«Билік басындағы адам ғана өзгерді, режим қаз-қалпында қалды»
Тоқаевтың биліктегі бес жылы жайлы шетелдік сарапшымен сұхбат
ОСЫДАН бес жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың билікті Қасым-Жомарт Тоқаевқа өз еркімен тапсырып, елді сахна сыртынан басқаруды көздеген билік транзиті экс-президент үшін неге сәтсіз аяқталды? Постсоветтік кеңістіктегі автократтар одан қандай сабақ алды? Бес жылда Тоқаевтың билігі қалай өзгерді? «Азаттық» радиосы бұл туралы Орталық Азияны зерттеуші, Ұлыбританиядағы Глазго университетінің профессоры Лука Анческимен сөйлесті.
Елнұр ӘЛІМОВА,
«Азаттық» радиосы
19 наурыз 2024 жыл
Қазақстан президенті міндетін атқарушы Қасым-Жомарт Тоқаев биліктегі «NurOtan» партиясы жиынында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен қол алысып тұр. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 23 сәуір, 2019 жыл
«ҚАТЕЛЕСКЕН» НАЗАРБАЕВ ЖӘНЕ ТОҚАЕВҚА «СЕНБЕГЕН» ЭЛИТА
− Осыдан бес жыл бұрын елді отыз жылға жуық басқарып, шексіз билікке ие болған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев биліктен өз еркімен кетті. Бұл Орталық Азияда бұрын-соңды болмаған билік транзиті еді. Назарбаев сол кездегі сенат төрағасы Тоқаевқа билікті тапсырды. Бірақ Назарбаев президенттіктен ресми кетсе де, Қаңтар оқиғасына дейін біраз өкілетті қолында сақтап қалып, елді сахна сыртынан басқарып отырды. Назарбаев жоспарлаған, билікті әулет ішіндегі адамға емес, басқа біреуге берген Орталық Азиядағы басқармалы билік транзиті экс-президент үшін неліктен сәтсіз болды?
− Тек 2019 жылғы оқиғаны ғана қамтысақ, маңызды жайтты есепке алмай қаламыз. Сәл артқа шегініп, Қазақстанда оған дейін болған оқиғаларды назарға алған жөн. Билік транзитіне түрткі болған нәрсе −2016 жылы [Кәрім] Мәсімов премьер-министр қызметінен алынып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы лауазымына тағайындалуы, [Бақытжан] Сағынтаевтың үкімет жетекшісі қызметіне келуі. Назарбаевтан билікті ауыстыруға арналған заңнама механизмдері қолға алынды. Элита арасында пакт жасалды, 2019 жылғы оқиғаны осы келісім айқындады. Яғни Назарбаев президенттіктен кетер алдында оған елді сахна сыртынан басқаруға мүміндік беретін, кемені қатты тербеп жібермейтін мұрагерді ғана емес, өзін және отбасын қорғайтын, оларға тиіспеу кепілдігін беретін заңнаманы қамдап кетті. Сондықтан Назарбаев билікті Тоқаевқа бергенде өзін қауіпсіз сезінді.
Орталық Азияны зерттеуші, Ұлыбританиядағы Глазго университетінің профессоры Лука Анчески
2019 жыл мен Қанды Қаңтар арасындағы кезеңде [элита арасындағы] келісім біртіндеп сетінеп, күшін жоя бастағанын көрдік. 2022 жылдың қаңтарында элитаның жік-жікке бөлінуі, элитааралық күрес айқын байқалды. Бұл Қазақстан тарихындағы ең қасіретті әрі Назарбаев билігінің дәуіріне нүкте қойған Қаңтар оқиғасына ұласты.
− Назарбаев мұның арты элитааралық күреске ұласып, ақыр аяғында биліктен айырылып қалуы мүмкін екенін неліктен ескермеді?
