Құқық

Жолсеріктер үкімін прокуратура тексереді

Бас транспорт прокуратурасы жолаушы әйелді зорлаған деген күдікпен сотталған жолсеріктерге қатысты үкімнің өзгертілетінін мәлімдеді. Бұл туралы Zakon.kz хабарлады.

Бас прокуратураның бас транспорт прокуроры Ернат Сыбанқұлов өзінің Fаcebook-тегі парақшасында мұның жай-күйін жазыпты.

Сот талқылауы барысында прокурор айыптауды толық көлемде қолдап, айыпты тұлғаларға 6 жыл 6 айдан бас бостандықтарынан айыру жазасын беруді сұраған болатын. Бірақ сот мүлде басқаша шешім қабылдады.

Қазіргі таңда сот үкімінің заңдылығы мен негізділігі зерттеліп жатыр.

Төтенше оқиға №98 «Нұрлы жол – Ақтөбе» аралығында қатынайтын пойыздың вагонында орын алған. Сот зорлауға қатысқан екі еркектің әрбірін 2,5 жылдан бас бостандықтарын айыру жазасына кесті. Үкімнен кейін зорланған қыз ауруханаға түсіп қалды.

***

Бұл оқиғаға байланысты ақтөбелік журналист Татьяна ТОКАРЬ 25 шілдеде aktobetimes.kz сайтына «Доктора наук дважды изнасиловали в поезде» деген мақала жариялады.

Журналист онда былай деп баяндайды:

«Түн ортасында ер кісі купенің есігін өз кілтімен ашып кіріп, онда жатқан жолаушы әйелді зорлайды, сосын оның үлгісімен вагонның екінші жолсерігі де солай етеді», деп атап көрсетті тергеу.

– Купеде сапар шегетін жалғызбасты әйелдер ықтимал қауіптілік жағдайында болады, – деп санайды «Не молчи kz» қозғалысының лидері Дина Смаилова. – Қазір «Қазақстан темір жолында» жаппай азғындық орын алған, ондағылар ойларына келгендерін істейді. Олар бәрін екі жақты келісіммен болған қатынас секілді етіп жасап көрсетеді. 35 жастағы жәбірленуші – Ақтөбе бизнес-шеңберіндегі өте белгілі маман, ғылым докторы, көп жылын шетелде өткізіп келген, көп оқыған, өзінің жеке бизнесі бар, өтілі мол жетекші. Бұл қылмыстың зардабы оның психикасына әсер етті, әлі күнге дейін психотерапевт пен психологта емделіп жүр. Бұған қоса, ол өзінің басынан өткен трагедияны туыстарынан жасырып отыр. Зорлық оқиғасы туралы тек жақын құрбысы мен дәрігерлер ғана біледі.

Сот процесі жабық жағдайда өтті. Дина Смаилова жәбірленушінің басынан өткен оқиғаның желісін былайша айтып берді:

– Иә, 2018 жылғы 26 қыркүйекте жас әйел Астанада өткен ғылыми конференциядан кейін Ақтөбеге қайтып келе жатады. «Тальго» пойызына отырған ол кешкі ас ішу үшін ресторанға барып қайтады. Әйел қайтып келгенінде купеде отырған сол вагонның жолсерігін көреді. Үстіне майка мен трико киіп алған ол сыра ішіп отыр екен. Жігітті купеден шығару үшін жарты сағат уақыт кетеді. Ал шамамен таңғы 4 сағат кезінде 30 жастағы жолсерік купені өз кілтімен ашып кіріп, қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан жолаушы әйелді зорлайды. Күтпеген жағдайдан шошып кеткен әйел қозғала алмай қалады, даусы шықпайды, қарсыласуға шамасы келмейді. Осыдан кейін 23 жасар жолсерігі кіріп, зорлық актісін қайталайды.

Смаилова атап көрсеткендей, жәбірленуші бірден полицияға шағымданады:

– Ол полицияға шағым түсіргенде, ешкім де соңына дейін бара алатынына сенген жоқ, себебі, «Қазақстан темір жолы» бойынша мұндай шағымдар өте көп түсетін. Олардың барлығы да екі жақтың бітімге келулерімен бейбіт аяқталып жататын. Жұрттың бәрі тағы да жәбірленуші арызын қайтып алады деп күтті. Оның ақырына дейін баруы шынында ерлік еді. Қылмыстың жасалғанын биологиялық, геномдық, үш психологиялық сараптамалар дәлелдеп берді, куәлардың, сарапшылардың және жәбірленушінің айғақтары алынды.

– Сот талқылауында сөз сөйлеген ол өз өмірінде барлық жетістікке еңбегімен жеткенін, өзінің ісін құрып алғанын, мұндай қорлыққа ешқашан түспейтіні туралы ойлағанын айтты, – деді Смаилова. – Пойызда басынан кешкен оқиғасы осының бәрін шайып кетті. Содан бері ол транквилизаторлармен отыр.

Сотталушылар өздерінің кінәларын мойындамады. Олар кетіп қалмау туралы қағазға қол қоюмен босатылды. Жолсеріктер бұл оқиғаның екіжақты келісіммен болғанын атап көрсетеді. Айтуларынша, әйел купеде жартылай жалаңаш отырып, жолсеріктерді шақырған сыңайлы. Сотталушы 23 жасар жігіттің әкесі журналистер алдында сөйлеп, ұлының қызы бар екенін, мұндай жағдайдың болуы мүмкін емес екенін айтты. Прокурор пойыз жолсеріктерін 6 жыл, 6 айға бас бостандықтан айыруды сұрады.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button