Спорт

«Шолпан жұлдыз өзіңсің шоқтай жарық»

Қызылорда қаласындағы «Еуразия» спорт кешенінде шағын футболдан осындай турнир болып өтті. Бұл туралы Kyzylorda-news.kz хабарлады.

Турнир облыстың қоғамдық өмірінде өзіндік ізі қалған  білікті маман, мемлекеттік қызметкер Әлия Ибраеваның өмірден өткеніне он жыл толуына арналды. Оған облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының командалары қатысты. Турнирді қала әкімдігі мен оның түрлі саладағы әріптестері мен дос-жарандары ұйымдастырды. Шарада Әлияның туған-туыстары болды.

Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған қоғам қайраткері Мұрат Әбенов Әлия Ибраеваның өмірінен жарқын естеліктер айтып, турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Уақыт шіркін жүйрік қой… Қандай жауапты қызмет атқарса да абырой биігінен көріне білген біздің әріптесіміз, досымыз Әлия Ибраеваның өмірден өткеніне тура он жыл болыпты. Әріптес, дос-жарандары оның жарқын бейнесін әлі күнге ұмытқан жоқ. Ұмытпайды да. Бүгінгі турнирді «Шолпан жұлдыз өзіңсің шоқтай жарық» деп атадық. Расында да, Әлия әріптесіміз – Шолпан жұлдызындай жарқыраған жан еді. Соңында өшпес із қалдырды. Бүгінде Қызылорда облысының қоғамдық өмірінде оның ешқашан өшпейтін қолтаңбасы сайрап тұр. Ондай іскер жанды ұмыту мүмкін емес. Жылдар өтсе де жүрегімізде есімі мен жарқын бейнесі мәңгілікке сақтала береді, – деді қоғам қайраткері.

Әлия Ибраева небәрі 32 жыл ғана өмір сүрді. 1994 жылы орта мектепті, 1998 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін үздік бітірген соң еңбек жолын Қызылорда қалалық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінде маман болып бастады. 2000-2002 жылдары мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің облыстық басқармасында маман, бас маман ретінде қызметін жалғастырды. 2002-2007 жылдары бөлім басшысы, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, 2007-2008 жылдары облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымдарына дейін жоғарылады. Одан кейін облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасында бөлімге жетекшілік етті.

Әлия Әсембекқызымен жақын араласқан, бірге жұмыс істеген жандардың қай-қайсысы да оның жүрегі мейірімге толы, көңілі кіршіксіз, жауапкершілігі жоғары, ісіне адал болғанын айтады. Қандай қызмет атқарса да білімділігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, ең бастысы, қарапайымдылығымен дараланды. Осы қасиетімен ол айналасына сыйлы, әріптестерінің арасында абыройлы болды. Әсіресе, үнемі күліп жүретіндігімен адамды өзіне бірден баурап алатын.

Турнирге «Ішкі саясат», «Сыр Медиа», «Қызылорда телеарнасы», «Қоғам ТВ», «Меншікті тілшілер», «Қаламгер», «Жас тілшілер», «Әлияның достары» секілді барлығы 8 команда қатысып, бақтарын сынады.

Тартысты әрі қызықты өткен жарыс қорытындысында «Сыр медиа» командасы жеңімпаз атанды. Жүлделі ІІ орынды «Қаламгер» командасы, ал, ІІІ орынды «Қызылорда телеарнасы» еншіледі.

Жеңімпаз командалардың бәріне қаржылай сыйлықтар тапсырылды.

Соңынан «Hayat Palace» мейрамханасында Әлия Ибраеваның рухына құран бағышталып, ас берілді.

Суреттерді түсірген Н.Нұржаубай.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button