Нуланд: Ресей Украинада ядролық қару қолдануы мүмкін
ВАШИНГТОН. 23 сәуір. АҚШ билігі Ресейдің Украинадағы соғыста ядролық қару қолдануы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бұл туралы «Европейская правда» хабарлады.
«АҚШ Ресейдің ядролық қару қолданатынын жоққа шығармайды, сондықтан РФ президенті Владимир Путинге бұл қадамының оның өзі мен Ресей үшін алапат апат әкелетін жағдай болатынын қайта-қайта ескертіп отыр», – деді АҚШ мемлекеттік хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Виктория Нуланд басылым тілшісіне берген сұхбатында.
Ол Путиннің сұмдық және өте сұмдық соғыс қылмысын жасау жөніндегі бұйрықты әлдеқашан беріп, оны жүзеге асырып жатқанын, сондықтан «енді Ресейдің соңы апатқа алып баратын әртүрлі қарулар типін қолдануына дайын болып тұру қажеттігін» атап өтті.
«Қазір біз – тек АҚШ қана емес, сонымен бірге трансатлантикалық одақтың басқа да өкілдері – бұл қадамның тек Украина мен әлем үшін ғана емес, сондай-ақ Путиннің өзі мен Ресей үшін де алапат апатқа алып баратыны жайлы Путинге сигнал беріп отырмыз», – деді Нуланд.
АҚШ Ресей ядролық қару қолданған жағдайда НАТО елдерінің де қарап қалмайтынын ашып айтты. Ондай кезде Путинді ешқандай да бункер аман сақтап, құтқарып қала алмайды, оның қайда барып, қай жерде тығылып жатқаны спутник арқылы ұдайы бақылауда ұсталып тұр.
Осыған байланысты Пентагон да өзінің мұндай жағдайға дайын екенін білдірді.
Бұрнағы күні тап осы мазмұндағы әңгімені Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон да тарқатты. Ол спутниктердің қазір Путиннің барлық жүріс-тұрысын күндіз-түні қас қақпай бақылап отырғанын бірінші болып жеткізді.