Жаһан

Қырғызстандағы толқудың салдары қандай?

Қырғызстанда 8 тамыз күні басталған бұрынғы президенттің Бішкек түбіндегі Қой-Таш айылында орналасқан үйіне шабуыл ақыры соңында күштік құрылымдардың Алмазбек Атамбаевты тұтқынға алумен аяқталды. Бұған экс-президенттің жемқорлық дерегіне байланысты прокуратураның үш рет жіберген шақыртуына келмегені себеп болды. Ал арнайы жасақ сарбаздары келгенде, оларды бұрынғы президенттің көптеген жақтастары қарсылық көрсетіп қарсы алды. Осы текетірес кезінде арнайы жасақтың бір мүшесі қаза тауып, тағы 40 адам жарақат алды.
Қырғыз елінде орын алып жатқан бұл оқиғалар тағы да революцияға апарып соқтыруы мүмкін бе? Экс-президент енді қорғанбайды, шабуылға шығады. Сарапшылар осылай деп жатыр. Бірақ жағдайдың шындап ушыққанына мүдделілер барынша аз. Оны көрші мемлекеттер де қалап отырған жоқ. Ал аймақтарда екі жақты жа жақтайтын «қолдау колонналары» құрыла бастады.
Қазір Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев пен іс басындағы президенті Сооронбай Жээнбековтің текетіресі «лапылдаған отқа» ұласты.
Шығыстанушы Александр Князев енді Атамбаевтың бостандық үшін емес, билік үшін күреседі деп болжайды. Кемінде бұрынғы өкілеттіктерінің бір бөлігін қайтарып алу жолында арпалысады. Бірақ мұның соңы неге апарып соғатынын ешкім білмейді.
Александр Князев бұл туралы 365info порталының тілшісіне әңгімелеп берді.
Александр Алексеевич, бір кездері Атамбаев пен Жээнбеков іс жүзінде пікірлестер болып еді. Олардың бір-бірлеріне оппонент болып шығуларына не әсер етті?
– Әңгімені Қырғызстанның ресурстары шектеулі кішкентай ел екенінен бастайық. Мұнда билікті алу – қаржы тасқынына бақылау жасау деген сөз. Мұндай күрес кемінде 2005 жылы конституцияға қарсы бірінші төңкеріс орын алып, Асқар Ақаев биліктен тайдырылған кезден басталды.
Елдегі тәтті нанның көлемі тым аз, ол екі адамның бөліп алуына жетпейді. Тек біреуіне және оның айналасындағыларға ғана жетеді. Бұл ретте олардың айналасындағылар Жээнбековтің жағдайындағыдай отбасылық немесе Атамбаев ұстап отырғандай кландық-топтық болуы тиіс.
Сондықтан бастапқы кезден бұрынғы бейбіт әріптестік пен бейбіт жолмен билік алмасуының бұдан әрі дәл солай бейбіт қалыпта жалғасатынын күту қиын еді. Мұнда жекелеген факторлар аз рөл ойнаған жоқ, мысалы, Атамбаевтың амбициясы бұл текетірес кезеңін жеделдетіп жіберді. Көптеген сарапшылар екі жақтың тіл табыса алмайтыны Жээнбековтің президент лауазымына отырмай тұрған шағында-ақ қылаң бергенін айтады. Қазір сол көрініп жатыр.
– Бұлардың ту сырттарында бір-бірімен оншалықты достық қарым-қатынас ұстай қоймайтын тұтас топтар да тұр.
– Иә, олар қаржы тасқынын бақылау саласында үстемдік құрғысы келетін әртүрлі кландар ғой. Жалпы, Қырғызстанда солтүстік пен оңтүстіктің текетіресі баяғыдан бері жалғасып келе жатыр. Ол өзінің бастауын тіпті Ресейге қосылған кезден де бұрынғы уақыттан алады. Қазір кезінде солтүстіктің манаптарының (Солтүстік Ресей империясына қосылғаннан кейін) елдің оңтүстігін басып алғанын көп адам еске ала бермейді. Сонда оңтүстіктегі тайпалардың үстінен қарайтын Қоқанд хандығымен арада соғыс басталып кеткен.
Бүгінде солтүстіктегілер Атамбаевқа қолдау көрсету үшін Бішкекке аттанатын топтар жасақтауда. Мұндай жасақтар Шу, Ыстықкөл, Нарын облыстарында да, сондай-ақ Талас облысының бірқатар аудандарында құрылып жатыр.
– Жээнбековке көмек көрсету үшін Бішкекке аттанатын мұндай колонналарды Оңтүстік те құрып жатыр деседі.
– Оны жоққа шығаруға болмайды, бұл елдің тарихында мұндай жағдай бұрын да бірнеше рет қайталанған. Жалпы, әлі күнге дейін рулық-тайпалық бөлініс қатты сақталып тұрған қоғам үшін бұл барынша қалыпты жағдай. Ол алуан түрлі мүдделер ұстанған аймақтық кландарға бөлінген. Бұлардың әрқайсысы өзінше үстемдік еткісі келеді. Тіпті бұл бөлініс этникалық қырғыздар ғана емес, тұтас қоғамға ортақ болып отыр.
