Путиннің бұйрығы: Техниканы сақтаңдар, солдаттарды аямаңдар!
МӘСКЕУ. 16 сәуір. Ресей президенті Владимир Путиннің Ресей әскери командованиесіне солдаттарды аямау жөнінде бұйрық бергені белгілі болды. Бұл туралы DonPress хабарлады.
Ресей мемлекетінің диктаторы Ресей Қарулы күштерінің басшылығынан Украинадағы соғыста әскери техникаларды сақтап қалуға айрықша көңіл бөлуді, ал солдаттардың шығынына оншалықты қатты көңіл бөле бермеуді, яғни қандай бір ұрыс болса да, аямай салуды талап еткен.
Украина Қарулы күштері Бас штабы бастығының бұрынғы орынбасары, отставкадағы генерал-лейтенант Игорь Романенко «Україна разом» эксклюзивті жобасына берген сұхбатында осы жайында әңгімеледі.
Әскери сарапшы қазіргі мезетте «Ресей Федерациясының әскери-саяси басшылығы қанша күш салса да, оң нәтижеге жете алмай жатқанын» атап өтті.
«Ресейдің жасырын жүргізіп жатқан мобилизациясы да, тәжірибесіз әскери қызметкерлерді шұғыл қызмет етуге шақыруы да көмектеспейді. Проблеманың бәрі техникада. Путин бұдан бір аптадан артық уақыт бұрын күштік құрылымдардың басшылық құрамымен өткізген кеңесінде солдаттарды аяп қажеті жоқ екенін айтты. Кеңес заманындағы бұл «жуковтық тәсіл» РФ-ның қазіргі қарулы күштерінде де бар. Ал техникаға қатысты айтылғаны оған өте абай болып, барынша сақтап қалуға күш салуға келіп тірелді. Себебі, техниканы соғыс жүріп жатқанда қайта қалпына келтіру мүмкін емес», – деді сарапшы.
Генерал сондай-ақ Ресей әскерлерінің екпінді топты үш аптаның ішінде құрып алуға ұмтылып жатқанын сөз ете келіп, мұның енді орайы келмейтініне тоқталды.
«Бізге 24 ақпанда жерімізге басып кіргендер әскери әлеуетінің енді үштен екі бөлігін құрту үшін дайындалу керек. Үштен бір бөлігі жойылды», – деді ол.