Бірер күнде Беларусьтің Украинадағы соғысқа қосылуы ықтимал
КИЕВ. 20 наурыз. Украина әскери басшылығы қазір белорус армиясының Ресей агрессиясына тікелей қосылу ықтималдығы жоғары болып отыр деп санайды. Бұл туралы «Белсат» хабарлады.
Киев мұны өз барлаушыларының соңғы күндердегі деректеріне сүйеніп мәлімдеді.
«Беларусь Республикасы Қарулы күштерінің Украина аумағына тікелей басып кіруіне дайындық белгілері бар екені анықталды. Біздің қорғаныс күштеріміз бұл шабуылға тойтарыс беруге дайын. Беларусь армиясын Ресейдің Украинаға агрессиясына белорус халқының басым бөлігінің еркінен тыс тікелей қатыстыру Александр Лукашенконың орны толмас қателігі болмақ», – делінген Украина Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Осы орайда Украина Қарулы күштерінің Бас штабы УНИАН тілшісіне Беларусьтің Волынь бағытында шабуыл жасау қаупі «жоғары деп бағаланатынын» жеткізді.
Ал «Украинская правда» өзінің барлау мәнбесіне сілтеме жасай отырып, Беларусьтің алдағы 1-2 күннің ішінде Ресей жағында Украинаға қарсы соғысқа қосылғалы тұрғанын баяндады. Басылым мәнбесі белорустардың бұған дейін еш жерде соғыспағанын, жауынгерлік тәжірибесі жоқ екенін айта келіп, оның Украинамен не үшін соғысатыны түсініксіз екенін де атап өтті. Ол «Беларусь әскери күштері Украина территориясында босқа оққа ұшатын нысанаға айналады» деп есептейді.
Еске сала кетейік, кеше Беларусь елшісі Игорь Соколдің 11 қызметкерімен бірге Украинадан кеткені белгілі болды.