Донецк «Шахтёрінің» аты аңызға айналған футболшысы өмірден өтті
ДОНЕЦК. 22 сәуір. Кеше Донецкінің «Шахтёр» командасының атақты футболшысы Виктор Звягинцев 72 жасында қайтыс болды. Бұл туралы украин ақпарат құралдарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлады.
Донбасс жерінде қанды қырғын қызып жатқан кезде өмірден өткен атақты футболшы орталық қорғаушы позициясында ойнады.
Виктор Александрович Звягинцев 1950 жылы 22 қазанда Сталино (қазіргі – Донецк) қаласында туған. КСРО спорт шебері (1970). КСРО Халықаралық дәрежедегі спорт шебері (1989). Бүкілодақтық дәрежедегі футбол арбитры. Донецк футбол мектебінің түлегі. Ол 1968 жылы жасөспірімдер арасында КСРО чемпионы болды. 1969 жылы «Шахтёр» командасының құрамына алынды. 1970 жылғы маусым қорытындысында «Үздік дебютант» атанған 11 жас футболшының қатарынан табылды.
Олимпиялық ойындардың қола жүлдегері (1976). КСРО чемпионатының күміс жүлдегері (1975, 1979). КСРО Кубогының иегері (1980). Үш рет «КСРО-ның 33 үздік футболшысы» сапына кірді (бір рет – №1, екі рет – №3).
Виктор Звягинцев 1969-1970, 1973-1975, 1977-1980 жылдары Донецк «Шахтёрінің» (175 матч), 1971 жылы Киевтің СКА-сының (30 матч), 1972 жылы Мәскеудің ЦСКА-сының (26 матч), 1976 жылы Киевтің «Динамосының» (5 матч), 1981 жылы Симферопольдің «Тавриясының» (33 матч) намысын қорғады.
Виктор Звягинцев КСРО чемпионатының жоғары лигасында ЦСКА құрамында – 2 рет, «Шахтёр» құрамында – 8 рет, «Таврия» құрамында 2 рет, барлығы 12 мәрте Алматының «Қайратымен» өткен матчтарға қатысты.
Даңқты футболшы өмірінің соңына дейін Донецкідегі балалар мен жасөспірімдер футбол мектебінің директоры болды. Оның жалғыз қызы украинның белгілі футболшысы Виктор Онопкоға тұрмысқа шыққан.