Сұлу Сырдың әуені Алматының аспанында қалықтайды
АЛМАТЫ. 20 қыркүйек. Ертең оңтүстік мегаполис – Алматы қаласында Қызылорда облысының өнер күндері ашылғалы тұр. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Еліміз мәдени астанасының туған күніне орай ұйымдастырылып отырған екі тәуліктік өнер күндері 21 қыркүйекте сағат 17:00-де «Сыр өңірі – түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрменің ашылуымен басталады. Бұдан соң сағат 18:00-де Республика сарайында Қызылорда облысы өнер шеберлерінің «Сұлу Сырдан – ару Алматыға» атты гала концерті болып өтеді.
Ал келесі, 22 қыркүйек күні Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның концерт залында Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі өз көрермендеріне «Жыр – қазына, күй – күмбез» атты концерттік бағдарламасын ұсынады.
Осыған орай Қызылорда облысының әкімдігі Алматы қаласының тұрғындары мен қызылордалық жерлестерді осы іс-шараға белсене қатысуға шақырады.