Ресейлік саясаттанушы Валерий Соловей «Путин өлді» дегеннен танбай тұр
МӘСКЕУ. 29 қазан. Ресейлік саясаттанушы Валерий Соловей РФ диктаторы Владимир Путиннің 26 қазанда обыр кеселінен жаһаннамға аттанып кеткеніне сенімін әлі жоғалтқан жоқ. Бұл туралы «Генерал СВР» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Телеграм-канал белгілі саясаттанушы Валерий Соловейдің Ресей билеушісі Владимир Путиннің ықтимал өлімінің жай-жапсарын кеңінен ашып көрсеткенін айтты. Ол тиранның 26 қазан күні өзінің Валдайдағы резиденциясында өмірден өткеніне еш күмәнданбайды.
Саясаттанушы украин журналисі Дмитрий Гордонға YouTube-те берген сұхбатында оқиғаның бүге-шігесіне тоқталды.
«Оның өліп қалғаны анық жайт. 26 қазан, бейсенбі күні шамамен кешкі 20:40-та қайтыс болған… Қазір өзінің «Валдайдағы» резиденциясының тоңазытқыш камерасында жатыр. Қандай қорлық!», – деді Соловей экран алдында.
Оның мәліметінше, Путиннің онкологиялық аурудың ауыр түрімен ауыратыны 2019-2020 жылдардың тоғысында белгілі болған. Диктатор содан кейін Израиль мамандарының қарауында емделген. Бұл оның өмірін бір жылдай уақытқа ұзартып берген.
«20-шы жылдың ақпанында Израиль дәрігерлері оған ота жасады, олар сонда мұның ары кеткенде бір жарым жыл ғана өмірі қалғанын айтып еді… Дәрігерлер таргетті терапия (обыр ісігін оқшаулап, індеттің ауқымын дәрі-дәрмекпен емдеу) көмегімен кеселді әрі жібермей ұстап тұрды. Бірақ наурызда (2023 жыл – ред.) дәрігерлер бәрінің біткенін айтқан», – деді Соловей.
Саясаттанушы Израиль дәрігерлері саяси себепке байланысты диктаторды емдеуді жалғастырудан бас тартқан деген күдік келтіреді. «Израиль билігі Ресейдің Иранмен әмпей-жәмпей болып кеткеніне барынша наразы болды… Олар көктемнен (2023 жыл – ред.) бастап Путинді емдеуді тоқтатты», – деді сосын Соловей.
Саясаттанушының мәліметінше, өлімінен бірнеше күн бұрын Путиннің жүрегі тоқтап қалған. Алайда артынша дәрігерлер оны қайта іске қоса алған. Соңғы екі тәулікте диктатор өз резиденциясындағы жансақтау бөлмесінде жатқан. Міне, содан бері ол көпшілік алдында көрінген жоқ.
Соловей сонымен бірге Путин өлгеннен кейін елде бірден жақсылық бола қояды деп күтпеу керек екенін де айтты.
«Ешқандай еркіншілік пен азаттық болмайды, болған күнде де бірден бола салмайды. Майданда да тыншу орын алып, соғыс қауырттылығы бәсеңси қалмайды», – деді Соловей.
Ол, алайда, Путиннің режимі онсыз ұзаққа бармайтынын да жеткізді.