Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

Алматы абақтысында «жауыздар» жұмыс істейді…

Басқа басылымдардан

Алматыдағы «СИ-18» абақтысындағы азаптауды басынан өткерген Ақылжан Қисымбаев қалалық прокуратураға жауыздық қинаудың қияметі туралы шағым жазып, өзіне азаптау көрсеткен полиция қызметкерлерін жазаға тартуды талап етті. Ол газет тілшілеріне берген сұхбатында «Қаңтар қасіретіне» байланысты басынан өткен жағдайды баяндап, тергеу абақтысында болып жатқан сұмдықтарды халық білуі тиіс деген өтінішін айтты.

– Ең алдымен жағдайдың қалай болғанын айтып берсеңіз: алаңда болдыңыз ба, не көрдіңіз, нені бастан кешірдіңіз?

– Мен өз нәпақамды құрылыста «сварщик» болып жұмыс істеп тауып жүрмін. Сол күні, нақты 5 қаңтарда Алматы қаласындағы Сейфуллин мен Гоголь көшелерінің қиылысындағы бір үйдің құрылысында жұмыс істеп жатқан едік. Сағат түскі сәттен ауған кезде Сейфуллин көшесімен жоғары кетіп бара жатқан адамдар нөпірін терезеден байқадым. Бір кезде мен жұмыс жасап жатқан бөлменің терезесіне тас тиіп, күл-паршасы шықты. Не болғанын білу үшін, жүгіріп дала шықтым. Бұл тобыр қайда бара жатқанын білейін деп, көше бойлап жүре бастағаным сол еді, қай жақтан екені белгісіз, оқ атыла бастады. Қорыққанымнан мен де басқалармен бірге тұра қаштым. Сол кезде нөпірдің соңынан қуған әскери техника мен қаруланған сарбаздар оқ жаудырды.

– Әскерилер резеңке оқпен атты ма?

– Алғашында ол жағын нақты аңғара алмадым, жағдай абыр-сабыр, түсініксіз болып кеткендіктен, өзім де абдырап қалдым. Кейіннен кәдімгі «боевой» оқпен атып жатқанын жараланған кезімде білдім. Қашып келе жатқанымда, оң жіліншігімнің артқы жағынан оқ тиіді. Жерге құлап, аяғым қан-жоса болды. Оқ аяғымды тесіп өткен екен, есімнен танып қалдым. Көзімді қалалық ауруханада аштым. Дәрігерлер аяғыма ота жасапты.

Арада үш күн өткен соң, 8 қаңтарда кешкі сағат 20:00-дің шамасында мен жатқан палатаға беттерін бүркеген 7-8 қаруланған солдат кіріп келіп, капельницада жатқан жерімнен жұлып алып, жерге жықты. Ауыздарына келгенін айтып, «вахабиттер» деп, бізді қазақша-орысша балағаттап, бетімізбен жерге қаратып жатқызып қойды. Маған ота жасалғандықтан, үстімде іш киімнен басқа ештеңе жоқ еді, жалаң аяқпын.

Біраздан соң бізді дәлізге айдап алып шықты. «Тез жүріңдер!» деп тепкілеп, автоматтың дүмімен ұрды. Сау аяғыммен секіріп, қабырғаны сүйеу етіп, дәлізге шықтым. Сөйтсем, онда адам көп екен, біразы дәкемен таңылған жаралылар. Бәрімізді тұқыртып, дәліздің қабырғасы бойымен тізіп қойды. Тұра алмағандар құлап жатты. Оларды бастарынан, кеуделерінен, жарақат алған жерлерінен ұрып-соғып, құлағандарын қайтадан күшпен тұрғызып жатты.

Сәлден соң арқамызға қару кезеп, бәрімізді далаға шығарды. Біз 4-қабатта болғандықтан, маған бір аяқпен түсу қиынға соқты. Бірнеше рет құлап та қалдым. Ақыры аяғымнан тұра алмай, қолмен еңбектеп түсуге мәжбүр болдым. Көбіміздің ота жасалған жерімізден пластик түтіктер шығып тұр, киінуге мүмкіндік бермеді. Тіпті біразында аяқ киім де жоқ, мен де далаға жалаң аяқ шықтым. Шамамен отыз адамдаймыз.

