Маңғыстауда өткізіліп жатқан арнайы операция туралы
Бүгін, 29 шілде күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі бірлесе отырып Маңғыстау облысында ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің заңға қарсы әрекеттерінің жолын кесу бойынша ауқымды арнайы операция бастады. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі күндері Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында құқық қорғау органдары қылмыс деңгейін төмендету және елдегі қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөнінде кешенді шаралар қабылдауда. Аталған операция осы шара аясында жүргізілді. Тұрғындардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы операция жүргізуге Ұлттық қауіпсіздік және Ішкі істер органдарының арнайы жасақ күштері мен құралдары тартылды.
«Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің бірқатар ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасауға, оның ішінде адам өлтіруге және ұрлауға, ақша қаражатын бопсалауға қатыстары бар», – делінген хабарламада.
Бұл топтар қаруланған, ұйымшылдығы және дөрекілігімен ерекшеленеді.
Бас прокуратура осыған орай азаматтарды әлеуметтік желілерде тарауы мүмкін арандатушылыққа ермеуге және үрейленбеуге, сондай-ақ заңсыз әрекеттерге бармауға шақырады.