Ресейде Путин режиміне қарсы күресетін легион құрылды
КИЕВ. 2 мамыр. Ресей территориясында Путиннің билігіне қарсы күресетін «Свобода России» атты легион пайда болды. Бұл туралы DonPress хабарлады.
«Ресей территориясында РФ президенті Владимир Путиннің режиміне қарсы күресуші ресейлік еріктілерден құралған «Свобода России» атты легионның ұяшығы пайда болып жатыр», – деді Украина президенті офисі басшысының кеңесшісі Алексей Арестович «Фейгин Live» телеграм-каналының эфирінде.
Ол қазіргі сәтте Ресей территориясында әрекет етіп жатқан «Свобода России» легионы бар екенін атап өтті. «Бұл – екінші кезең. Бұл – болмай қоймайтын нәрсе. Мұны біз басқармаймыз», – деді кеңесші.
Арестовичтің айтуына қарағанда, легион ұяшықтары Ресейдің әртүрлі аймақтарында ұйымдастырыла бастаған. Ендеше, легионға кіргісі келген азаматтар жергілікті жерлерде бас қосып, Путин режиміне қарсы күресе алады.
«Процесс автоматты түрде іске қосылып кетті. Біз онда тұмсық тықпаймыз, бұған араласып қажеті жоқ деп есептейміз. Ресейдің өзі қарулы көтеріліске көтеріліп жатыр», – деді ол.
УНИАН атап өткендей, легион сарбаздары өздерін форма есебінде Украина Қарулы күштерінің киімдерін таңдап алған. Атрибутика да солай.
«Қазір біздің легион Украина әскери бөлімшелерінің бірі ретінде әрекет етеді. Біз украин формасымен Ресей жерінде Путиннің билігіне қарсы күресеміз», – делінген легион хабарламасында.
Мұндай құрылымның жасақталып жатқаны 30 наурызда белгілі болды. Оның құрамында сол кезде украин жағына өткен 100-ден аса ресейлік ерікті болды.
Легион басында «Путиннің қарғы баулы төбеттері – кадыровшыларға» қарсы ұрыс салу үшін жинақтала бастаған екен.