Далаға шығарып, бетімізді төмен қаратып, мұздай жерге 15-20 минуттай жатқызып қойды. Қозғалсақ немесе қандай да бір дауыс шығарсақ, балағаттап ұрып-соқты.

– Сіздерді ұрып-соққандар полицейлер ме, әлде әскерилер ме?

– Білмеймін. Ешкім өзін таныстырған жоқ, ал бізге басымызды да көтертпеді. Қандай да бір сұрақ үшін бірден ұрды. Артынан бәрімізді «автозакқа» тиеді. Тар қораптың ішіне 20 шақты адамды бірақ тықты. Бәріміз жаралымыз, бірақ оған қарап жатқан ешкім жоқ. Тар жерге сыймағандықтан, бір-біріміздің үстімізге жатуға тура келді.

Біраздан соң бәрімізді ЛА-155/18 мекемесіне алып келді.

Көліктен бір-бірлеп шығарып, тағы да жарты сағаттай суық жерге жатқызып қойды. Айттым ғой – көбіміз жалаңаш, жалаң аяқпыз. Сосын бір-бірлеп суық бөлмеге кіргізді. Ол жерде беттерінде маска, қолдарына резеңке таяқ ұстаған СОБР-дың 40-50 солдаты болды. Бізді балағаттап, қорқытып, басымызды көтертпей ұрып-соққан соң, басқа бөлмеге кіргізді. Ол жерде полиция киімін киген төрт ер адам және бір әйел болды. Олар өздерінің кім екенін және бізді не үшін ұстағандарын айтпады. Бір адам бейнекамераға түсіріп тұрды. Маған: «Аты-жөнің кім, қай жылы тудың, қай мекенжайда тұрасың, қай жерің жараланды?» деген сұрақтар қойды.

Осыдан кейін мені 1-қабаттағы камера тәріздес басқа бөлмеге кіргізді. Ол жерде екі тергеуші болды. Мені сұрақтың астына алып, балағаттап, ұрып-соқты. Орысша-қазақшасын араластырып, сұрақтар қойды. Оның көбін түсіне де алмадым.

– Сонда сізді ұрып-соғып, адам айтқысыз қинау мен зорлық-зомбылық көрсеткендер не сұрайды? Қандай жауап алғысы келді?

– Менің білгенім – олар бізден «терроршы» жасағысы келді. «Сен митингте болдың, террористерге көмектестің, адам өлтірдің!» деп айғайлап, басымнан, бүйрегімнен, тіпті ота жасалып, бинтпен оралған жіліншігімнен де тепкілегеніне қарағанда, «мен – терроршымын, бүлікшімін» деп жауап беруім керек еді.

Олар менің аяғымнан сорғалап аққан қанға да қарамады. Аяғымдағы дәке мен ораудың арасынан шығып тұрған дренаж түтікті суырып тастады. Аяғымның ауырғаны сонша, бірнеше рет есімнен тандым. Еденнің бәрі қан болды.

Маған оқып-танысуға мүмкіндік бермей, құжаттарға қол қойғыза бастады. «Келіспеймін» деп жазғаным үшін одан бетер соқты. Бұл түнімен, 9 қаңтардың таңына дейін созылды.

Таңертең 10 адамнан топтап, камераларға кіргізді. Мен ЛА-155/18 мекемесінің 3-қабатындағы 268-камераға түстім. Далада қыс болса да, камераның терезесі жоқ екен. Іші суық. Біз – киімсіз. Темір төсектерде матрас та жоқ. Амалсыздан бір бірімізге тақалып жаттық. Басым, әсіресе жарақаттанған аяғым ауырғандықтан, ұйықтай алмадым.

10 қаңтар күні кешкісін тергеуші мен күзетші мені камерадан алып шығып, басқа камераға алып барды. Ол жерде беттеріне маска киген адамдар болды. Қол ара, қайшы мен пышақты көргенде, бұл азаптау камерасы екенін түсіндім. Мені керегеге қол-аяғымды «х» әріпі сияқты байлап қойып, қолмен де, резеңке таяқпен де, кезек-кезек ұрды.

