Германия президенті Путин жөнінде қателескенін мойындады
БЕРЛИН. 5 сәуір. Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер өзінің бұған дейін Ресей мен оның басшысына беріп келген бағасының қате болғанына өкінетінін мәлімдеді. Бұл туралы Politiko хабарлады.
Штайнмайердің осы жайында сөйлеген сөзін халықаралық БАҚ-тар жариялады.
«Менің «Солтүстік тасқын-2» газ құбырына ынта білдіргенім анық қате болып шықты. Біз өзіміздің көптеген әріптестеріміздің ескерткендеріне қарамастан, Ресейдің өзі үмітін үзіп тұрған көпірді құлатпай, ұстап қалып едік», – деді ГФР президенті.
Штайнмайер сондай-ақ «Ресейдің қатысуымен жалпы еуропалық үй жасау» мен «қауіпсіздіктің жалпы архитектурасына Ресейді енгізу» идеясының да үлкен сәтсіздікке ұшырағанын мойындады.
«Мен Владимир Путиннің өз империялық ессіздігіне бола, елін экономикалық, саяси және моральдық тұрғыда толық күйретіп тастайтынына сенген жоқ едім», – деп түсіндірді саясаткер.
Штайнмайер немістердің Ресеймен қарым-қатынасты жақындату саясаты жолында күресіп жүрген санаулы ғана саясаткерлерінің бірі еді. Ол «Солтүстік тасқын-2» жобасын жүзеге асыруға мүдделі болғандардың алдында тұрды, Минск келісімінде Ресей жағына бұра тартқаны үшін бірнеше рет украиндардан сөз естіп қалды.
Германияның АҚШ бастаған көптеген одақтастары осы газ жобасы үшін Берлинді ұдайы сынға алып келді. Мұны олар 2014 жылы Қырымды аннексиялап өзіне қаратып алған Ресейге Украинаны жығып бергенмен бірдей болады, Владимир Путиннің амбициясына қосымша күш береді деп есептеді.
Алайда, Германияның бұрынғы канцлері Ангела Меркель «Солтүстік тасқын-2» жобасының коммерциялық мақсатты көздейтінін, мұнда ешқандай саясат жоқ екенін айтып, алған бетінен қайтпады. Ақырында одақтастардың болжамдары дұрыс болып шықты. Өзінің жазасыз екеніне әбден сеніп, масайрап алған Путин бір мезгілде әлем алдындағы, халықаралық қауымдастық алдындағы бар жауапкершілігін, ядро бомбасы бар елдің басшысы ретінде «ұстамдылық принципін» ұстануы керек екенін ұмытып, Украинаға тұтқиылдан шабуыл жасады. Ол соңғы күнге дейін мұндай қадамға бармайтынын айтып, әлем жұртшылығын ұятсыздықпен алдап келді.
«Осындай адамға сеніп келгеніме өкінемін», – деді Германия президенті.