Алты ойында да қонақтар жеңіске жетті
Тамыздың 10-11-і күндері 22-турдың ойындары ойналды. Ондағы алты ойында да меймандардың мерейі үстем болды. Алты матчта – алты жеңіс. Сірә, Қазақстан премьер-лигасында бұрын-соңды мұндай оқиға болмаған да шығар.
Осымен екінші айналым аяқталды. Алда чемпионатты мәреге жеткізетін үшінші айналым тұр.
Бәрі сенбі күні өткен алғашқы екі матчтан басталды. Соның ішінде Атырауда Қазақстан Кубогының биылғы жылғы финалистері жергілікті «Атырау» мен Қызылорданың «Қайсары» арасында өткен кездесуге ерекше назар аударылды.
10 тамыз
«Атырау» (Атырау) – «Қайсар» (Қызылорда) 1:3
Голдар: Иван Антипов (37) – Тигран Барсегян (31, пенальти, 45, 52)
Матч басталмай тұрғанда оның жайы жанкүйерлер мен мамандар арасында біраз талқыланды. Бірақ ұшырасудың тап осындай есеппен аяқталатыны жайындағы түсінік ешкімнің қаперінде болмапты.
Алаң иелері тіпті соңғы кездері өзінің нәтижелі шабуылдарымен кезге түсіп жүрген қонақтардың жартылай қорғаушысы Тигран Барсегяннан сақтану туралы ойлаған да жоқ. Бұлары бекер болыпты. Армян ойыншысы көп ұзамай өзінің белсенді қимылдарымен көрініп, матчтың есебін де ашты. Рас, ол бірінші добын 31-минутта пенальтиден соқты. Бұған алаң иелерінің қақпашысы Антун Марковичтің өзімен жекпе-жек келгенінде мұны шалып құлатқаны себеп болды. Зардап шегуші мүмкіндікті қалт жібермеді. Бұдан кейін тағы екі рет мергендігімен көзге түсіп, хет-трик жасаған ол 52-минутта матч тағдырын шешіп қойды.
«Оқжетпес» (Көкшетау) – «Жетісу» (Талдықорған) 0:1
Гол: Мартин Тошев (4)
Көкшеліктер мәселені матчтың басында-ақ өз пайдасына аударып алды. Алғашқы шабуылдардың бірінде олардың ойыншысы Мартин Тошев шеберлігімен көзге түсті.
«Оқжетпестің» бұдан кейін де есепті ұлғайтатын мүмкіндіктері аз болған жоқ. Бірақ оларды кезекті голға айналдырудың орайы келмеді. Бұған жетісулықтардың кездесу басында жіберген қателіктерін қайталамау үшін барын салғандары да әсер етті.
11 тамыз
«Шахтер» (Қарағанды) – «Ордабасы» (Шымкент) 1:2
Голдар: Еркебұлан Нұрғалиев (59) – Алексей Щеткин (30), Мирзад Механович (51)
Бұған дейін өз алаңында ешкімнен де қаймықпай ойнап келген «Шахтер» бұл жолы «Ордабасының» алдында барынша қауқарсыздық танытты. Айталық, бұдан бір апта бұрын осы алаңда «Астанамен» шайқасқан кеншілер командасы анағұрлым сенімді де белсенді көрініп еді.
Шымкенттіктер қарсыластарының тым баяу ойнай бастағанын байқағасын, көп кешікпей тізгінді өз қолына алды. Соның нәтижесінде олар екінші таймның бас жағында екі доп айырымымен алда тұрды. Рас, бұдан кейін меймандар күтпеген жерден өз қақпасына доп түсіртіп қойды. Соған қарамастан, тез жинақталып, қайтадан белсенді ойнай бастады. Матчты жеңіспен аяқтауға осының өзі жеткілікті болды.
«Тараз» (Тараз) – «Қайрат» (Алматы)
Гол: Бауыржан Исламхан (83, пенальти)
«Қайратқа» бұл жеңіске жету оңайға соққан жоқ. Себебі, аутсайдерлердің бірі болып отырған «Тараз» оған барынша тегеурінді қарсылық көрсетті. Ойын осы пәтімен кете берсе, тең аяқталуы да мүмкін еді. Ол және әділдік болатын еді. Алайда, бәрін кездесудің ақырына қарай белгіленген бір пенальти шешіп кетті. Сөйтіп, алматылықтар кезекті жеңісіне жетіп, топ басындағы тартысын жалғастыра түсті.
