Зеленский: Чернобаевка әлем тарихының беттеріне кіреді
КИЕВ. 20 наурыз. Президент Владимир Зеленский украин әскерлері жеңістерінің куәсі болған Чернобаевканың тарихта аты қалатынын мәлімдеді. Бұл туралы УНИАН хабарлады.
Украина басшысы бұл сөзін Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған видеоүндеуінде айтты.
«Украинның Чернобаевкасы соғыстар тарихына енеді. Бұл жер Ресей әскерилері, олардың командирлері өздерінің сондай… адамдарды өлімге айдап салуға ғана жарайтын… дарынсыз, қабілетсіз екендерін толығымен көрсеткен орны болды», – деді Зеленский.
«Біздің әскерлеріміз Чернобаевка түбінде оккупанттарды алты рет жойып жіберді. Алты рет! Олар сонда да сол жерге келе берді», – деп атап өтті президент.
УНИАН шолу жасап шыққандай, Украина Қарулы күштері 19 наурыз күні Херсон қаласының түбіндегі Чернобаевка аэродромында ресейлік басқыншылардың позициясын алтыншы мәрте тас-талқан етті. Орыс позициясы бұл аэродромда бірінші мәрте 27 ақпанда жойылды. Украинның «Байрактарлары» соққы бергеннен кейін ресейліктер сол жерге жаңа тікұшақтарын әкеп қойды. Сосын украиндар 7 наурыз күні осы жерде жаудың 30 тікұшағының күлін көкке ұшырды. Ал бесінші дүркін 18 наурызда украин күштері Чернобаевка командалық пунктінде РФ Оңтүстік әскери округі 8-ші жалпы әскерлер армиясын қолбасшысымен бірге жойып жіберді, сондай-ақ бірнеше ұшағы мен тікұшағын түкке алғысыз етіп тастады.