Путиннің «Лужникиде» сөйлеген сәті соңына дейін көрсетілмеді
МӘСКЕУ. 18 наурыз. Бүгін Мәскеудегі «Лужники» стадионында сөз сөйлеген Владимир Путиннің тікелей эфирдегі трансляциясы ортасынан үзіліп қалды. Бұл туралы грузиннің NewsTbilsi порталы хабарлады.
Шара Қырымды аннексия жасап алудың 8 жылдығына байланысты ұйымдастырылып, Ресейдің Украинаға агрессиясына қолдау жасауға арналды.
Стадиондағы тұғырға президент Владимир Путин , сондай-ақ оған дем берушілер ретінде Маргарита Симоньян, Тина Канделаки, Мария Захарова және басқалар көтерілді.
Путин сөйлеп тұрған кезде кенет трансляция үзіліп қалды да, эфирде әнші Олег Газмановтың концерті басталып кетті. Бұл жайт әлеуметтік желіде көптеген болжамдардың айтылуына себеп болды. Осыдан кейін көрермендер Путиннің тікелей эфирде сөйлегенінің өзіне күмән келтіре бастады. Пікірлер тоғысы мұның жазба вариант екеніне қарай ауды.
Бұдан кейін Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков инцидентке «сервердегі техникалық ахау» себеп болғанын айтып ақталды.
«Лужники» – Ресейдегі ең үлкен стадион. Оған 80 000 адам сияды.
«Financial Times» газетінің Мәскеу бюросының басшысы Макс Седдон осы күні Twitter-де өзіне көптеген адамдар хабарласып, мемлекеттік мекемелердегі шенеуніктерді «Лужникиге» автобуспен тасып жатқандарын жеткізгенін жазды.
Ал концертте мына өнер жұлдыздары қатысты:
- Григорий Лепс,
- Николай Басков,
- Тимати,
- Полина Гагарина,
- Олег Газманов,
- «Любэ» тобы,
- Владимир Машков және басқалар.