Жаңалықтар жаңғырығыТаным

Қазақ жерінің даңқты перзенті

Театр мен кино шебері Асанәлі Әшімов туралы сөз

Атақты актердің 85 жылдығына орай

Тәжікстанның «Asia-Plus» порталында 8 мамыр күні осындай материал жарияланды.

Даңқты актер Асанәлі Әшімовтің 85 жылдығы құрметіне Тәжікстан Суретшілер академиясының академигі, философия ғылымының әдебиет саласындағы докторы, Тәжікстан-Қазақстан достық қоғамының райысы, жазушы Абдугаффор Абдужабборов өзінің жылы естелігін ұсынды.

Шығармашылығымен танысу

Абдугаффор Абдужабборов үшін Ленинград мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқып жүрген студенттік жылдарында-ақ «Атаманның ақыры» және «Транссібір экспресі» көркем фильмдері үлкен әсер қалдырған еді.

Арада 45 жыл өткеннен кейін, сондай-ақ бұл екеуіне «Манчжур варианты» қосылып, әлеуметтік желілерден орын алды. Абдугаффор Абдужабборовқа қазіргі көрермендердің бұл фильмдерге қалай қарайтындарын білу қызықты көрінді. «Ал мен бұл мәселені кеңінен зерттей келіп: «Брава, Асанәлі Әшімов!», «Браво, Шәкен Айманов!» деп еріксіз айқайлап жібердім. Өйткені, ол актердің бойындағы творчестволық дәнекті дәл басып, оның ішкі алауын жандыра біліпті, сол алау, Құдайға шүкір, әлі жанып тұр», – деді ол сосын.

Жазушы шынында әр ел мен ұлт өкілдерінің аталған үш фильмге әлі күнге дейін разылығын білдіретіндеріне көз жеткізеді. «Олардағы образдардың рухы алда әлі талай жыл жаңа толқындардың жүректері мен ақыл-естерін толқытатын болады. Мұның сыры, бәлки, нағыз талантты актердің күші мен шындығында жатқан шығар», – деді ол сонда.

Жеке кездесу

Автордың Асанәлі Әшімовпен таныстығы 2012 жылы қазанда Алматыда басталыпты.

«Менің оның үйінде болуым заматында өзімнің әлемді түсінуім мен әлемді қабылдауым жөніндегі ілкі ілімімді паққас төңкеріп тастап, өз жақындарыма, достарыма, әріптестеріме, шығармашылығыма деген сезімімді күрт өзгертіп жіберді. Мен кенеттен басқа адам болып шыға келгендей күй кештім. Менің болмыс-бітіміме Асанәлі Әшімовтің қуатты шығармашылық және адами энергетикасы мен өмірді шексіз сүйетіндігі бірден ғажайып әсер етті», – дейді Абдугаффор Абдужабборов қазір.

Актер музей-үйіндегі экспонаттармен таныстырғаннан кейін Абдугаффор Абдужабборовқа өзінің шығармашылық өмір жолы жайлы хабар беретін фотоальбом, сондай-ақ «С любовью Ваш Асанали Ашимов» деген кітабын: «Талант – халықтың игілігі! Мұның саған да қатысы бар!» деген қолтаңбамен ұсынады.

Қазақ жерінің перзенті

«Сол кезде менің басыма Асанәлі Әшімовтің адами және шығармашылық тағдыры кезеңдерін бейнелейтін портреттік очеркті міндетті түрде жазу тілегі келді, – деп еске алады жазушы. – Мен сосын онымен болған әрбір әңгімені ойыма ала бастадым. Сөйтіп, келесі жылдың мамыр айының соңына дейін дерлік альбом мен кітапты беттерінен беттеріне, суреттерінен суреттеріне дейін мұқият зерттеп, өмірбаянына үңілдім, айтқан әңгімелерін есіме түсіріп, ондағы шығармашылық табыстарды, тағдырдың күтпеген жерден берген соққыларынан туған қайғылар мен күйініштерді, күйреу мен жаңадан жоғары өрлеуді сезіндім!»

Жазушының циклды кітабының біріншісі – «Каприччио» композитор Толибхон Шахидиге, екіншісі – «Вафо Назаровтың сабақтары» осы аттас белгілі суретшіге арналса, үшіншісі «Қазақ жерінің перзенті» деп аталды. Кітап басылар алдында Тәжікстанның сол кездегі мәдениет министрі Шамсиддин Орумбекзадоның КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік свйлығының лауреаты Асанәлі Әшімовпен кездесуі болды. Кейін мәдениет министрлігінің басшылары мен тәжік зайырлы қауымының өкілдері қатысуымен кітаптың тұсаукесері өткізілді. Оны Тәжікстанның халық жазушысы Саттор Турсун жүргізді.

«Менің достарым, жазушылар, суретшілер, актерлер, режиссерлер, әншілер, драматургтер кітапты оқып шығып, өте керемет қабылдады. Оның жекелеген даналары Ұлттық кітапхана қорына, Кітап палатасына, театрлар мен кітапханаларға берілді», – деді ол.

2014 жылы Душанбеде өткен кітап тұсаукесеріне Асанәлі Әшімовтің өзі келеді. Ол кітапты қолына алып көргенде: «Абдугаффор, мен мұнда келе жатқанда, сен әлдеқандай бір мақала ғана жазып қоя салған шығарсың деп ойлап едім. Сөйтсем, менің қаншама суреттерімді пайдалана отырып, тұтас бір кітап жазып шығыпсың. Сен – менің өмір жолымды құрметпен және сүйіспеншілікпен суреттеп жазып шыққан бірінші шетелдік авторсың», – дейді даңқты актер сонда.

