«Москва» крейсері экипажымен бірге бірден суға батқан
КИЕВ. 15 сәуір. Украина Ішкі істер министрлігі «Москва» крейсерінің толық экипажы құрамымен бірге оқиға орнында бірден суға батып кеткенін мәлімдеді. Бұл туралы DonPress хабарлады.
«РФ Қара теңіз флотының басшылығы шындықты жасырып отыр», – деп жазды телеграм-каналда Украина Ішкі істер министрінің кеңесшісі Антон Геращенко.
«Қазір ғана Севастопольден оқ-дәрілерінің жарылып кетуі нәтижесінде «Москва» крейсері экипажының толық құрамымен қаза тапқаны хабарланды», – деп атап көрсетті ол.
Жарылыстың күшті болғаны сондай, Қара теңіз флотының флагманы санаулы минуттардың ішінде суға батып кеткен.
Жағдайға қарағанда, П-1000 – «Вулкан» үлкен қанатты ракетасы оқтұмсығының детонациясы салдарынан от шыққан. Ал крейсер бортында осындай 16 оқтұмсық болған. Отқа оранғаннан кейін солар бәрі бірден жарылған.
Ресейдің Қара теңіз флотының басшылығы экипаж мүшелерінің туған-туыстары мен жақындарынан олардың түгел опат болғанын жасырып отыр, деп атап өтті министрдің кеңесшісі.
Бұл ғана емес, Ресей БАҚ-тары кеше қирап қалған крейсер сүйреп алып келе жатқанда жарылып кетті деген тағы бір өтірікті жұртқа таратып жіберді.
Украинның «Нептуны» осылайша Ресейдің бірнеше өңірінің бюджеті құнына тең крейсерді тас-талқан етті.
Украина президенті офисі басшысының кеңесшісі Алесей Арестовичтің айтуынша, «Москва» крейсері осы кезге дейін бүкіл Херсон бағытындағы Ресей әскерлерін әуеден қорғап тұруды қамтамасыз етіп келген. Ресей басшылығы Одессаға жасалғалы жатқан үлкен жорықта осы крейсердің көмегіне жүгінбек болған. Мынадан кейін жоспардың бәрі кілт өзгерді. Ал Украина армиясы Оңтүстік бағытта біраз жеңілдікке жеткен.
Ал бүгін РФ Қара теңіз флотының қолбасшысы адмирал Игорь Осиповтың тұтқындалғаны айтылып жатыр.