Отбасының бір мүшесі – Қайрат Сатыбалды қамауға алынды
АЛМАТЫ. 13 наурыз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Назарбаевтың баласы, яғни туған інісінің үлкен ұлы Қайрат Сатыбалдыны қамауға алды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Алдымен әлеуметтік желіде Қайрат Сатыбалдының қамауға алынып жатқан кезі түсірілген сурет тарады.
Күдіктінің лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша ұсталғаны мәлім болды.
Артынан Сыбайлас жемқорлық агенттігі фактіні растаған хабарлама жасады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша қылмыстық істі тергеуде. Аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен Қайрат Сатыбалдыұлы Сатыбалды ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды», – делінген хабарламада.
Сонымен бірге, Қайрат Сатыбалдының мемлекет қауіпсіздігіне қаншалықты қатер келтіргені тексерілетіні айтылды. Бұл жердегі әңгіме қаңтар қырғынына «сақалдылардың» араласуына оның қаншалықты қатысы болғаны жөнінде болып отырған сияқты.
«Мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде», – делінген агенттік хабарламасыда бұдан әрі.
Қазір тергеу жүріп жатыр. Тергеу мүддеміне сай өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Бұған қосатынымыз, Қайрат Сатыбалды Қазақстаннан кетіп қалмақ болып жатқан жерінде ұсталыпты. Оқиға бүгін сағат 17-00-де Алматы аэропортының ВИП-терминалында болған. Оны Антикордың орталық аппаратының қызметкері тұтқындаған. Олар соңғы сәтке дейін операцияны өте құпия ұстаған. Сондықтан Алматы қалалық сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің жігіттері де оның кімге қатысты екенін білмеген.
Ол – қаңтар оқиғасынан кейін, соған қатысы бар деген күдікпен қамалып отырған Назарбаев әулетінің бірінші адамы. Сең сөгілген сияқты. Шындықты ашудың кілті қолға түскен сыңайлы. Мұның алдында осы Қайраттың туған інісі Самат Әбішке қатысты әңгімелер де бекер шықпағанға ұқсайды.