Ресей жеңілді. Путин оны қалай атауды білмей отыр – Арестович
КИЕВ. 16 сәуір. Украина президенті офисі басшысының кеңесшісі Алексей Арестович Ресейдің соғыста жеңілгенін, Путиннің енді соны қайтіп атауды білмей отырғанын мәлімеді.
«Кремль Ресейдің Украинаға қарсы өзі «арнайы операция» деп бастаған соғыста жеңілгенін мойындады. Қазір ресейлік оккупанттар аталмыш фактіні ресейліктер санасына қалай жеткізуді және «әлемнің екінші күшті армиясының» сәтсіздігін қайтіп атау керектігін білмей отыр», – деді Арестович ресейлік құқық қорғаушы Марк Фейгинмен YouTube-та жүргізілген сұхбатында.
Оның айтуынша, Ресей басшылығы мұны өзінің адамзатты ядролық соғысқа дейін жеткізбеу үшін НАТО-мен жарысқа түспеуге шешім қабылдауларымен түсіндіретін шығар.
«Біз «Москва» крейсері суға батырылған күннің ертеңіне, яғни Ресейдің Украинаға басып кіруінің 51-ші тәулігінде орыс армиясы жеңіліс тапты деп айта аламыз. Қазіргі бар мәселе Путиннің бұл жеңілісті қалай тіркеп көрсететінінде ғана болып тұр», – деді Арестович.
Ол Ресей командованиесі өзінің әрбір сәтсіздігінен кейінгі үрдісіне сай, Украинадағы арнайы операциясының мақсатын кезекті мәрте төмендетуге мәжбүр болғанын атап көрсетті.
«Путинге не қалды? Тактикалық ядролық соққы ма? Бұлай бола қалса, Батыстың күллі әлемді кепілдікте ұстап отырған маньяктің көзін жою жөнінде Қытаймен келісімге келуіне тура келеді. Сондықтан бұл – Путин үшін тығырық. Тағы бір вариант бар – соғыста украиндарға емес, НАТО-ға жеңілу деген, өйткені, Ресей үшін Украинадан жеңілу сұмдық масқара. Бұл үшін Путин өз халқына «сендер НАТО-мен соғысуға қарсы емессіңдер ме» деуге себеп табылуы сыңайында Солтүстік альянспен ұдайы эскалацияға түсіп тұруы керек», – деп түсіндірді Арестович.
Содан кейін Путин ресейліктерге ядролық соғыстың қанды вакханалиясына жол бермеу үшін соғысты аяқтағанын айтып, украиндардан жеңілген масқарасының бетін бүркемелей салады, деді кеңесші соңында.
Obozrevatel баяндағандай, Украинадағы кең ауқымды соғыстың 51 күнінде Ресей оккупанттары 20 000-ға жуық адам күшінен айырылды. Жау соғыс техникаларынан айрылуды да жалғастырып келеді. Қазірге дейін украин армиясы басқыншылардың 2000 бронды машинасын, 750-ден аса танкісін, 300-ден аса ұшақтары мен тікұшақтарын жойып жіберді.
Ал Украина президенті Владимир Зеленский кеше соғыс басталғаны 3000-ға жуық украин әскерлерінің қаза тапқанын мәлімдеді.