«Ертіс» (Павлодар) – «Тобыл» (Қостанай)
Голдар: Бауыржан Тұрысбек (59), Максим Федин (75, пенальти)
«Ертіс» үйде де, түзде де жеңіліске ұшырай беруін жалғастырып келе жатыр. Бұл жолы ол топ басындағы «Тобылға» есе жіберді. Осымен павлодарлықтар қатарынан төртінші мәрте қарсыластар қақпасына доп соға алмай отыр.
Ал қонақтар өздерінің мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалануға тырысып бақты. Соның нәтижесінде олар жауапсыз екі гол соға білді. Дегенмен, қостанайлықтар да бірінші таймда есеп аша алған жоқ. Бәрі 16 минуттың ішінде толық шешіліп бітті.
«Ақтөбе» (Ақтөбе) – «Астана» (Астана)
Голдар: Абат Айымбетов (56, 83) – Иван Маевский (8), Рунар Сигурьонссон (53), Роман Мұртазаев (86)
Матчтың негізгі аяқталуына 7 минут уақыт қалғанда, алаң иелері кезекті мәрте таразы басын теңестірді. Бірақ бұл тепе-теңдік ұзаққа бармады, 86-минутта астаналық Роман Мұртазаев ойындағы соңғы голды салып, өз командасына жеңіс алып берді.
Жалпы, ойынды тартысты өтті деуге болады. Оны кездесу барысында соғылған бес гол мен соңғы минуттарға дейін тепе-тең нәтиже сақталып келгеніне қарап та байқау қиын емес. Осы тартыс барысында ақтөбелік Абат Айымбетов дубль жасады.
Осы жеңістен кейін «Астана» турнир кестесіндегі екінші орнын сақтап қалды. Оны «Қайраттан» алға шығарып тұрған тек голды ғана артық (41) соққаны болды. Қалған көрсеткіштер бойынша екі команда тең. Тағы бір қызығы, топ басындағы үш команда да 20 доптан жіберіп алыпты.
Енді 17-18 тамыз күндері үшінші айналымның бірінші ойындары, 23-тур ойналады. Онда «Тараз» тағы да өз алаңында «Қайратты», ал «Ертіс» «Тобылды» қабылдағалы отыр. Бұл матч 17 тамызда өтеді. Осы күні сондай-ақ Көкшетауда «Оқжетпес» пен «Ордабасы» ұшырасады. Тамыздың 18-інде «Жетісу» – «Ақтөбе», «Шахтер» – «Қайсар» кездеседі. Ал осы күні ойналуға тиісті «Атырау» – «Астана» матчы резервтегі датаға қалдырылды.
Мергендер көші
12 – Адеринсола Эсеола («Қайрат»);
10 (1) – Мартон Эппель («Қайрат»), Марин Томасов («Астана»), Тигран Барсегян («Қайсар»);
9 – Жоао Пауло («Ордабасы»), Абат Айымбетов («Ақтөбе»);
8 – Тоқтар Жанғылышбай («Ордабасы»);
8 (1) – Серж Ньюадзи («Тараз»);
7 – Кули Мбомба («Қайсар»);
7 (1) – Иван Пешич («Шахтер»);
7 (2) – Азат Нұрғалиев («Тобыл»);
6 – Сергей Зенёв («Шахтер»), Бауыржан Тұрысбек («Тобыл»), Роман Мұртазаев («Астана»).
Турнир кестесі
(12 тамыздағы жағдай)
Ор Командалар О Ұ Т Ж Доп Ұп
1 «Тобыл» (Қостанай) 22 14 3 5 32-20 45
2 «Астана» (Астана) 22 14 2 6 41-20 44
3 «Қайрат» (Алматы) 22 14 2 6 39-20 44
4 «Ордабасы» (Шымкент) 22 11 7 4 28-12 40
5 «Қайсар» (Қызылорда) 22 11 4 7 30-24 37
6 «Жетісу» (Талдықорған) 22 10 5 7 26-15 36
7 «Шахтер» (Қарағанды) 22 8 6 8 26-24 30
8 «Оқжетпес» (Көкшетау 22 8 3 11 32-33 27
9 «Тараз» (Тараз) 22 5 4 13 19-37 19
10 «Атырау» (Атырау) 22 4 6 12 14-34 18
11 «Ертіс» (Павлодар) 22 5 2 15 11-36 17
12 «Ақтөбе» (Ақтөбе) 22 4 4 14 20-43 4
Ескертпе. УЕФА «Ақтөбеге» қарыздары үшін 12 айып ұпайын салған.