Спорт

«Астана» тағы алға шықты

Шілденің 27-28 күндері ойналған премьер-лиганың 20-турында көңіл бөліп айтарлықтай үш түрлі ерекшелік орын алды. Мұның біріншісі ойналған 5 матчта тең ойын болған жоқ. Екіншісі, бұлардың бәрінде голды тек жеңіске жеткен командалар ғана соқты. Үшіншісі, екі немесе оданда көп гол соғылған 4 ойында түгел дубль тіркелді.

27 шілде
«Оқжетпес» – «Ақтөбе» 4:0
Голдар: Артем Дмитриев (7), Жасұлан Молдакараев (54, 76), Дарко Зорич (84, пенальти).
«Жетісу» – «Шахтер» 2:0
Голдар: Мартин Тошев (21, 28).
28 шілде
«Астана» – «Тараз» 4:0
Голдар: Рангело Янга (33, 71), Фирмин Мубеле (63), Марин Томасов (88).
«Тобыл» – «Қайсар» 0:2
Голдар: Куле Мбомбо (8, 21).
Алаңнан қуылды: Виктор Дмитриенко («Тобыл», 90+4)
«Ордабасы» – «Ертіс» 1:0
Гол: Алексей Щеткин (75).

Шілдеде бар-жоғы екі ойын ғана өткізген «Астана» чемпионатта қайтадан көш басына шыға алды. Ал «Тобылдың» жоғалған ұпайлардың аздығы жағынан артықшылығы соңғы турда тас-талқан болды. Бұдан бұрын бас жаттықтырушысынан айырылған қостанайлықтар тағы да өз алаңында ұтылды. Өткен турда «Қайраттан» 3:5 болып жеңілген олар бұл жолы «Қайсарға» 0:2 болып жол беріп қойды. Сөйтіп, елордалықтар алдындағы артықшылықтарының бәрін жойып алды.
Ал «Астана» өз алаңында «Таразды» қабылдап, оның қақпасына жауапсыз 4 гол соқты. Осы арқылы ол бірінші айналымдағы ұтылысының да кегін қайтарды. Осымен «Тобылдан» екі ұпай алға кетті. Енді «Қайрат» пен «Ордабасы» қостанайлықтар соңынан өкшелеп қуып келе жатыр. Алматылықтар 20-турдың ойынын сәуірде ойнап қойған еді. Ал шымкенттіктер өз алаңында Павлодардың «Ертісінен» бір доп айырымымен басым түсіп, қола медаль үшін қол артатындар сапына қосылды. Осы аралықта Талдықорғанның «Жетісуы» да өз алаңында «Шахтерді» сеніммен ұтып, алғашқы алтылықтың құрамына кірді. «Ақтөбе» өзінің жеңіліссіз ойындар сериясын алты матчқа жеткізе алмай, Көкшетауда «Оқжетпестен» оңбай ұтылды.
«Астананың» «Таразбен» өткен ойыны оның шілде айында өткізген небәрі екінші кездесуі еді. Алайда, «көкшіл-сары» жейделі команданың Чемпиондар лигасына негізгі назарды аударуы оның мұнда табысты ойнауына себепкер бола алмады. Команда бірінші ойыннан кейін-ақ «ұшып» кетіп, сайысты Еуропа лигасында жалғастырды. Оның «Таразбен» ойынына жанкүйерлер сондықтан ерекше мән берді. Иә, тараздықтар бірінші айналымда елордалықтарды сүріндіріп, сенсация жасаған еді. Астаналықтар сол кеткен есенің орнын толтыруға да айрықша құштар болды. Кездесу дебюті екі жақтың алма-кезек шабуылымен өтті. Матчтың 14-минутында «Тараз» тіпті есеп ашып та кете жаздады. Алдымен Мақсат Әмірханов оң қапталдан айып алаңына қарай доп жөнелтті, оны қабылдап алған Берік Айтбаев қақпаға қарай ұрды. Бірақ оны Ненад Эрич қайтарып үлгерді. Қонақтар осылай өздерінің алғашқы мүмкіндіктерін жіберіп алса, алаң иелері аздаған уақыттан кейін сондай сәтті керемет пайдаланып кетті. Мұнда Фирмин Мубеле айып алаңына қарай бара жатқан Рангела Янгаға доп асырды. Ал Янга оны құлап жатып баспен ұрып, тордан бір-ақ шығарды. Осы ойында дубль жасаған осы Янга болды.
Еурокубок жарыстарына қатыса бастаған «Ордабасы» ішкі біріншілікке де мықтап назар аударуды ұмытқан жоқ. Бұған дейін шаршай бастағаны білінген «Қайсар» Қостанайда жарқырап көрінді. Ол алаң иелерімен бірдей шабуыл жасап тұрды. Сол жорықтардың бірінде есеп ашып үлгерді. Бұдан кейін бір голы есепке алынбады. Дегенмен, қызылордалықтар бұдан соң тағы бір доп салып, ойын есебін бірінші таймда-ақ еңсеріп қойды.
Осы турдағы ойындармен командалардың барлығының ойындар мөлшері теңесіп, түгел 20 болды. Енді келесі 21-турдың кездесулері 3 тамыз күні ойналады. Онда «Атырау» – «Тобыл», «Ертіс» – «Қайрат», «Тараз» – «Ордабасы», «Шахтер» – «Астана», «Ақтөбе» – «Жетісу», «Қайсар» – «Оқжетпес» кездеседі.

Мергендер көші
12 – Адеринсола Эсеола («Қайрат»);
10 (1) – Мартон Эппель («Қайрат»), Марин Томасов («Астана»);
9 – Жоао Пауло («Ордабасы»);
8 – Тоқтар Жанғылышбай («Ордабасы»);
7 – Кули Мбомба, Тигран Барсегян (екеуі де – «Қайсар»);
7 (1) – Серж Ньюадзи («Тараз»);
7 (2) – Азат Нұрғалиев («Тобыл»);
6 – Сергей Зенёв («Шахтер»), Абат Айымбетов («Ақтөбе»);
6 (1) – Иван Пешич («Шахтер»).

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button