Болат Назарбаевтың ұлына қатысты қылмыстық іс қозғалған жоқ
ТАЛДЫҚОРҒАН. 22 сәуір. Бұрынғы президенттің інісі Болат Назарбаевтың үш адам өлтірді деген күдікке іліккен ұлы Нұрболға қатысты қылмыстық іс әлі тіркелмепті. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаментіне сілтеме жасаған Orda.kz хабарлады.
«Нұрбол Назарбаевқа қатысты қылмыстық іс Алматы облыстық полициясы тергеушілерінің өндірісінде тіркелмегенін хабарлаймыз», – деді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мақсат Ережепов.
Еске сала кетейік, Болат Назарбаевтың ұлына адам өлтірді деген айып тағылды деген ақпарат тараған болатын.
Қазіргі кезде Нұрбол Назарбаев полициядан қашып, бой тасалап жүр. Оның адам өлтірген қылмыстары жөнінде Қаскелеңдегі атысқа байланысты іс бойынша түрмеде отырған «Копчик» есімді лақап аты бар Бауыржан Көпжасаров және басқалар айғақ берді.
Нұрбол Назарбаев 2014-2017 жылдары Алматы облыстық полициясы бастығының орынбасары болып істеді. 2017 жылдан Prime Capital Holding инвестициялық қоры бақылау кеңесінің төрағасы болып келеді.
Айта кетейік, биылғы наурыз айының басында Қарасай ауданындағы Шамалған ауылында Үшқоңыр және Әйтей ауылдарына келген 30-ға жуық жас жігіттердің қатысуымен жаппай төбелес болды. Жанжалға Назарбаевтар отбасына жақын болып жүрген Көпжасаров та қатысқан. Кейбір мәліметтерге қарағанда, төбелесушілер полицейлерге қарай да оқ атқан.