Ресей химиялық қару қолданса, соғысқа НАТО араласады – Дуда
ВАРШАВА. 13 наурыз. Ресей армиясы Украинада химиялық қаруды іске қосар болса, НАТО соғысқа араласуы мүмкін. Бұл туралы «Европейская правда» хабарлады.
«Ресейдің Украинада химиялық қару қолдануы НАТО-ның бұл әскери қақтығысқа араласпау жөніндегі шешімін қайта қарауына апаруы ықтимал», – деді Польша президенті Анджей Дуда BBC-ге берген сұхбатында.
Журналистер президенттен Владимир Путин химиялық қару қолдануға дайындалуы қаншалықты мүмкін екені жайлы сұрақ қойды.
«Біз Екінші дүниежүзілік соғыстан бері дәл мынандай ауқымды соғыс көрген жоқпыз. Егер сіздер менен Путиннің химиялық қаруды қолдануы қаншалықты мүмкін екені жайында сұрап отырсаңыздар, мен айтайын: Путин оны тап қазір-ақ, әсіресе, осындай күрделі жағдайда отырған кезінде қолдана салуы мүмкін деп ойлаймын. Ол бұл соғыста саяси жағынан оңбай ұтылды, әлемде оны қолдап отырған бірде-бір ел жоқ есепті, ал әскери жағынан ол әзірге басымдық танытып тұр», – деді поляк президенті.
Бұл соғысқа НАТО-ның қандай жағдайда араласуы мүмкін екені турасындағы сауалға Дуда: «Әрине, жұрттың бәрі Путин мұндай ақырғы қадамға бармайтын шығар деп үміттеніп отыр. Бірақ… егер ол жаппай қырып-жою қаруын қолданатын болса, жағдайды бірден күрт өзгертіп жібереді», – деді.
«Әрине, НАТО-ға… келіссөз үстеліне отыруға тура келеді, шынында да бұл жайында мықтап ойлану керек, себебі, бұл орын алса, ол тек Еуропаға ғана емес, күллі әлемге қауіп төнеді», – дегенді қосты ол.
Бұдан бұрын АҚШ президенті Джо Байден Ресей Украинада химиялық қару қолданатын болса, бұл үшін «қатал жаза» алатынын ескерткен еді.
Еске сала кетейік, БҰҰ жұма күні Украинада биологиялық қару жасау бағдарламасы бар екенін дәлелденбегенін жеткізді. Ал Ресейдің Украинаға соғыс ашқан алғашқы күндері тараған осы қауесетке аяқ астынан жабыса кеткен еді.