Нью-Йоркте экс-президент Рузвельттің ескерткіші алынды
НЬЮ-ЙОРК. 21 қаңтар. Нью-Йорк қаласының билігі АҚШ-тың 26-шы президенті Теодор Рузвельттің ескерткішін алып тастауға шешім қабылдады. Бұл туралы CNN хабарлады.
Шешім 2020 жылғы маусым айыында бұрынғы өткен саяси қайраткерлерге арналған ескерткіштермен күрес науқаны кезінде шығарылған болатын.
Теодор Рузвельт (1858-1919) Құрама Штаттарды 1901-1909 жылдары басқарды. Оның 1940 жылдар шамасында Америка жаратылыстану тарихы музейі алдына қойылған ескерткіші 80 жылдан аса уақыт тұрды.
Қола мүсінді демонтаж жасау, яғни бөлшектеп бұзып алу жұмысы сейсенбі күні басталып, бейсенбіде аяқталды. Музей уәкілі осы жұмыс үшін шамамен 2 млн доллар қаржы жұмсалғанын айтты.
Шешім 2020 жылы Миннесота штатындағы Миннеаполис қаласында афроамерикалық Джордж Флойд өлтірілгеннен кейін қабылданды. Сол кезде музей басшылығы қала өкіметіне шығып, осындай ұсыныс білдірді. Ұсыныс бірден қабылданды. Нью-Йорктің бұрынғы мэрі Билл де Блазионың айтуынша, «Американың қара түсті және байырғы жергілікті тұрғындары ескерткіште нәсілдік сипаттары бойынша қаналушы және толыққанды емес жандар кейпінде бейнеленген». Музей уәкілдері АҚШ-тың 26-шы президентін есте сақтап қалу үшін музей залдарының біріне оның аты берілетінін айтты.
CNN түсіндіргендей, ескерткіш біршама уақыт консервацияда тұрады, содан кейін 2026 жылы Солтүстік Дакота штатындағы Медор қаласында ашылатын президент Рузвельт кітапханасына қойылатын болады.
Америка мүсіншісі Джеймс Фрейзер жасаған Рузвельттің қола мүсіні көрермендерге «Музейдегі түн» деген фильм арқылы белгілі.