− Меніңше, ол [Тоқаевтың адалдығына] сеніп қалып, қателесті. Сонымен қатар Тоқаев оның отбасының бизнесі мен байлығына қол сұғылмайды дегенге кепілдік бере алады деп мүлт кетті. Pegasus тыңшы бағдарламасы (2021 жылы шілдеде Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы Pegasus тыңшы бағдарламасының көмегімен Қазақстанда 2 мың телефон тыңдалғанын, оларда арасында президент, үкімет мүшелері, бизнесмендер, журналистер мен белсенділер бар екенін жазды – ред.) орнатылған адамдар тізімінде Тоқаев жүрді, бұл элитаның белгілі бір бөлігі президентке сенбегенін көрсетеді. Олар президентке сенбей, одан құтылғысы келді.
Олар Тоқаев элита келісімін бұзатын әрекетке барды деп оған сенбеді. Менінше, Тоқаев Назарбаев белгілеген күн тәртібін орындамады. Мәсімовпен ара-жіктің ажырауы элита Тоқаевқа сенетіндер мен Назарбаев және Мәсімов бағытымен жүруді қалайтындар деп бөлінгенін көрсетеді. Ал елдегі саясат еш өзгерген жоқ. Тек қана биліктің ұшар басындағы элита ғана өзгерді.
ПУТИН МЕН ЛУКАШЕНКАНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТРАНЗИТТЕН АЛҒАН САБАҒЫ
− Постсоветтік Еуразия кеңістігіндегі басқа автократтар Қазақстандағы билік транзитінен қандай сабақ алды?
− Бұл жердегі сабақ – «бұлай жасама, бұл жолға түспе, билікте өле-өлгенше отыр». [Өзбекстанның алғашқы президенті Ислам] Каримов пен [Түрікменстанның алғашқы президенті Сапармұрат] Ниязов солай жасады. 2019 жылы Орталық Азияның екі елі – Қазақстан мен Түрікменстанда басқармалы, қолдан жасалған транзит іске асты. Қазақстандағысы сәтсіздікке ұрынды. Түрікменстанда да ол дұрыс іске аспады, себебі, отбасы түрлі элита топтарына бөлініп кеткен. Ал бұл үлкен Бердымухамедов қайтып оралуға мәжбүр деген сөз.
Сонымен, [Александр] Лукашенко мен [Владимир] Путин тәрізді басшылардың бұдан алатын сабағы − көзің тірі кезде ешкім билікке келмеуі керек. Себебі оның арты қиын болуы мүмкін. Шын мәнінде, Орталық Азияда ең бейбіт транзит 2006 жылы Түркіменстанда, 2016 жылы Өзбекстанда, [сол елдердің] президенттері кенет қайтыс болғанда іске асты.
Солдан оңға қарай: Алексяндр Лукашенка (Беларусь), Владимир Путин (Ресей) және Қасым-Жомарт Тоқаев (Қазақстан) екінші Еуразия экономика форумы кезінде. Мәскеу, 24 мамыр, 2023 жыл
Қазақстандағы басқармалы, қолдан жасалған билік транзиті де [Назарбаевтың алған] сабағымен байланысты. Назарбаев пен Ислам Каримов – бір дәуірдің адамдары, Назарбаев Каримов қайтыс болған соң оның қызы Гулнара Каримоваға не болғанына қарап, өз отбасы осы кепті құшпағанын қалады. Бірақ Назарбаевтың транзитінен алар сабақ, «қалай болғанда да олай жасама, билікті берме». Бұл, әсіресе Ресей қатты ескеретін нәрсе болмақ.
− Кейінгі бес жылда Қазақстан көп қиындықты бастан өткерді, 2022 жылдың басында тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең қасіретті оқиға болды. Қазақстан осы өткен бес жылда тап болған проблемалар түп тамырын 2019 жылғы транзиттен алды деуге бола ма?