Тергеуші маған сұрақтар қойып, 6 қаңтар күні наразылық акциясына шыққанымды мойындауымды, танысып үлгермеген құжаттарға қол қоюымды талап етті. Ал мен болсам ауруханаға 5 қаңтар күні түскен едім. Әлім кетіп, есімнен танып жатсам да, әлгі құжатттарға «келіспеймін» деп жаздым. Одан әрмен ұрды. Есімнен танған кезде бетіме суық су шашып, ары қарай ұрды. Екі сағаттан кейін мені қайтадан камераға әкелді.

Мен түскен жердің ЛА-155/18 мекемесі екенін тек 14 қаңтарда ғана білдім. Кезекті тергеу кезінде қазақ тілді тергеуші өз сұрақтарын қойып, маған қатысты соттың жабық түрде өтетінін және маған ҚР ҚК 272-бабы бойынша айып тағылатынын айтты. Сол күні түстен кейін сот отырысы өтті. Соттың басталуына 15 минут қалғанда маған Ұлан Шалаев деген қорғаушы тағайындалды. Онымен ақылдасып, қорғаушым ретінде кеңес те ала алмадым. Бар айтқаны – бәрімізді түрмеге жабады екен. Сотқа әкелген адамдардың көбі киімсіз болды. Біреу артық сұрақ қойса болды, таяқтың астына алды.

– Сізді соттаған судьяның, айып таққан прокурордың аты-жөнін білесіз бе?

– Есімде жоқ. Білетінім – баяғы 37-жыл сияқты, сотқа судья, прокурор, хатшы және маған тағайындалған адвокат қана қатысты. Менің үстімде киім жоқ, аяғым қан-қан болған шүберекпен ораулы, көгала қойдай ұрып-соғылған, бір аяқпен секіріп жүрген жағдайымның өте нашар екенін бәрі көріп, біле тұра, ешқайсысы ауыз ашпады. Мүлде жүруге жарамайтындарды «носилкамен» әкеліп жатты.

3-4 минутқа созылған сот отырысы мені екі ай қамаққа отырғызу туралы шешім шығарды. Мен ешқандай митингте болғаным жоқ деп айтқанымды ешкім елемеді. Қорғаушы ешқандай ақыл-кеңес берген жоқ, тек формальдылықты сақтау үшін ғана болды.

Біз СИЗО абақтысында жатқанда, қаңтардың 10-ы мен 20-сы аралығында камераға бетіне масқа киіп, қолына резеңке таяқ ұстаған қара киімді адамдар күніне бірнеше рет кіріп, барлығымызды ұрып-соғып кететін. Бізді соққылау 15 минуттан бір сағатқа дейін созылатын. Мені көбіне басым мен жаралы аяғымнан ұратын. Содан бері әлі күнге дейін басым айналып, ауырып жүрмін. Менің көзім жеткені – ел арасында «СИ-18» деп аталатын Алматының тергеу абақтысында кілең жауыздар жұмыс істейді екен.

– Ал соттан кейін әкімшілік жазаны өтеу абақтысына ауыстырды ма?

– Жоқ, сол жерде қалдырды. Мен ЛА-155/18 мекемесінде 8–25 қаңтар аралығында жаттым. Ол жердегілердің көбі өзім сияқты жарақат алған адамдар. Артық киімі барлар ауруханадан киімсіз келгендермен бөлісті. Мекеме әкімшілігі мен тергеушілер менің жалаңаш жүргенімді көре тұра, киім бермеді.

Жаралы екенімді, аяғыма ота жасалғанын біле тұра, маған ешқандай дәрігерлік көмек көрсетілген жоқ. Тек бір апта өткен соң ғана аяғымдағы қаны кеуіп, кір болған шүберекті бинтке ауыстырып, жаңадан таңып берді. 17 қаңтар күні жарамдағы жіпті шешіп, бостандыққа шығарар алдында ғана бинтті жаңалап берді. Антибиотик пен ауырғанды басатын дәрілерді қанша сұрасам да, ешкім бермеді. Бар бергені дене қызуын басатын дәрі болды. Алайда оның ешқандай көмегі болмады.

– Ал ақыр аяғында сізді абақтыдан қалай босатты? Екі айғы жазаның толық өтелмегенін сізге қалай түсіндірді?

