РФ Украинадағы соғысқа «Орёл» нацистер батальонын жібереді
КИЕВ. 22 сәуір. Ресей Қарулы күштері Украинадағы соғысқа «Орёл» неонацистер батальонын жөнелткелі жатыр. Бұл туралы DonPress хабарлады.
Украин блогері Necro Mancer қазір жасақ құрамын толықтыру жүріп жатқанын жазды. Мәскеудегі еріктілерден құралған батальон екі күннен Дондағы Ростов қаласына аттанады.
Жоғарыдағы суреттегі ресейлік әскерилер формасының арғы фонында кезінде Германия СС-нің 3-ші танк дивизиясының («Totenkopf») ерекшелік белгісі ретінде танылған «Өлі бас» модификациясы көрініп тұр. Мұндай белгі СС-тің «Лейбштандарт СС Адольф Гитлер» атауы бар 1-ші танк дивизиясының да айырым белгісі болған.
Мұны байқап қалған жұрт мынадай коменттер жазуда:
«Украиндар бүкіл әлемді мыналар секілді малғұндардан тазартады. Бұл деген не? Ресейдің мақтаулы армиясы түк істей алмай жатыр ма? Тіпті көше сыпыруға да жарамайтын маскүнемдер мен берекесіздердің тобыры. Тіпті взвод та жоқ, бәрі «Байрактардың» бір атқанынан қалмайды».
Украинаны «ұлтсыздандыруға» сондай-ақ қалмақтар да барғалы жатыр екен. Бұл «тәжірибелі» жігіттерден құралған жасақ құрамында «ВДВ спецназы сапында ыстық нүктелерде» болып қайтқан Элиста қалалық кеңесінің депутаты Чимид Джангаев деген де бар көрінеді.
Ал соңғы жаңалықтар Харьков облысының Изюм қаласы түбіндегі Вернополья ауданында танктердің қолдауына сүйенген Ресейдің механикалық ротасының украиндар қорғаныс шебін бұзып өтуге әрекет жасағанын жеткізді. Бірақ тойтарыс алған. Осы тұста РФ армиясының Донбастың қай нүктелеріне соққы беретіндері белгілі болды. Оккупанттар осыған орай шабуылдаушы құрамдарды өз позицияларына апарып қойған.
Украинаның бұрынғы ішкі істер министрі Арсен Аваков бұл соғысты Ресей армиясының шын мәнінде 30 мыңнан астам адамынан айырылғанын айтты. Оның есептеуінше, Кремльдің 30 557 басқыншысы осында жер жастанған. Бұлардың 23 655-і – солдаттар мен офицерлер, 6 902-сі жекелеген әскери компаниялардың жалдамалылары болып шықты.
Айтқандай, Владимир Путин бүгін Еурокеңес басшысы Шарль Мишельмен сөйлескенінде «Азовстальді» қорғаушы украин сарбаздарының өздеріне берілулеріне кімнің рұқсат етпей отырғанын білетінін жеткізіпті. Сөйтсе, украиндардың қарсыласуды тоқтатып, тұтқынға түсулеріне «Киев режимі» рұқсат бермепті-міс.
Бұдан артық тағы қандай сандырақ болады?!