− Билік транзиті саясатқа өзгеріс әкелмеді. Билік транзиті режимді өзгертпеді, билік басындағы адам өзгеріп, саясат сабақтастығы сақталды. Демек, Назарбаев биліктен кеткенде қалған проблемалар 2022 жылы шешілмеген күйі қалды. Әлеуметтік-экономикалық теңсіздік, өсімге қол жеткізе алмау, экономиканың көмірсутегіне тәуелді болып қалуы – осының бәрі шешімін таппады. Бұл – қарапайым адамдарды толғандыратын мәселелер, ал элита билікті шоғырландыруды басты орынға қойды. Осылайша мұнай мен газдан түсетін табыстың ашық еместігі, оны бақылаудың мүмкін еместігі, теңсіздік – осының бәрі элитаға өзін желеп-жебеушілер жүйесін құруға мүмкіндік береді.
Тоқаев шын мәнінде өзгеріс жасап жатқан жоқ. Демократия әлі де тапшы. Оппозиция мен плюрализм жоқ. Сайлауға тек қана билікшіл партиялар қатысады.
Президент реформа жайлы уәде еткенімен, экономикалық өсімге бастайтын реформа пакетін ұсынбады. Ел әлі де ресурстарды сатуға арқа сүйеп отыр. Бұл Тоқаев пен оның болашақ мұрагері үшін жақсы шығар. Алайда келешекте мұнай бітеді немесе оны ешкім сатып алмайтын кезең келеді. Сол кезде Қазақстан экономикасы қандай болмақ? Яғни түйіні шешілмеген проблемалар Тоқаев тұсында басы ашық күйінде қалып отыр.
− Демократия жетіспейді дедіңіз, бірақ Астана «демократиялық өзгерістер, реформалар жасап жатырмыз, елде саяси тұтқын жоқ» дейді.
− Елде саяси тұтқын болмауы мүмкін, бірақ бұл демократиялық ел дегенді білдірмейді. Қаңтардан кейін референдум, президент пен парламент сайлауы өтті. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының жанында құрылған сайлауды бақылау миссиясы – ред.) бақылаушылары бұл бәсекесіз сайлау екенін айтты. Саяси тұтқынның жоқтығы – өте төмен меже.
Ақпарат құралдарын жүйелі түрде қудалау жалғасып жатыр. Қазақстанда әлі де ашық айтуға, талқылауға болмайтын тақырыптар бар. Қазақстандағы режим дәл Түрікменстандағыдай нашар болмауы мүмкін, бірақ бұл сіздің ел демократиялық ел дегенді білдірмейді.
«ТҮСІНІКСІЗ ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН» МЕН «ӨЗГЕРІС АЙҚЫН КӨРІНЕТІН ЖАҢА ӨЗБЕКСТАН»
− Тоқаев президенттікке келгенде еститін үкімет тұжырымдамасын ұсынды. Ешқандай өзгеріс байқалмайтынын жоғарыда айттыңыз. Дегенмен, режим бейбіт жиындар мен азаматтық құқықтарға келгенде жұмсара түсті ме, әлде керісінше қатаң бола түсті ме?
− Айтарлықтай айырмашылық көріп тұрған жоқпын. Бұған дейінгі «еститін үкімет», одан кейінгі «Жаңа Қазақстан» жайлы пропаганда – бос сөз. «Жаңа Өзбекстан» не екені маған түсінікті. Өзбекстандағы өзгерістер айқын көрінеді. Бірақ «Жаңа Қазақстан» түсініксіз, себебі ол тұп-тура ескі Қазақстан сияқты. Қазақстанда ол өзгерістер көрінбейді, билік сабақтастығы оң өзгерістерге әкелуі екіталай.
Жақында Халықаралық әйелдер күні шеру өткізуге рұқсат берілмеді. Бұл Орталық Азияда әйелдер тобы билік үшін қаншалық қауіпті екенін көрсетеді. Шеруге рұқсат етпесеңіз, режим ретінде өзіңізге сенімді емессіз деген сөз, сондықтан сөз еркіндігіне кепілдік берілмеген.
Оппозициялық балама партияларға сайлауға қатысуға мүмкіндік берілмеді. Жергілікті деңгейдегі сайлау тәрізді шағын реформа болуы мүмкін, оның өзі бүкіл Қазақстанды қамтымайды. Бұл – дұрыс бағыттағы қадам, бірақ оның соншалықты болмашы екеніне қарап, әлі алда қаншалықты ұзақ жол жатқанын бағамдауға болады. Бәлкім, бұл жерде пессимист шығармын.