– Біздің – менімен бірге 11 адам – мерзімінен бұрын босатылуымызға «Қаңтар оқиғасынан» кейінгі қоғамдық толқудың әсері болды деп ойлаймын. Оның үстіне елде құрылған тәуелсіз қоғамдық комиссиялар биліктің «20 000 терроршы» туралы жоспарын быт-шыт қылған сияқты. 25 қаңтарда маған қатысты қамауды «ешқайда кетпеу» туралы тілхатқа ауыстырды.

Мен абақтыдан шығар кезде Азамат есімді прокурор көрген қорлық-зомбылығымды айтпауымды, әйтпесе қайта қамалатынымды айтып, мені қорқытпақ болды. Бірақ мен осы күндерде көрген қорлығымды ешқашан ұмыта алмаймын және әділет үшін аяғына дейін күресемін.

Себебі – маған қарсы қолдан жасалған қылмыстық іс әлі жабылған жоқ, менің құқымды өрескел бұзғандар жазасыз қалды. Мен наразылық шарасына қатысқан емеспін, мені биліктің әскері атып, жаралады, денсаулығымды құртты, дер кезінде медициналық көмектен айырды.

– Қорланған азаматтық намыс тағы бар…

– Әлбетте! Бұл жағдай менің ашу-ызамды тудырады, намысымды қоздырады, түнде ұйықтай алмайтын жағдайға жеткізді. Үсті-басымда көптеген гематома – ісік-жаралар бар, ішкі ағзаларым зақымдалған, миым шайқалып, оң аяғым қозғалмайды, басып тұра алмаймын. Қазіргі жағдайым ауыр, жүре алмаймын, жата беремін, дене қызуым бар, аяғым қақсайды. Оның үстіне бәрінен бұрын құқық сақтау органдары қызметкерлерінің қатыгездігінен кейін намысым қорланды. Тіпті абақтыдан шыққан соң да қажетті медициналық көмек ала алмай отырмын, өйткені дәрігерлер мені емдеуге қорқады.

Ал ЛА-155-18 мекемесінің тергеушілері мен прокурорларының жоғарыда айтылған әрекеттерін азаптау деп есептеймін, жасамаған қылмысты мойныма алу үшін ұрып-соғып, қорқыту арқылы өзіме жала жаппақ болды. Маған ескертусіз оқ атқандарды анықтаудың орнына мені қорлады.

– Иә, сіздің көрген қорлығыңыз туралы қорқынышты баяндауларыңызды естігеннен кейін, прокуратураға шағым түсіруіңізге толық құқыңыз бар екеніне көзіміз жетті…

– Мен енді бір-бірінің көзін шұқымайтын прокуратура мен сот органдарының көзін жеткізуім керек! Маған қарсы қолданған азаптаулар мен қатыгездіктері, медициналық көмек көрсетпеулері, Қазақстан Конституциясында бекітілген, нақтырақ айтсақ, 17-бап – ешкімді азаптауға, зорлық-зомбылық көрсетуге, адамды қорлайтын басқа да қатыгездіктерге жол берілмеуі тиіс және 29-бап – денсаулықты қорғау мен медициналық көмекке әркім құқылы деген негізгі құқықтарымды бұзды.

Маған жасалған азаптаулар ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабына сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық болып табылады және де сол азаптаған адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс: полиция қызметкерлері (тергеу тобының мүшелері), прокурорлар, Алматы қаласы ЛА-155/18 мекемесі, ДУИС бастығы Жұмадиев бастаған жауыздар жазаға тартылуы тиіс! Осының барлығын мен прокуратураға түсірген шағымымда толық жаздым.

– «Абақтыдағы жауыздар» деп пе?

– Мен олардың жауыз екенін Қазақстан халқы білсін деп қана сізге журналист ретінде айтып отырмын. Әрине, шағым ресми құжат тілінде жазылды.

– Ендеше біз сіздің сол «жауыздарды» жазаға тартқызу әрекетіңізге тілектеспіз. Қажет болған жағдайда біздің редакцияға хабарласып тұрыңыз – әрдайым көмекке келуге әзірміз. Іске сәт!

Азамат ШОРМАНХАНҰЛЫ,

Танакөз ҚАЙЫРГЕЛДІ,

«D»

«DAT». 17.02.2022.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button