– Яғни бұлайша ұдайы текетіреске келудің басты себебі бәріне бірдей жете бермейтін саланы бөліске салу болып тұр ғой?
– Иә. Бәлки, Атамбаев сайлаудан кейін өзін материалдық игілікке әлі де ықпалы жүре беретін әлдеқандай бір рухани лидер ретінде көргісі де келген болар. Бірақ бұл ниет басқаларды қанағаттандыра қоймады.
Көпшілік бұлайша ашықтан-ашық текетіреске түсу 2018 жылдың басынан бастау алады деп есептейді. Сол кезде Жээнбеков жемқорлыққа «тұлға мен лауазымға қарамайтын» ымырасыз күрес жариялады. Сосын Атамбаевтың жылу-электр орталығындағы апатқа байланыстары бар адамдарын қуғынға салу басталды. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?
– Егер мәселенің тек сыртқы көріністері туралы ғана айтар болсақ, солай болып шығады. Алайда, жылу орталығы төңірегіндегі жанжал – жай сылтау ғана. Шамамен, 2017 жылғы қарашада сайлау өткен кезде, әлі инаугурация өтпей тұрғанда, мен бір сұхбатымда «Жээенбековтің жоспарында Атамбаев жоқ» дедім. Бұл сол кезде-ақ белгілі еді.
– Айтқандай, Атамбаев жалпы Мәскеуден неге Бішкекке қайтып оралған? Сонда қалып қоюына болатын еді ғой.
– Бұған оның көкірегі жібермеді. Атамбаев өзінің жақсы образымен елдің тарихында қалғысы келеді. Бірақ қазіргі жағдайда мұның мүмкін емес екенін түсінеді, сондықтан билік басына айналаны жаңғыртып келгісі келеді. Бәлки, жиған-тергендерін сақтап қала алатынына сенімді болмаған да шығар…
Тарихта қалғысы келе ме, билікке келгісі келе ме?
– Мен мұның екеуін де қалайды деп ойлаймын. Ең кемінде, өкілдіктің бір бөлігіне әлдеқандай бақылау жасаудан үміттенеді. Бірақ шындығында бұлай бола қоюы қиын. Тіпті солтүстік кландары үшін де Атамбаев тек әлдеқандай бір сылтау ғана бола алады. Ал лидер ретінде оны бұлар да енді керек етпейді.
Мына текетірес немен аяқталуы мүмкін?
– Мен таяу арадағы оқиғаларға болжам жасамас едім. Бірқатар мәселелер жөнінде Қырғызстан мүлдем ырыққа сай әрекет ете бермейді. Сондықтан бірден бәрін кесіп айту қиын. Мәселен, Атамбаев ақшаны аямай, күштік құрылымдардың басшыларын сатып алуы да мүмкін. Бұл елдің тарихында ондай дерек болған. Дегенмен, Жээнбековтің әулеті де тым осал емес.
Мен қазір бұл шиеленістің оңай шешілетін жолын көріп тұрған жоқпын. Тек енді қандай жағдайда да тұрақтылықтың бола қоймайтынын кесіп айтуға болады. Тіпті әлдебір жолмен шиеленісті азайтқан күннің өзінде. Мысалы, аймақтардан келген адамдар Бішкекке жіберілмеуі мүмкін, сөйтіп, екі жақтың шайқасуына жол берілмейтін шығар, бірақ алмағайып жағдай бәрібір біразға дейін созылатын болады.
Бұл ретте қарсы жақ Атамбаевты әлдеқандай бір ту етіп көтеруі де ғажап емес. Бірақ бұл жағдай тым ұзақ уақытқа созыла қоймайды деп ойлаймын. Жалпы, екі тараптың ұзаққа созылатын текетіресін көретін боламыз, демек, тыныш өмірді күтіп қажеті жоқ.
Оқиға азамат соғысына айналып кетпей ме?
– Олай бола қоймас. Қазіргі әлемде тіпті Қырғызстанды жеке бөліп алып қарағанда да, бар мәселені жээнбековтер мен атамбаевтар өздері ғана шеше қоймайды, бұған сыртқа факторлардың ететін әсерлері де бар. Қырғызстанмен ірі әріптес жағдайындағы көрші елдердің бірде-бірі бұл елде күштік шиеленіс орын алуына мүдделі емес. Шекараны күшейту немесе өз территориясына келетін босқындарды тоқтату үшін қосымша шығын шығаруды ешкім қаламайды. Олай болса, мұндай қауіп туа қалған күнде де оған жол бермеудің амалын табады. Мен Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымына онша сене қоймаймын, бірақ бұл жерде оның іске қосылуы мүмкін. Қазір Тәжікстанда азамат соғысы басталып кеткен кездің бірінші кезеңінде бәрі бетімен жіберілген 90-шы жылдардың басы емес. Қазіргі уақыт басқа.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button