Қазақстанның батысында мұнайшылар ереуілі жалғасып жатыр, бұл да әлеуметтік-экономикалық теңсіздік, жұмысшылардың проблемасы бес жылдан бері шешілмегенін айқындайды. Билік тек бұрынғы мәселелермен бетпе-бет келіп қана қоймай, тұп-тура бұрынғы шешімді ұсынады.
Президент ақпан айында «жаңа саяси басқару болады» деп үкіметті отставкаға жіберді. Назарбаев та 2014 жылы тура солай жасаған. Ол жауапкершілікті басқа біреуге аударып, «бұл менің кінәм емес, осы адамдардың кінәсі, сол үшін оларды қызметтен аламын» дейтін. Тоқаев та осы әрекетке барды. Яғни елде проблема да бұрынғы, оның шешімі де тура сол баяғыдай, өзгеріс жоқ.
− Бірақ президент басқа ғой.
− Иә, ол басқа. Назарбаевта бар мәртебелер Тоқаевта жоқ. Назарбаев – тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы. Ол – Қазақстанды Совет Одағынан шығарған адам. Ол – қазіргі Қазақстанды құрған адам. Оның жеке басына табынушылық болды: Алматыдағы Тәуелсіздік монументінің түбінде оның алақанының табы салынған, оның бейнесі мен алақаны теңгеге салынды. Назарбаев – постколониал президент, ол Қазақсанның алғашқы президенті және елде тек бір ғана алғашқы президент болмақ. Оның жеке тұлғасы мүлде бөлек. Назарбаев тәрізді Тоқаев жайлы кинодастандар түсірілмеді.
Іс жүзінде режимнің өзгерген тұсы – осы ғана. Назарбаевтікі бір адамға сүйенетін жеке-дара билік еді, ол бірқатар салада, мысалы, сыртқы саясатта бастама көтеріп, оны басқаратын. Тоқаев биліктің алғашқы жылдарында ұжымдық басқаруға сүйенді. Қазақстан 2019-2022 жылдары 2008-2012 жылдар аралығындағы Ресейге өте ұқсас болды. Қазақстанда Назарбаев – Тоқаев тандемі болса, Ресейде Путин – Медведев тандемі ел басқарған.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Қазан, Татарстан, 21 ақпан, 2024 жыл
Меніңше, біз Тоқаевқа тек 2022 жылғы ахуалдан кейін баға бере аламыз. Ол жеке-дара биліктен гөрі ұжымдық басқаруға жақын болып көрінді. Оның жеке басына табыну жоқ. Бірақ бұл саясаттағы емес, жүйедегі құрылымдық өзгеріс. Бұл – елде басқаратын адамдар тобы бар, отбасы билікке азырақ араласады, бірақ саясат сол қалпы деген сөз.
− Жақында Diplomat журналына шыққан мақалаңызда бірінші президент кеткелі бес жыл, Қанды Қаңтардан бері екі жыл өтсе де, авторитар, клептократ режимді бұрынғыдай қарт адам басқарады деп жазыпсыз.
− Мәселе мынада, сіздерде сол баяғы ескі саясатты қарт адам жүргізіп жатыр. 2029 жылы, яғни Назарбаев кеткеннен соң он жыл өткенде ештеңе өзгермесе, дәл 2019 жылғы ахуалға қайтып ораламыз. Бұл – Қазақстан, оның жастары мен халқы, экономикалық өзгерісті күтетін Батыс, бәрі он жылды жоғалтады деген сөз.
«НАЗАРБАЕВТАН АРЫЛУ» АРҚЫЛЫ ҰПАЙ ЖИНАУ ӘДІСІ ЕСКІРДІ»
− Тоқаев алдыңғы басшыны сынап, оның туыстарын нысанаға алып, активтерін тартып алу арқылы ұпай жинауды жалғастыра ала ма? Жалпы, осы әдіске салып, халық қолдауын сақтап қалу мүмкін бе?
