Саратов және Рязань облыстарындағы аэродромдарға шабуыл жасалды
МӘСКЕУ. 5 желтоқсан. Бүгін белгісіз беспилотник Саратов облысы Энгельс қаласындағы аэродромға шабуыл жасаған. Бұл туралы The Moskow News хабарлады.
Baza телеграм-каналының өз мәнбелеріне сүйеніп жазуынша, ұшу аппараты соңынан ұшу-қону белдеуіне құлап, екі ұшаққа залал келтірген. Тағы екі адам жарақат алып, шұғыл госпитальға жіберілген.
Astra телеграм-каналы анықтағандай, «Энгельс-1» авиабазасында екі Ту-95 бомбардировщик-ракета тасығышы зақымданған. Жарақат алғандар – әскери қызметкерлер.
Оқиға жөнінде әзірге ресми ақпарат берілген жоқ.
Бұған дейін украин БАҚ-тары Ту-95 бомбардировщиктерінің Энгельстегі аэродромнан ұшып шығатынын әлденеше рет баяндаған еді. Желтоқсанның 1-і күні әскери аэродром жоғары әзірлік жағдайына келтірілген.
Айта кету керек, Maxar Technologies және Planet Labs компанияларының спутниктен түсірген суреттері авиабазада жиырмаға жуық стратегиялық бомбардировщиктің тұрғанын көрсеткен, сондай-ақ X-55 және Х-101 қанатты зымырандарын таситын арбалардың да бар екені байқалған.
Бұдан бөлек, дүйсенбі күні Рязань қаласының түбіндегі истребительдер топтастырылған аэродомда бір бензовоздың күлі көкке ұшқан. Нәтижесінде үш адам қаза тауып, алты адам зардап шеккен, бір ұшаққа зақым келген.
Рязаньның ya.62 порталы жазғандай, жергілікті тұрғындар таңғы сағат алтының шамасында Дягилев әскери аэродромы ауданынан түтін ұшып, дабылды ракеталар атылғанын, сондай-ақ ауаға керосиннің иісі тарап кеткенін баяндаған.
Бұдан бұрын Украинада Ресейдің шекарадан 1000 шақырым қашықтықта орналасқан тылына соққы бере алатын ұшқышсыз ұшақ дайындау жоспары бар екені хабарланған еді. Олардың басты нысанасы Саратовтағы, Рязаньдағы аэродромдар болатыны да айтылды. Мұның бәрі Ресейдің Украинадағы энергетикалық жүйе нысандарына соққы жасайтын ұшақтардың осы қалалардан ұшып шығатынынан туындап отыр.