Украин шекарашылары Чернигов облысының шегіне шықты
КИЕВ. 5 сәуір. Украина мемлекеттік шекара қызметінің бөлімшелері басқыншыларды елдің Черниогов облысындағы шекарасынан асырып тастады. Бұл туралы Donpress хабарлады.
Бүгін Украина Қарулы күштері жүргізген «Север» деп аталатын операция сәтті аяқталып, азат етушілер Днепровское, Горское және Неданчичи мемлекеттік шекара бекеттерін жау қолынан қайтарып алды.
Бұған дейін Киев және Житомир облыстарының дұшпан қол астынан босатылғаны, Сумы облысында территорияны оккупанттардан тазартудың соңғы кезеңі жүріп жатқаны хабарланған еді.
Дәл қазіргі таңда РФ-ың барлық күштерін Донбасс бағытына үйіп-төгіп жатқаны белгілі болып отыр. Агрессорлар Киев, Чернигов және Житомир облыстарынан әкетілген әскерлер қалдықтарын осында әкеп салды. Мұнда басты ұрыс қимылдары Мариуполь қаласы мен Луганск облысында жүріп жатыр.
Британия Қорғаныс министрлігі британиялық барлау қызметіне сілтеме жасай отырып, үш облыстан келген әскерилердің Донбасс бағытындағы соғысқа салынғанын баяндады. Бірақ олар әзірге айта қаларлықтай нәтижеге жетіп отырған жоқ. Украина тарапы керісінше жауға қатты тойтарыс беруде.
Британиялықтар сонымен қатар Мариупольді қорғаушы украин жауынгерлерінің жанқиярлық әрекеттері күткендегіден асып түскенін жеткізді. Украина Ішкі істер министрі Арсен Аваков Мариуполь қорғаушыларына дұшпанға олардан анағұрлым көп соққы беріп жатқандарын айтты. Олар өздерінен саны 10 есеге дейін көп қарсыластарын тыпыр еткізбей тастады.
Украин десантшылары бүгін РФ-ның 3 танкісі мен май тасығыш машинасын жойып жіберді.
Украин әскерилері сондай-ақ Ресейдің мобильді жерүсті Snar-10M1 барлау станциясын қолға түсірді.
Бүгін сол сияқты Николаев облысының бас прокуроры Геннадий Герман мемлекетке сатқындық жасады деген айыппен ұсталды. Ол Ресей басқыншыларымен ауыз жаласып, ФСБ-ға Николаевтағы атыс нүктелері, блокпостылардағы тәуліктік парольдер, қаза тапқан әскерилер мен азаматтық тұрғындар жөнінде деректер беріп тұрған.