Қызылорда облысы өнерпаздарының Алматыдағы концерті дүрілдеп өтті
АЛМАТЫ. 21 қыркүйек. Қызылорда облысының Алматыдағы өнер күндері аясында өткен аймақ өнер шеберлерінің гала-концерті өзінің өте жоғары деңгейде қойылуымен көрермен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Облыс өнер қайраткерлерінің Алматыдағы өнер күндері бүгін Республика сарайында қанат жайған «Сыр өңірі – түркі өркениетінің алтын бесігі» көрменің ашылуымен басталды.
Мұның соңын ала өнер шеберлерінің «Сұлу Сырдан – ару Алматыға» атты гала концертіне кезек келді.
«Ән-жырдың ту тіккен ордасынан жеткен өнер майталмандары еліміздің басты сахналарының бірінде өтетін концертке тыңғылықты дайындықпен барды», – делінген Қызылорда облысының әкімі баспасөз қызметінің хабарламасында.
Концертті ашып берген ҚР еңбек сіңірген әртісі Ғани Құлжановтың, театр әртісі Нұрдәулет Баймаханның туған жер тақырыбындағы монологы залдағы әрбір адамның кіндік қаны тамған топыраққа деген сағынышын оятқаны ақиқат. Бейнебаян арқылы Сыр бойының тарихы мен бүгіні, Қызылорданың жаңарған келбеті айшықталды. Қасиетті жерден түлеп ұшып, қазақ өнеріне қызмет еткен Темірбек Жүргенов, Роза Бағланова, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қоңырқұлжа Қожықов, Нартай Бекежанов, Сәбира Майқанова, Кеңес Дүйсекеев, Мәдина Ерәлиева, Батырхан Шөкеновтің жарқын бейнелері жұрт жадында жаңғырып өтті.
Өнер кеші «Отан-Ана», «Сыр елім», «Сырдың Қараторғайы» атты ән-әуендерден құралған композициядан керуен тартты. Бұдан әрі Сыр бойы жыраулары дәстүрінен хабар беретін бағдарлама орындалды.
Сыр бойының бойтұмарындай болған жыраулық, жыршылық дәстүрдің ұрпақтан ұрпаққа жеткен асыл мұралары кез келген өнер мерекесінің сән-салтанатын аша түседі. Бүгінгі концертте де дәстүрлі өнер шеберлерінің шеруін күткендер Тұрмағамбеттің «Тәлімін», Нұртуғанның «Жырауларға өсиетін», Нартайдың жыр бастауын, З.Дәулетбаевтың «Сыр сүлейлерін», Сәрсенбай жыраудың термесін Руслан Ахметов, Шолпан Биімбетова, Ақмарал Ноғайбаева, Майра Сәрсенбаева, Серік Жақсығұловтың орындауында тыңдап, бір серпілді. Айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов жырдан маржан шашып, арнау айтты.
Оркестрдің сүйемелдеуімен белгілі күйші композитор Мұрат Сыдықовтың «Батыр баба» күйі, халық әндері орындалды. «Мәңгілік мұра» этномузыкалық композициясы, әлемдік классикалық музыкадан топтама, Алматы туралы әсем әндер шырқалды. Баян, рояльмен орындалған туындылар, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар, симфония оркестрлерінің сүйемелдеуі, «Томирис» би ансамблінің сахнаны көркемдеуі өнер мерекесінің өрнегін әсемдей түсті.
Гала-концерт Қызылорданың тумасы, ақын, композитор Елена Әбдіхалықованың «Қазақ елі» әнімен қорытындыланды.
Алматы аспанын әдемі әндерімен, саф өнерімен тербеген Сыр өнерпаздарына көрермен қауым қошеметін аяған жоқ.
Жиналған жұртшылық сондай-ақ Тұрмағамбет атындағы халық аспаптары оркестрінің дирижері Руслан Балмасовтың, симфониялық оркестрдің дирижері Мүсілім Әмзенің өнерлеріне де ерекше тәнті болды.
Сыр бойы өнер шеберлерінің Республика сарайында өткен тұңғыш концертін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам, өнер қайраткерлері, шығармашылық және зиялы қауым өкілдері, Алатау бөктеріндегі ару қаланың өнерсүйер жұртшылығы тамашалады.
Ал ертең, 22 қыркүйек күні Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның концерттік залында Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі өз көрермендеріне «»Жыр – қазына, күй – күмбез» атты концерттік бағдарламасын ұсынады.