Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Украиналық атақты футболшы Владимир Мунтян өмірден өтті (видео)

КИЕВ. 1 желтоқсан. Аты аңызға айналған украин футболшысы және жаттықтырушысы Владимир Мунтян 79 жасында қайтыс болды. Бұл туралы sport.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Киевтің «Динамо» клубының баспасөз қызметі оның ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін жантәсілім еткенін жариялады.

Владимир Федорович Мунтян (украинша: Володимир Федорович Мунтян) Украинаның Одесса облысындағы Котовск қаласында 1946 жылы 14 қыркүйекте туған. Ұлты – молдован. Әкесі Федор Степанович Мунтян 1911 жылы Молдовада өмірге келген, Киевтегі асфальт-бетон зауытында арматур жасаушы болған. Анасы – орыс қызы Мария Леонтьевна 1921 жылы Ресейдің Воронеж облысының Павловск қаласында дүние есігін ашқан, өмір бойы медбике болып жұмыс істеген.

Отбасы 1947 жылы Киевке көшіп келеді. Владимир Киевтің Зализничный ауданындағы №149 орта мектепте оқыды.

Ол оқушы кезінде Киевтің «Динамо» командасына шақырылды, сонда ол бүкіл мансабын өткізді. Сол кездегі сарапшылардың пікірінше, ол Еуропа футболындағы ең үздік жартылай қорғаушылардың бірі болып саналған, керемет дриблингіші атанды. «Футбол-Хоккей» апталығының анықтауы бойынша, 1969 жылы КСРО-ның ең үздік футболшысы, ал 1970 жылы «Украинаның жыл футболшысы» атанды.

Владимир Мунтян өмір бойы бір ғана команданың – Киевтің «Динамосының» сапында өнер көрсетті. Ол «ақ-көк» түстілер сапында 12 жыл (1965-1977) ойнады. «Динамомен» бірге 7 рет КСРО чемпионы атағын жеңіп алды, 2 рет КСРО кубогына қол жеткізді, сондай-ақ 1975 жылы Кубок иегерлері кубогы мен УЕФА суперкубогын жеңіп алды.

Владимир Мунтян 12 маусымда «Динамо» сапында 302 матчқа қатысып, 57 доптың авторы болды. Сол сияқты КСРО Кубогы жолындағы турнирде 34 рет ойнап, 7 гол салды. Бұған қоса, Еуропа Кубоктары үшін сайыстарда 35 кездесуде 6 гол түсірді. Барлығы 371 матчта 70 гол соқты. Ал КСРО құрамасы құрамында 49 мәрте алаңға шығып, 7 голды өз атына жазды.

Кейінірек жаттықтырушылықпен айналысып, Украинаның еңбек сіңірген жаттықтырушысы болды.

Тағы бір жайт, жақында совет футболының армян нәсілдес атақты футболшысы Никита Павлович Симонян (дұрысы – Мкртич Погосович Симонян) 23 қараша күні 99 жасында қайтыс болған еді. Ол Мәскеудің «Спартак» командасының барлық уақыттағы ең үздік бомбардирі және 1956 жылғы Олимпиада ойындарының футбол чемпионы болды. Кремль билігі оған қайтыс болғаннан кейін «Ресейдің Еңбек ері» атағын беріпті.  Iz.ru ресурсының жазуынша, Ресей Футбол одағының бас хатшысы Максим Митрофанов бүгін осы марапат пен оның құжаттарын футболшының қызы Виктория Симонянға тапсырыпты.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button