Путиннің Қырымнан салған әскері қырылып қалды – Селезнёв
КИЕВ. 3 мамыр. Ресей Қарулы күштерінің Қырым түбегінен Украинаға қарай аттандырған әскерлерінің түгелге жуығы жер жастандырылды. Бұл туралы Obozrevatel хабарлады.
«Ресей агрессор-елінің Қырымда жинақталған бүкіл әскери әлеуеті Украинаға қарсы соғысқа қатыстырылды. Жаудың Херсон облысында соғысқан батальон-тактикалық тобының 75 пайызы жойылып кетті», – делінген хабарламада.
Осындай мәлімет келтірген әскери сарапшы Владислав Селезнёв Obozrevatel сайтына берген сұхбатында: «Іс жүзінде Қырым территориясындағы барлық базалар, арсеналдар, қоймалар мен әскери бөлімдер – қозғалуға болатындардың, соғыса алатындардың бәрі майданға жіберілді», – деді.
«Таныс Қырым партизандарынан» алған ақпарларына сүйенген Селезнёв Ресей Федерациясы Қарулы күштерінің 126-шы Горлов гвардиялық бригадасының орасан зор шығынға ұшырағанын айтты.
«Осы бригаданың базасында құралып, Херсон облысына соғысуға жіберілген батальон-тактикалық тобы жеке құрамының 75 пайызы жойып жіберілді», – деді ол.
Сарапшының айтуынша, қазіргі таңда оккупант армия Қырымдағы резервін толықтыруға әрекет жасап жатыр. Егер РФ-да жалпыға бірдей мобилизация жарияланбаса, Кремль салмақты жедел қызмет жауынгерлеріне салатын болады.
«РФ-да 1 сәуірден бері әскерге шақыру басталды. Бұл шақырылған жауынгерлер әрі кеткенде 2-3 ай ғана дайындық курсынан өткізіледі де, шілде айына қарай қатарға тұрғызылып, Ресей армиясында қазаға ұшыраған немесе жарақат алып қалған солдаттардың орындарын толтырады», – деді Селезнёв бұдан әрі.
Obozrevatel атап көрсеткендей, қазіргі күндері Қырымдағы Симферопольдің теміржол вокзалы Ресей солдаттарының орасан көп мәйіттерінің салдарынан адам шыдас бермес сасық иістен мүңкіп тұр. «Қырымдықтар бүгінде Ресейдің насихатына сенуді қойды, олар мүмкіндігі болғанынша түбектен тезірек кетіп қалуға әрекет жасауда, деп баяндады Украина президентінің Қырым Автономиялы республикасындағы тұрақты өкілінің орынбасары Тамила Ташева», – деп ойын қорытты әскери сарапшы.