Поляктар Ватиканнан Путинді «антихрист» деп жариялауды өтінді
ВАРШАВА. 6 наурыз. Поляк католиктері Ватиканға хат жазып, Рим Папасы Францискадан Ресей президенті Путинді антихрист деп тануды сұрады. Бұл туралы «БелСат» хабарлады.
Поляк католиктері қайраткерлерінің тобы Владимир Путиннің Украинаға қарсы жүргізіп жатқан соғысының әділетсіздік екенін атап өтті. Хатқа есімдері елге танымал жазушылар, ғалымдар, әдебиетшілер, журналистер, священниктер мен монахтар қол қойды.
Олар өздерінің ұжымдық хатында Украинадағы жанжал мен шиеленістің 2014 жылдан бері жалғасып келе жатқанын жазды. «Ресей 24 ақпанда Украина жеріне басып кіріп, өздері атағандай, арнайы операцияны емес, нағыз соғысты бастап кетті», – деп баяндады хат иелері.
«Қазір Украинада осының салдарынан украин солдаттары, жазықсыз украин балалары, әйелдер мен бейбіт тұрғындар қырылып жатыр, коммунизмнен кейін зор еңбекпен қайта қалпына келтірілген материалдық құндылықтар қиратылуда. Біз әскери қылмыс деп бағалауға жататын террорлық актілерді күн сайын көріп отырмыз. Бүгінгі күнге дейін поляктар 700 мыңға жуық украин босқындарын қабылдап алып, өз үйлеріне орналастырды», – делінген хатта.
Олардың пікірлерінше, «Путин айналасына өлім сеуіп, бақытсыздық әкелетін антихристің сценариіне келеді», ал соғысқа қолдау көрсетіп отырған Мәскеу патриархаты Кирилл «діннен безген» болып табылады.
Хат иелері соңында Рим Папасынан Владимир Путинді антихрист деп жариялап, оны қолдап отырған патриархат Кириллді анафемаға жіберуді сұрайды.