Абдугаффор Абдужабборов өзіне өзі берген уәдесін орындай алғаны үшін кәдімгідей масаттанып, марқайып тұрды. «Мен тек жерлестерім, әртүрлі кәсіп пен ұрпақ өкілдері қазақ жерінің даңқты ұлы тағдырының жан тебірентерлік таңғажайып беттерімен таныс болғанын қаладым», – деген еді сонда жазушы. Биылғы жылы оның жоғарыдағы циклға кіретін тоғызыншы туындысы – «Академик Акбар Турсунов» атты кітабы жарыққа шығады. Автор болса, осы күні өзінің шабытын оятқан Асанәлі Әшімов атты маэстроның берген батасы, сонда қол жеткізген бірінші ірі табысы болғанын айтады.

Тәжікстанға танылу

Асанәлі Әшімов Душанбеге бірінші рет 1964 жылы Орта Азия елдерінің кинофестиваліне қатысу үшін келді. Ал 2004 жылы екінші мәрте сапар сызғанында оны театр мен кино саласының ел мойындаған хас шебері, тарлант талант егесі ретінде Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон жеке қабылдады.

Ал Асанәлі Әшімовтің шығармашылығы жайлы қазірде Тәжікстанның белгілі тұлғалары өте жақсы пікір білдіреді.

«Мен оны сонау 60-шы жылдардың ортасында Алматы мемлекеттік университетінде оқып жүрген студент кезімнен жақсы білемін. – деп еске алады профессор Абдусаттор Нуралиев. – Мұхтар Әуезов атындағы театрдың 40 жылдығы қарсаңында бізге сол театрдың белді актерлері жайлы журналистік мақала жазу тапсырылды. Таң қаларлығы, бұл шеңберге сол кездері жас әртістер саналатын Асанәлі Әшімов, Ыдырыс Ноғайбаев және Фарида Шәріпова еніпті. Мен сол кезде-ақ өз қатарластарынан да бұрын Асанәлі Әшімовтің сахнада ерекше жанып шыға келетінін, өзгеше атмосфера жасап жіберетінін жүрегіммен және ақыл-ойыммен сезінген едім. Ол өз қаһармандарының өмірлерімен өмір сүреді. Оның жасаған образдары осынысымен ерекшеленіп тұрады».

«Мен ойшылдар Абай Құнанбаев пен Мұхтар Әуезовтің отаны – Қазақстанда талай мәрте болдым, – деп жазды Тәжікстанның халық суретшісі Вафо Назаров. – Ал «Сізге деген сүйіспеншілікпен, Асанәлі Әшімов» деген кітапты оқып шыққаннан кейін мен Асанәлі Әшімов деп аталатын Адамның мызғымас рух күші бейнеленген тұлғаның тұрпатын ұғындым. Сондықтан жеңімпаз ерік-жігерін мойындау ретінде оның портретін жазып шықтым».

«Асанәлі Әшімов – ішкі жан дүниесі сұлу, өмірге орасан зор сезіммен құштар адам, ол Қазақстанның өткені мен бүгінгі тарихын жырлайды, – дейді профессор, мемлекет қайраткері Ибрагим Усманов. – Мен оның Таулы Бадахшандағы Хорог театрының жас актерлерін құдды туған әкесі сияқтанып жасырылмас ерекше қуанышпен құшақтағанын және Халықаралық театр фестивалі кезінде Алматыда оларға сәлем беріп келген сәтін көргенде, әдеттен тыс ғаламат әсер алдым».

Ал Тәжікстанның бұрынғы Мәдениет министрі Шамсиддин Орумбекзода ол туралы былай дейді:

«Асанәлі Әшімовпен кездескен кезімде мен өзімнің алдымда нағыз кемеңгер адамның тұрғанын көрдім. Одан ерекше бір оң екпін еседі екен, оның әрбір сөзі безбенге салынып барып айтылатыны білініп тұрады, ал көзқарасы ашық, адал және өткір. Ол такті мен пауза ұстай білудің керемет шебері, өзін өзі сыйлаушы ақыл-ойы дұрыс әртүрлі ұлттың миллиондаған өкілі бас иетін нағыз халық әртісі».

Абдугаффор Абдужабборовтың пайымынша, өмірдің мейлінше күрделі де буырқанысты бұрылыстарында 85 жыл бойына жақсы қырынан көмекке келген ерік-жігері оған өзінің тарихи және әлеуметтік миссиясын орындай алуына, даңқты адам болып қалуына, барлық мәселеде, ең алдымен өзінің ары алдында, сахна мен әріптестері, ұстаздары мен шәкірттері алдында, қоғам мен дәуір алдында адал, таза және принципті көзқарас ұстануына мүмкіндік берген.

Тәжікстан Суретшілер академиясының Академиктер кеңесі Асанәлі Әшімовтің қазақ халқының ұлттық жетістігі екенін мойындап және 85 жылдығы құрметіне оған «Тәжікстан Суретшілер академиясының академигі» деген құрметті атақ беруге шешім қабылдады.

***

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев театр және кино актері әрі режиссері Асанәлі Әшімовті 85 жасқа толуымен құттықтады.

***

Rast.kz сайтының ұжымы КСРО Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ КСР халық әртісі, Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, театр мен кино актері, театр мен кино режиссері, театр педагогы, профессор, сценарист Асанәлі Әшімовті 85 жасқа толуымен және Тәжікстан Суретшілер академиясының академигі атағын алуымен шын жүректен құттықтайды.

Асанәлі Әшімов 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы Жайылма елді мекенінде өмірге келген.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button