− 2022 жылдан кейін Назарбаевты айыптау тиімді болды. Көшеге шыққан жұрт «Шал, кет!» ұранын көтергенін ұмытпайық. [Қазақстанда] болғанымда жұрт «Назарбаев кетсе, бәрі өзгереді» деген пікірде еді. Бірақ олар күткен нәрсе іске аспады. Қаңтар оқиғасында [экс-президенттің] отбасының кей мүшелері президентке қарсы сөз байласқаны анық болды. Президент кейін оңтайлы сәтті пайдаланып, қоғамдық ортада Назарбаевтан арылу, оның мұрасынан арылу, оның отбасы мүшелерін қызметтен алу науқанын бастап кетті. Дегенмен етжақын туыстары, Дариға [Назарбаева], Динара [Құлыбаева] тәрізді адамдар нысанаға алынбады.
Осылайша «мен олар сияқты емеспін, бізде жемқорлар қызметте жүрді, мен оларды кетіріп жатырмын» деу арқылы ұпай жинап, сенімге ие болуға болады. Осылардың арасында Кәрім Мәсімовке бар кінә артылып кете барды, себебі Назарбаевқа тиісе алмағанымен, Мәсімовке тиісе алатын еді. «Қазақстанды Назарбаевтан арылтамын, уақыт өте келе бәрі өзгереді» деген 2022, бәлкім, 2023 жылы тиімді әдіс еді. Бірақ қазір ол ескірді. Назарбаев 84 жасқа аяқ басты, ол қартайды.
Өзбекстанға барсаңыз, Ислам Каримовтың мұрасы көзге түседі, бұл бірінші және екінші президенттің арасы тым болмаса көпшілікке жақсы болып көрінеді деген сөз. Бұрынғы режим сұмдық болса да, өзбек шенеуніктері ол туралы жаман нәрсе айтқанын естімейсіз. Бірақ Қазақстанда олай емес, басқармалы транзиттің тағы бір сабағы сол, бұрынғы және қазіргі басшының арасындағы қарым-қатынас шиеленіседі.
− Тоқаев өкілетінің аяқталуына әлі бес жыл бар. Осы бес жылда оның билігі қалай өзгеруі мүмкін?
− Ешкім оны бал ашып айтып бере алмас. Оның әрекетіне қарап қана бағыты қалай болатынын бағамдауға болады. Меніңше, Қазақстанда үлкен өзгеріс болмайды. Тоқаев дәл Назарбаев тәрізді билікті қолына шоғырландырды: президент сайлауы, референдум, өкілет мерзімін ұзарту, бұрмаланған сайлау – осының бәрі оның қандай өзгерістерді қалайтынымызды түсінбейтінін әйгілейді. Үлкен қалаларда қарсылық байқалса да, батыстағы және ауылдық жердегі экономикалық қиындықтарға негізделген наразылық мәдениеті болса да, Қазақстан бұрынғы қалпында режимнің бақылауында қалатынын білдіреді.
Қазақстанды көмірсутегі ресурстарына тәуелділіктен арылту туралы ештеңе естімедік. Экономика ұзақ мерзімде жұмыс істеуі үшін бұл өте маңызды. Бұл міндеттемені мойынға алуды, төзімділікті, тіпті әлденені құрбан етуді талап етеді. Үкіметтің бұл жайлы жоспарын естімедік, олай болса, екі негізгі нәрсе – саяси сахнаны демократияға кереғар жолмен бақылау және көмірсутегіне тәуелді экономиканы мемлекеттің басқаруы сол қалпы жалғаса бермек. Осы екеуі қаз-қалпында қалса, 2029 жылға дейін өзгеріс болуы екіталай. Мұндай режимдер бірнеше жылдан кейін әлсірейтінін көрдік. Сондықтан бәз-баяғы саясат, бұрынғы президент қала береді, бірақ уақыт өте келе энергия азаяды, түптің түбінде елді өзгерткеннен гөрі билікті сақтап қалуға көбірек күш жұмсалады.