«Тобыл» мен «Астана» тағы орын алмасты
Премьер-лигадағы чемпиондық үшін тартыс өзінің шарықтау шегіне жетті. «Тобыл» мен «Астана» енді әр турда дерлік орын алмастыратын болып жатыр. Бұлардың бұл текетіресі үшінші позициядағы «Қайраттың» біртіндеп жақындай беруіне біраз мүмкіндік тудырды. Есепті кезеңдегі ойындардың қорытындысында, сөйтіп, топ басындағы трионың ұпай қорлары іс жүзінде бірдей дерлік деңгейге келді.
Сонымен, 21-турда «Астана» – «Шахтерден», «Ордабасы» – «Тараздан», «Қайсар» – «Оқжетпестен», «Ақтөбе» «Жетісудан» ұтылды. Байқап отырғандарыңыздай, бірде-бір тең ойын болған жоқ.
3 тамыз
«Ақтөбе» – «Жетісу» 1:2
Голдар: Абат Айымбетов (90+3) – Руслан Степанюк (10), Мартин Тошев (53)
Ақтөбедегі кездесу ең алдымен жергілікті командаға Маркос Пиззеллидің қайтып оралуымен ерекшеленді. Мұның ақтөбелік жанкүйерлер үшін маңызы бәрінен жоғары болып шықты. Бірақ ол алаңға 75-минутта ғана шықты. Армения құрамасының тегі итальян бразилиялық ойыншысы олардың бұл үміттерін ақтап, матчтың ең соңында Абат Айымбетовтің қарымта доп соғуына көмектесті.
Алайда, бұған дейін-ақ кездесу тағдыры шешіліп қойылған еді. Қонақтар Руслан Степанюк пен Мартин Тошевтің голдары арқылы алға шығып кеткен. Дегенмен, «Ақтөбе» өзінің маусым басындағы айып ұпайларынан құтылып болғаннан кейін біртіндеп алға қарай жылжып келеді. Оны да байқау қиын емес. Әйтсе де, команданың маусым соңында бірінші лигаға түсіп қалатынында еш күмән жоқ.
«Қайсар» (Қызылорда) – «Оқжетпес» (Көкшетау) 0:1
Гол: Жасұлан Молдақараев (40)
«Қайсар» қатарынан төрт ойын бойына жанкүйерлерін өз алаңында қуандыра алмай отыр. Болгар Стойко Младеновтің командасы соңғы жеті ойында екі рет жеңіске жетті, бірақ оның екеуі де сырт алаңда жүзеге асты. Мұның сыры неде? Бұл тұрақсыздыққа команданың үйде не түзде ойнағанының қатысы жоқ сияқты. Шамасы, чемпионатта жоғары нәтижеге жетуден күдерлерін үзген ойыншылар Кубок финалына шыққандарын қанағат тұтатынға ұқсайды. Ол мына ойында анық байқалды. Онда «Оқжетпес» күштілігі арқасында жеңіске жеткен жоқ, оған сондай мүмкіндікті «Қайсардың» өзі жасап берді. Матч тағдырын шешкен жалғыз голды бұдан аз ғана уақыт бұрын «Қайсар» сапында ойнаған Қызылорда футболының түлегі Жасұлан Молдақараевтың соғуында да символдық мән бар.
4 тамыз
«Ертіс» (Павлодар) – «Қайрат» (Алматы) 0:2
Голдар: Сұлтанбек Астанов (20), Айбол Әбікен (68)
Алаңнан қуылды: Небойша Косович (25, «Қайрат»)
Алматылықтар Павлодардағы ойынға бірнеше күшті ойыншысын старттық құрамда шығармады. Бұл алаң иелерін жігерлендіріп, жеңіске ұмтылдырулары керек еді. Нәтижесінде олай болмай шықты. Қонақтар сапындағы Сұлтанбек Астанов 20-минутта есеп ашып кетті. Бірақ арада 5 минут өткенде «Қайраттың» ойыншысы Небойша Косович алаңнан қуылды. Павлодарлықтар үшін бұл қосымша мүмкіндік болды. Алайда, олар мұны да өз пайдаларына шеше алмады. Керісінше, екінші таймда тағы бір гол жіберіп алды. Бұл жеңіс «Қайраттың» алтын медаль үшін айқасқа қосылуына жол ашып берді.
«Тараз» (Тараз) – «Ордабасы» (Шымкент) 1:0
Гол: Серж Ньюадзи (7)
Алаңнан қуылды: Абдулай Диакате (42, «Ордабасы»)
Екі команданың ойындары қашанда тартысты өтуші еді. Бұл жолы да солай болды. Бірақ алаң иелерінің матч басында соққан жалғыз голдары бәрін шешіп кетті. Команда мергендерінің бірі Серж Ньюадзи 7-минутта ерледі. Ал таймның соңына қарай қонақтар сапынан Аблулай Диакате алаңнан қуылды.
«Тараз» осыдан кейін қолына келіп түсіп тұрған жеңістен айрылған жоқ. Ол бұдан кейін де есепті өсіре алатын еді. Бұл ретте жүлделі орындар үшін таласқа араласып келе жатқан «Ордабасының» бұлайша тұрақсыз ойнауы оған абырой әпере бермес еді.
«Шахтер» (Қарағанды) – «Астана» (Астана) 1:0
Гол: Иван Пешич (39)
Биыл «Астана» қарағандылықтардан екінші рет жеңілді. Бұған команда сапында бұл жолы бірнеше негізгі ойыншының ойнамағаны ғана әсер етіп қойған жоқ. Кеншілер клубы салғаннан матч тізгінін өз қолдарына ұстауға күш салды. Дегенмен, кейінірек командалар алма-кезек шабуылдарға ерік берді. Кеншілер сонда қарсы шабуылды өте қызықты етіп ұйымдастырып тұрды. Солардың бірінде ойындағы жалғыз гол да соғылды.
Енді «Астананың» чемпиондықтан айырылып қалуының мүмкіндігі көбейіп тұр. Онымен бұл атақ үшін тағы екі команданың таласатыны белгілі болды.
«Атырау» (Атырау) – «Тобыл» (Қостанай) 0:1
Гол: Сенин Себаи (38)
Пайдаланылмаған пенальти: Бауыржан Тұрысбек (57, «Тобыл»)
Кейінгі кездері чемпионатта ала-құла ойнап жүрген Қостанайдың «Тобылы» бұл жолы сырт алаңда ойнағанына қарамастан, жеңіске жетті. Ол бұған дейін төрт ойын бойы жеңіске жете алмаған сәтсіздік сериясын осылай белден үзді. Ойындағы жалқы голды Сенин Себаи салды. Қонақтар бұдан кейін пенальтиді пайдалана алмай қалды. Бұл жеңіс күтпеген жерден «Тобылды» қайтадан турнир кестесінің басына шығарып жіберіп, интриганы қыздыра түсті.
Мергендер көші
12 – Адеринсола Эсеола («Қайрат»);
10 (1) – Мартон Эппель («Қайрат»), Марин Томасов («Астана»);
9 – Жоао Пауло («Ордабасы»);
8 – Тоқтар Жанғылышбай («Ордабасы»);
8 (1) – Серж Ньюадзи («Тараз»);
7 – Кули Мбомба, Тигран Барсегян (екеуі де – «Қайсар»), Абат Айымбетов («Ақтөбе»);
7 (1) – Иван Пешич («Шахтер»);
7 (2) – Азат Нұрғалиев («Тобыл»);
6 – Сергей Зенёв («Шахтер»).