Әбдіғалиұлы: Қаңтар қырғыны Назарбаевқа барып тіреледі (видео)
АСТАНА. 19 наурыз. Кеше Qasqa jol бағдарламасына қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы қаңтар қырғынындағы жұмбақтың бәрі Назарбаевқа барып тірелетінін мәлімдеді. Бұл туралы «Орда.kz» хабарлады.
Бағдарламаға қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадам мен Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы қатысты.
Мұның алдында, 16 наурыз күні жариялаған Жолдауына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қасіретті қаңтардың артында лауазымды адамдар тұрғанын айтқан болатын. Лекин, ол нақты кіслерді атап көрсете қоймады.
«Елдің жағдайын білеміз. Қауіпсіздік кеңесі кімге бағынғанын білеміз. Не себепті бұл жағдайдың орын алғаны белгілі. Қалай болғанда да істің бәрі сол кісіге (Нұрсұлтан Назарбаевқа) барып тіреліп тұр. Менің ойымша, оның төңірегіндегілердің бәрін тазартады. Ар жағында үлкен мәселе туындайды. Бұрынғы Президентке қалай баға береміз деген мәселе шығады. Менің ойымша осыған Тоқаев жауап беруі керек», – деді Сейдахмет Құттықадам.
Берік Әбдіғалиұлы бұл болжамға сенетінін, бірақ әлі тергеу нәтижесін күту керектігін айтты.
«Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Кім ұйымдастырғаны анықталып, әлі айтылады. Әрине, саяси жағы бәрібір сол кісіге тіреліп тұр. Бірақ біз құқықтық мемлекет болғандықтан, шешімдер заң аясында қабылдануы керек. Егер дәлелдесек, олардың әкеткен ақшаларын қайтара аламыз. Дәлелдей алмасақ, ақшаны қайтаруға ешкім рұқсат бермейді. Халықаралық тұрғыда ешкім санаспайды. Әрине, басты мақсат – кінәлілерді қамап, әділетті шешім қабылдау. Сонымен қатар Қазақстаннан кеткен миллиардтаған қаржыны қайтару керек. Сондықтан бүгін үлкен жұмыстар жүріп жатыр. Президент екі ай уақыт берді» деді Әбдіғалиұлы.