Қайрат Сатыбалды қамауда отырып-ақ Алматыда қонақ үй сатып алды
АЛМАТЫ. 5 маусым. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісінің баласы Қайрат Сатыбалды тергеуде жүрген кезінде-ақ қонақ үй сатып алуға мүмкіндік тапты. Бұл туралы Nege.kz дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Портал тілшісі Қайрат Сатыбалдының күн сайын тергеуге жауап беріп жүрген уақытында
Алматының орталығындағы Double Tree by Hilton Almaty қонақ үйін сатып алғанын баян етеді.
«Кезінде кәсіпкер Шолпан Кәренеевадан рейдерлік жолмен тартып алынған, Алматының орталығындағы басынан біраз жайтты кешкен Double Tree by Hilton Almaty отелін Қайрат Сатыбалды егеленіп үлгерді», – деп мәлімдеді Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай.
Айта кетуіміз керек, бұл кезде Қайрат Сатыбалды темір тордың арғы жағында – түрмеде отырған болатын.
«Ол осы күндері тергеуде жүргеніне және оқшаулағышта отырғанына қарамастан, тиісті құжаттарды алып тұрды, нотариуспен және келіссөзді жүргізушілермен ұдайы байланыста болып отырды. Нәтижесінде 6 миллиард теңгенің сату-сатып алу шарты ресімделді», – деп істің бүге-шігесін айтып берді депутат.
«Күштінің көтені диірмен тартады» деген осы, шамасы…
Еске сала кетейік, ҚазТАГ мұның алдында бұрын «Казаэронавигация» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қарасты DoubleTree by Hilton Almaty мейманхана кешенін рейдерлік жолмен басып алды деп айыпталған «АБЛИ-Құрылыс» ЖШС-ның өкілдері Назарбаевтың баласы (қазақ ұғымында аға үшін інісінің баласы да бір баласы болып саналады, ол оған ешқандайда жиен не іні емес – ред.) Қайрат Сатыбалдының бұл істе басты рөл атқарғанын атап көрсеткенін жайлы жазған еді. Демек, оның сол рейдерлікке тікелей қатысы бар.
Өткен жылғы 19 қыркүйекие Қайрат Сатыбалдының қылмыстық істерін сот жүзінде қарау басталған болатын. Ал 26 қыркүйекте сот үкім шығарып, ол небәрі алты (!!!) жылға бас бостандығынан айырылды.