Қайрат Сатыбалдының БАӘ-дегі $14 млн қаржысы қайтарылды
АСТАНА. 31 мамыр. Біріккен Араб Әмірлігінен Қайрат Сатыбалдының ісі бойынша $14 млн ақша Қазақстанға қайтып келді. Бұл туралы жемқорлыққа қарсы қызмет дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да адамдарға қатысты жүргізіліп жатқан тергеу аясында елден заңсыз шығарылған активтерді, оның ішінде қылмыстық жолмен алынған ақша және өзге де мүлікті қайтару жөнінде шара қабылдап жатыр.
«Мамыр айының соңына қарай Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарымен халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз ететін Бас прокуратурамен бірлесіп, Біріккен Араб Әмірліктерінен жалпы сомасы 14 млн АҚШ долларын қайтарды», – делінген сәрсенбі күні таратылған хабарламада.
Хабарланғандай, аталған қаражат мемлекет кірісіне айналдырылып, әлеуметтік мақсаттарда пайдаланылады.
«Қылмыстық қудалау басталғаннан бері мемлекетке заңсыз сатып алынған Сатыбалдыұлының және онымен байланысты тұлғалардың барлығы 464 млрд теңгеден астам сомаға мүліктік активтері мен ақшалай қаражаттары қайтарылды. Бұлардың қатарына әкімшілік ғимараттар, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, сәнді көліктер, қолма-қол ақша, акциялар мен компаниялардың үлестері, сондай-ақ теміржол кіреді. Заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша жұмыс жалғасып жатыр», – дегенді қосты «антикор».
Еске сала кетейік, бұрынғы президенттің туған інісі Сатыбалдының баласы Қайрат Сатыбалдыұлы 2022 жылы 26 қыркүйекте алты жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Оған мемлекет мүлкін талан-таражға салды деген айып тағылып, дүние-мүлкі тәркіленді, сондай-ақ жазасын өтегеннен кейін 10 жылға мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға тыйым салынды. Бұдан бөлек, арнайы шені мен мемлекеттік наградалары түгел алынды.