Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

Ресейлік қыз қазақ әншісі Димаш Құдайбергеннің тегін алды

ДОНДАҒЫ РОСТОВ. 13 мамыр. Ресейдің Ростов облысындағы Шахты қаласының Кристина есімді тұрғыны өзіне Димаш Құдайбергеннің фамилиясын алып алды. Бұл туралы Ratel.kz хабарлады.

Кристина мұны ата-анасынан айырылып қалғаннан кейін өмір сүруді жалғастыра алуына қазақ әншісінің әні жәрдем бергенімен байланыстырады.

Ол өз өміріндегі бұл ерекше жағдайды 12 мамыр, бейсенбі күні Instagram-дағы парақшасында жазып, қуанышын бөлісті.

«Ресми түрде – Құдайбергенова! Осы текпен тіпті менің есімім екпіндірек болып естіле бастады. Мен 2019 жылғы 7 қыркүйекте бірінші рет Димаштың шығармашылығымен таныстым. Шамасы, Ди алғашқы секундтардан менің жүрегімді жаулап алған сияқты. Сол кезде-ақ Құдайберген (ов) деген фамилия сондай бір… айтылуы жағынан сұлу болып көрінді… Мен сол сәтте әншейіннен-әншейін, – just for fun, былайынша фандомда, – Оның тегін өзімнің атыма «теліп» көрген едім…», – деп Кристина өзінің қуанышын әлеуметтік желіде жариялады.

«Мен Димашты сүйемін. Ол керемет әртіс және тамаша адам. Өте сұлу ер жігіт! Біз түйдей құрдас есептіміз, мен одан бар болғаны 3 ай, 1 күн үлкенмін. Димашты бірінші рет 2019 жылы 7 қыркүйек күні Андрей Малаховтың «Сәлем, Андрей!» деген шоу-бағдарламасында көрдім. Шығарылым Игорь Яковлевич Крутойдың мерейтойына арналды. Менде қас-қағым сәтте Димаштың көздеріне ғашық болып қалу сезімі оянды. Оның көздері таңғажайып еді. Мен оны махаббатпен жасалған ащы шоколадқа немесе күшті кофеге ұқсаттым. Сосын Димаш бағдарламада «Знай» деген әнді орындады, мен сол кезде оның даусына ғашық болып қалдым. Ол – қазірге дейін менің сүйікті әнім», – деді қыз Ratel.kz сайтына.

Кристинаның айтуынша, 2021 жылдың қаңтар айында араға апта салып, әкесі мен шешесі бірінен кейін бірі өмірден кеткен. Сол жылғы сәуір айында әжесінен де айырылады. Өзі үшін айрықша ауыр осы кезеңде бойжеткенге қайғыны жеңіп шығуға Димаштың даусы көмектескен.

«Мен сонда өз өмірімнің Димашпен бірге жалғасып келе жатқанын, енді бұдан әрі де өмір сүру керектігін түсіндім», – деп ағынан ақтарылды Кристина.

«Осы кезге дейін менің фамилиям Алексеенко болатын. Мен 15 сәуірде АХАТ-қа бардым. Өтініш беру үшін туу туралы куәлік пен паспортты көрсету керек болды. Мен ешкіммен некеде емес едім, сондықтан бұдан басқа құжат талап етілмеді. Мен фамилиям мен куәлігімді ауыстыру үшін баж салығын ғана төледім… 27 сәуірде маған тегін ауыстыру туралы куәлік пен туу туралы куәлік берілді. 28 сәуірде паспорт алуға құжаттар тапсырдым, 6 мамырда паспорт дайын болды, 11 мамырда сол паспортты алдым», – деп әңгімелеп берді қыз қазақстандық сайт тілшілеріне.

Әзірге әншінің өзінің мұндай оқиғаға қалай қарағаны немесе қарайтыны белгісіз. Дегенмен, Кристина бұл жайында Димаштың өзіне хат жазып жіберіпті, қазір соған жауап күтіп жүр екен.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button