі күнге дейін сақтауда. Сол себепті ислам тарихын оның негізін салушы Мұхаммедтің іс-әрекеттерімен байланыстыра зерттеудің методологиялық маңызы зор.
«Біздің пікірімізше, жаңа дінді кездейсоқ «ислам» деп атаған жоқ, олай болатыны, бұл діннің тап осы әлеуметтік-философиялық рухының мәні «сенушілердің өздерін өздері Алланың билігіне беруі» дегенді айқындайтын «ислам» сөзімен берілген. Мұхаммед осындай тәсілмен өз жақтастарын бір қауыздың ішіне кіргізіп, жіпсіз байлап қойды. Соған сәйкес, шексіз де шүбәсіз берілгендік, басқаның бәрінен бас тарту және Аллаға шексіз тәуелді болудың абсолютті сезімі жаңа монотеистік діннің түйінді тұстарының бірі болды. Мұндай таңдау сол кездері идеялық жағынан азғындыққа ұшыраған, жаһилдік тұрмыс салтын ұстанған, есепсіз шапқыншылық пен өзара қырқысу үстемдік құрып тұрған араб қоғамы үшін қажеттілік те болған еді.
Мұхаммед осындай жабайылық пен надандықтың тамырына балта шауып, түбіріне от қоюға бел буды. Оның мұндағы тарихи жеңісі, – басқа да зор жетістіктерін айтпағанда, – өзінің жаңашыл идеялары арқылы араб тайпаларының басын біріктіріп, біртұтас араб рухы мен конфессиялық біркелкіліктің формуласын жасап шыққанында жатыр. Осы ретте фон Грюнебаум жазғандай, «Пайғамбар арабтарға өз үстемдіктеріне деген зор сенім ұялатты, әскери жорықтарды осы діннің өзіндік нәсілдік үстемдіктеріне апарып теліді, исламға ұйыған арабтар өздерін дүниетанымның, содан кейін ғаламдық мемлекеттің орталығындай сезінді, олар өздерін таңдаулымыз деп есептеді, сондықтан өздеріне тиген билікті де заңды нәрседей көрді». Бұл жерде автордың кейбір ойлары дұрыс, бірақ оның тезисімен толық келісуге болмайды, өйткені, мұндай контексте әлемдегі жақтаушылары табылатын кез келген дінді осы өлшем тұрғысынан қарастыруға болатын еді.
Мұның бәрі жер жүзінде, ең алдымен Еуропа құрлығында мұсылман халықтарының саны жыл ұзаған сайын тек көбейе беретінін мағлұм етеді.
Серік ПІРНАЗАР